«Қақпақ» ауылының шұжығы шетелге де шығып жатыр

16.10.2018
Қаралды: 178

«Қарқын-2030» ЖШС – қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын. Мұнда сапалы әрі дәмді шұжық түрлерін өндіреді. 2009-жылдың мамыр айында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауыл округінде өз жұмысын бастаған «Қарқын - 2030» бүгінгі күні өз өнімдерін «Нәрлен» атты тауарлық белгімен шығарады. Әзірге шұжыққа деген сұраныс жоғары. Сол сұранысты қамтамасыз ету, өндірістің қуаттылығын арттыру мақсатында несие алынып, көптеген жұмыстар атқарылды.

 

– 2018-жылдың басында «Халық бан­кінен» «Даму Өндіріс-2» бағдарламасы арқылы 6 пайызбен 220 миллион теңге несие алынды. Оның 180 миллион теңгесі өндірістің қуаттылығын арттыру мақсатында шетелдік компаниялардан заманауи жабдықтарды сатып алуға, ал қалғаны ірі қара мал басын көбейтуге жұмсалды. Қазіргі таңда біздің өнімдер Түркістан облысына, Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына тарайды. Сондай-ақ, Ресейдің Кемер облысына жөнелтіледі, – дейді цех басшысы Нұрғали Әбдібаев.

 

– Қажетті шикізатты қайдан аласыздар?

 

– Шұжық өнімдеріне қажетті ең негізгі шикізат – ірі қара мал етін өзіміздің бордақылау алаңынан, ал қалғанын «Қайып ата» ЖШС-нен аламыз. Құс, тауық етімен «Гауди-08», «Улан-Б» ЖШС-і қамтамасыз етеді. Өнімнің жасанды қабықтарын «Компания НұрАңсар», «Мультивак» ЖШС-нен, ал дәмдеуіштерді «Косспецторг-01» ЖШС-нен аламыз.

 

– Шұжық құрамында не бар?

 

– Біздегі шұжық өнімдерінің құрамы бірінші сұрыпты сіңірі алынған сиыр етінен, тауық еті мен терісінен, соялы ақуыздан, картоп крахмалынан, тұздан, дәмде­уіштерден, натрий нитриті Е-250 бояу бекіткішінен, фиброузды жасанды қабықтан тұрады.

 

– Шұжықтың қанша түрін шығарасыздар?

 

– Бүгінгі күні 60-70 түрлі шұжық өнім­дерін шығарамыз. Олардың ішінде «сосискалар» мен жартылай ысталған шұжық түрлері бар. Барлық өнім «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акци­онерлік қоғамының тексеруінен өткен соң өнімнің сапалы және қауіпсіз екендігі рас­талып, сертификатталған. Сондай-ақ біздің өндіріс орнымыздың малды бауыздауға, ет өңдеуге, халал өнімдерді өндіруге, да­йындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптардың стандартына сай екендігі расталып, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен «Халал Даму» ЖШС тарапынан бізге куәлік берілді. Ал «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығы біздің кәсіпорынның бүкіл жұмысы халал талаптарына сай екен­дігін растады. Сонымен қатар барлық санитарлық нормаға сәйкес, соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен жабдықталған мал етін зерттейтін зертханамыз да жұмыс істейді.

 

– Алға қойған жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз.

 

– Жоспарымыз біреу – болашақта шұжық өндіруден алдыңғы қатардан көрі­ну, көшбасшы атану. Бүгінгі күні сол мақсатта көптеген шаруалар тыңғылықты атқарылып жатыр.

 

...Бұл өндіріс орнының тыныс-тіршілігі туралы коммерциялық директор Данышпан Меденовтің де пікірін білген едік.

 

– Қазақстан бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына көп көңіл бөліп жатыр. Оның үстіне бізде жайылымды жерлер де жетерлік. Сол сияқты ірі қара мал бағу, ет өндіру секілді бағыттарға қатысты мем­ле­кеттік жобалар да көп. Соның бірі – өзіміз қолданған «Даму Өндіріс-2» бағдарламасы. Аталған бағдарлама жүзеге аспағанда өндіріс қуаттылығын арттыра алмай, нәтижесінде сұранысты қанағаттандыра алмаған болар едік. Қазіргі таңда сол өндіріс қуаттылығын арттырған соң компанияда 25-30 жұмыс орны ашылды. Мұнда цех жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Бүгінде біздегі сатылым көрсеткіші өте жақсы. Сол тұрғыдан ал­ғанда оңтүстік өлкесі бойынша алғашқы қатардағы өндіріс орындарының бірі біз шығармыз деп ойлаймын. Сондай-ақ өндіріс орнымыз ауылды жерде орналасқандықтан бізге салық жағынан 70 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл да бір мем­лекеттің үлкен көмегі, – дейді ол.

 

Ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып, халықты дәмді де нәрлі шұжықпен қамтамасыз етіп отырған кәсіп­орынның жұмысына біз де сәттілік тілейміз.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ