Екі торттан басталған кәсіп

12.10.2018
Қаралды: 71

Қазығұрт ауданы, Шарапхана елді мекеніндегі «Әсем-Гауһар» кондитерлік цехы – көптің көңілінен шыққан сауда орны. Нан, тәтті тоқаш, торт, кекс сынды 100-ге жуық тәттілер дайындалатын цех жылына  200 тонна  кондитерлік  өнім шығаруға қауқарлы. Мұнда тұрақты жұмыспен қамтылған 25 жұмысшыға 70 – 80 мың теңге аралығында айлық жалақы төленеді. Шығарылған өнімдер негізінен жергілікті балабақшалар мен мектептерге және сауда орындарына жіберіледі. 

 

«Кондитерлік цех 2004-жылы ашылды. Кішігірім «бутикті» жалға алып, үйден тәтті нан пісіріп әкеліп, сата бастадым. Тұрғындарға ұнаған болуы керек, келе-келе сұраныс артты. Мұны байқаған соң жұмысымды одан әрі жандандыруды көздедім. Әуелі жергілікті келіншектерді жұмыспен қамту ісіне көштім. Өйткені өзім де бірнеше жыл екі қолға бір күрек таппай қиналғандықтан үйде отырған әйел­дерді жақсы түсінемін.

 

Біздегі жұмыспен қамтылған 25 адамның 8-і ер-азаматтар болса, қалғаны – қыз-келіншектер. Оларға кондитерлік өнім­дерді дайындағанда бар ынта-ықыласыңды, махаббатыңды салып істе деп айтып отырамын. Содан шығар, өнімдерімізге ауыл тұрғындарынан ғана емес, аудан орталығынан да жиі сұраныс түсетін болды», – дейді цех басшысы Гүлзия Бейсебаева.

 

Кәсіпкер сауда саласына осыдан 15 жыл бұрын келіпті. Осы саланың маманы атанғалы бірнеше кәсіпорындарда жұмыс істеп, кейін өзі кондитерлік өнімдерді пісіруге шешім қабылдайды. Бұл ой аудандағы базарларда сатылып тұрған кейбір сапасыз тәттілердің дәмін татқаннан кейін келген екен.

 

Тәтті пісірудің маманы бұдан ары қарай жұмыссыз отырғаннан ештеңе шықпасын түсінеді. Таршылықты сылтауратпай, үйден табылған нәрселерден екі дана торт пісіріпті. Сөйтіп базарға апарып тұрғаны сол, бірінен кейін бірі екі адам келіп, қолындағысын сатып алыпты. Бір сәтте өнімінің өтіп кеткеніне риза болған ол екі торттан түскен ақшаға азын-аулақ керек-жарақ алып, бірнеше торт пісіруге кіріскен. Ертеңіне де сол жағдай қайталанып, тіпті арғы күндерге де тапсырыс алып қайтыпты.

 

Осылайша торт сатып алушылардың саны күн санап арта беріпті. Сұраныс көбейген соң  базардан шағын орынды жалға алып, қасына көмекші іздеген. Екі келіншекпен үшеулеп жүріп күніне ондаған тәттілер әзірлеп сатыпты. Тапсырыс берушілер мен сатып алушылар дәмді әзірленген тәттілерге тез үйренісіп, өз таныстарына да жарнама жасап, солайша келушілер қатары арта бастаған. Содан базардағы шағын орын тарлық етіп, кәсіпкер кондитерлік цех ашуды жоспарлап, жергілікті әкімдіктен бос жер сұрап барыпты. Өтініш қабыл алынып, жер алады. Осылай сәтімен басталған кәсібіне береке дарып, Гүлзия апайдың жұмысы дөңгелене берген.

 

Цех басшысы сауда жасауға адам көп шоғырланған орынды таңдап, 2004-жылы кондитерлік цехын ашады. Тұрақты алушыларынан басқа аудан орталығынан да тапсырыс берушілер келіп, адам аяғы үзілмейтін сауда орнына айналғанына іскер әйелдің өзі де таңданыпты. Содан дәмділердің қатарын молайтуды ойлаған Гүлзия Жақсылыққызы ауылдағы жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді жұмысқа шақырып, тәтті пісірудің қыр-сырын үйретуді ойлайды. Көп ұзамай оны да іске асырған.

 

Бүгінде ауызбірлігі жарасқан әріп­тестер «клиенттерін» таңдандыруға барынша күш салып, жұмыс істеп келеді. Күніне тәтті атаулының жүздеген түрін пісіріп, сатып алушыларға жылы қабақ танытып, сыпайылықпен қызмет етіп жатқан «Әсем-Гауһар» дүкеніне жұртшылық дән риза. Бір жылда 200 тоннаға жуық өнімдері ауыл, аудандағы бірқатар дүкендер мен сауда орындарында сатылады. Жергілікті бала-бақшалар мен мектептерге де өткізіп, тапсырыс беру­шілердің көңілін тауып отыр.

 

Айта кетейік, цех басшысы кәсіп бастарда сырттан ешқандай ақша алмаған. Өзінің еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында алдағы уақытта екінші цехты іске қосу жоспарының бар екенін айтады. Алдына ел нарығын толық қамтып, өнімдерін экспортқа шығаруды мақсат етіп қойып отырған кәсіпкер алдағы уақыттарда ауқымды жоспарларды іске асыруды көздейді.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ