Сауранның топырағынан кірпіш шығаратын зауыт

12.10.2018
Қаралды: 92

Түркістандағы индустриалды аймақтың да облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосып жатқан өзіндік үлесі бар. Осында орналасқан темір-бетон бұйымдарын жасайтын зауыт жөнінде біз газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Бұл жолы аталған аумақтағы «Turkіstan trast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  тыныс-тіршілігі туралы айтуды ұйғардық.

 

Бұл жас кәсіпорынның нарықта әрекет етіп келе жатқанына 4 жылға жуықтады. Ол күніне 30 – 35 мың дана кірпіш шығарады. Бір айта кетерлігі – жұмысы маусымға тәуелді. Яғни қара күзден ерте көктемге дейін мұнда кірпіш пісіру тоқталады. Өйткені судың, топырақтың төмен температурада қатып қалатыны бар. Жұмыс олар қатпайтын, балшық болмайтын кездері ғана жүреді. Сондықтан жылдық қуаты шектеулі, 10 миллион данаға дейін кірпіш шығаруға қауқарлы цехы болғанымен әзірге жылына 5 миллион данаға жуық кірпіш шығарады.

 

Күн райының суытуына байланысты онда кешегі 1-қарашадан бастап кірпіш құю тоқтады. Дегенмен зауыттың басқа шаруалары жүріп жатыр. Онымен қоса кәсіпорынға жөндеу жүргізілмек. Ол көктемге қарай кірпіш құюға дайын болуы тиіс. Серіктестіктің жауапты директоры Мұрат Байболовтың айтуынша, кір­пішке тапсырыс қазірден көп. Зауыт осы­ған дейін жеке тапсырыс беру­шілердің сұранысын қанағаттандырып келсе, алдағы уақытта бірінші кезекте  көпқабатты үй тұрғызатын кәсіп­орын­дардың қажеттілігін өтейтін болады.

 

«Turkіstan trast» серіктестігі кірпішке қажетті шикізатты қаладан 45 шақырым қашықтағы «Ескі Сауран» елді мекені аумағынан алады екен. Демек, өнімінің сапасы жоғары. Технологияны дұрыс қолданып, иін қандырса, жетіп жатыр. (Бұл жердің топырағынан кезінде Түркіс­тандағы «Әзірет Сұлтан» кесенесінің құрылысына қажетті кірпіш құйылған деген сөз бар. Ал аталған кесененің ХІV ғасырда салынғанын ескерсек, оған жұмсалған материалдың қаншалықты берік екенін оның қазіргі тұрпатына қарап-ақ түсіне беруге болады).

 

Түркістан зауытында кірпіш көмірдің күшімен пісіріледі. Ол үшін бір маусымда 60 – 70 вагон көмір жағылады екен. Әрине, өз кезегінде ол кірпіштің өзіндік құнына әсер етеді. Кірпіш сатудан түскен табыстың 60 – 70 пайызы ұсақ-түйек шығындар мен жұмысшылардың айлық жалақысына жұмсалады.

 

Негізінен ол орналасқан индустриалды аймаққа газ құбырлары тартылып, жеткізіліп қойған. Егер тиімділік болса, келешекте кірпіш пісіруге газ қолданылуы да мүмкін.

 

Зауыт басшыларының айтуынша, онда жұмысшыларға қажетті жағдайдың барлығы да жасалған. Айлық жалақы мөлшері – 150 мың теңге шамасында. Қажет еткендерге жатақхана беріледі, зауыттың өзінің асханасы, моншасы жұмыс істейді. Дегенмен керек кезінде тұрақты жұмысқа адам таппай қиналатын кездері де болады екен.

 

«Turkіstan trast» серіктестігінің топырақ алатын өз карьері, сондай-ақ тас уататын зауыты (Шорнақта) бар. Яғни суық маусымға байланысты кірпіш пісіру уақытша тоқтағанымен басқа жұмыстары жүріп жатады. Құрылыс материалдарын шығаратындарға топырақ, жуылған құм, тас, уатылған тас беріп, қажет еткендерді құрылысқа керекті материалдармен қамти алады.

 

Бүгінде серіктестік өзінің жұмыс ау­қымын кеңейтпек ниетте. Әзірге шлакоблок шығаруда. Қажетті материалдар өзінде жеткілікті болғандықтан келешекте темір-бетон заттарын да өзінен шығармақ ойы бар.

 

Бұл зауыттың өнімдері алдағы жылы қалада бой көтереді деп жоспарланып отырған көпқабатты үйлердің құрылысына жұмсалатын болады. Демек, оның өніміне сұраныс артып, жұмысы қарқын ала түспек. Бүгінде зауыт соған дайындалып жатыр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ