Шұбар өнімдері де шетелге шығарылуда

15.10.2018
Қаралды: 233

Кептірілген жемістер мен көкөністер тамақ өнеркәсібінде кең қолданысқа ие. Сондай-ақ олар жақсы сақталады және көп орынды қажет етпейді. Мұндай азық-түлік түрі мезгіларалық жеміс тапшылығы кезінде халықты жеміс-жидек өнімдерімен үздіксіз және уақтылы қамтамасыз етуде қолайлы.

 

Сонымен қатар адам ағзасы үшін кептірілген жемістің орасан зор пайдасы жөнінде де айта кеткен жөн болар. «Мұндай жемістердің құрамында май болмайды, олар – сусыз. Кептіру кезінде пайдалы заттардың жартысы жоғалғанымен, натрий, магний, калий, кальций, темір секілді микроэлементтер сақталады. Ондағы пайдалы элементтер қан қысымын қалыпқа келтіріп, шаштың түсуін тоқтатады. Жүрек жұмысын жақсартып, жүйкені тыныштандырады және гемоглобинді бір қалыпта ұстап, барлық жасушаларды оттегімен қорек­тендіреді. Соған қоса асқазан және ішек жұмыстарын бір қалыпқа кел­тіреді», – деп жазады «Массагет» сайтында.

 

Бұл тұрғыда осындай пайдалы өнімдерді өндірумен айналысатын Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында орналасқан «Ордабасы Агропромтехника» ЖШС-нің жұмысы туралы айтсақ дейміз. Аталған өндіріс орнының бүгінгі атқарып жатқан шаруасы жайында сол серіктестіктің құрылтайшысы Бекзат Жұмабековпен әңгіме­лескен едік.  

  

«Біздің шығаратын өнімдер не­гізінен паприканың, алманың, өріктің, пияздың, саңырауқұлақтың, итмұрынның, долананың кептірілген түрі, – дейді шаруашылық басшысы. – Шикізатты жергілікті шаруа қожалықтары дайындап береді. Олармен арнайы келісім-шарттар түзілген. Қазіргі күні жиырма шақты шаруа қожалығымен жұмыс істейміз. Жыл сайын алдын-ала тапсырыс беріп, қажетті шикізатты дайындатамыз. Өндіріс көлемі тапсырысқа қарай әртүрлі, бірақ жылдық нормамыз 100 тоннадан кем емес.

 

Өнім толық дайын болуы үшін бір апта немесе он күн, кейде тіпті бір ай уақыт мерзімі жұмсалады. Тауарды салмағы мен санын санап, бал­ғын күйінде қабылдап алған соң бірден сапасын тексеру мақсатында өзіміздің зертханамызға жібереміз. Одан соң оны жуу, тазалау жұмыстары жүргізіледі. Кейін жеміс түрлеріне қарай кесу немесе төртбұрыштап турау үшін арнайы станоктарға салынады. Одан кептіргіш аппараттарға жөнелтіліп, дайын өнімді арнайы қаптамаларға саламыз да, сатуға қоямыз. Бүгінгі күні біз негізгі шикізат ретінде пайдаланып отырған алма, өрік, болгар бұрышы, долана, итмұрыннан басқа да барлық жеміс-жидектер мен өсімдік түрлерін кептіруге толық мүмкіншілігіміз бар.   

 

Осы кәсібімізді бастау үшін 2016-жылы «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан мемлекеттік бағдарлама бойынша 7 жылға 7 пайызбен несие алғанбыз. Мұндай бағдарламалардың артықшылығы – пайыздық үстемесі төмен. Оның үстіне бізге берілген бір жылдық демалысы, яғни төлемді бір жыл өткізіп барып төлеу мүмкіншілігі бар. Банктер қажетті қаржыны 15 пайызбен беретін болса, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы бізге 7 пайызбен беріп отыр. Бұл кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы. Осындай жеңілдетілген несиелер жұмысқа деген құлшынысты арттырып қана қоймай, көп адамды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бізде 40 шақты адам жұмыс істейді. Орташа жалақылары 60 – 100 мың теңге арасында.

 

Бүгінгі таңда өнімдеріміздің небәрі 5 пайызы ғана Қазақстан ішінде сатылады. Қалғаны Қытай, Украина, Ресей, Үндістан елдеріне экспортқа шығарылады. Елімізде біздің тауарға деген сұраныс бар, бірақ өте төмен. Біз кәсібімізді басында экспортқа жұмыс істеуге дайындалып бастағанбыз, Қазақстан бойынша үлесіміз бес пайызды құрап отырғаны да сондықтан. 

 

Болашақта сублимациялық, яғни бірден мұздатып, кептіру әдісін ет өнімдеріне де пайдалансақ дейміз. Мұның артықшылығы – еттің құрамы толықтай сақталады және оның сақтау мерзімі де ұзарады. Мұндай әдіспен кептірілген ет аздаған су қосыл­ған соң қайта қалпына келе алады. Әзірге жоспарларымыз осындай, жұмысымыз жақсы жүріп жатса, болашақта оны да жүзеге асырамыз».

 

...Бір өнім түрін алу үшін қыруар еңбекті қажет ететін мұндай өндіріс кез келгенге қол емес. Десек те сол саланың басы-қасында жүріп, жемісін көріп жатқан Бекзат мырза секілді кәсіпкерлер саны арта берсе, біз үшін ешқашан көптік етпейтіні ақиқат.  

 

И. МАҚПАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ