Шымкенттің әкіміне айтарым бар

10.10.2018
Қаралды: 158

Жуырда болған «Нұр Отан» партиясы филиалының кезекті жиынында бұл нысан  бізге қажет пе деп Шымкенттегі балалар темір жолы туралы ой біл­діріліпті. Осыған орай мен қала тұрғыны және жанашыры ретінде өз ой-пікірімді, ұсынысымды газет бетіне жариялауды жөн көрдім.

 

Тарихы терең Шымкент бүгінде еліміздің үшінші ірі қаласы болып тұр. Қала қашанда қонақжайлығымен, әсем орындарымен келушілердің назарын өзіне аударған. Кезінде Шымкент облысын көптеген азаматтар бас­қарып, өз үлестерін қосып кеткен. Қала әсіресе облысты білікті, іскер басшы, мемлекет және қоғам қайреткері Асанбай Асқаров басқарған жылдары көркейіп, көріктене түсті. Қарапайым халықтың игілігі үшін, ұлт келешегі жолында Асқаровтың атқарған тірліктері өте көп. Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған дәуі­рінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын абыроймен басқарған Асқаров артында өшпес мұра қалдырып кетті.

 

Мысалы, өткен ғасырдың 1980-жылдары бір Шымкентті алайық. Сол тұста қалада жылу энергия орталығы салынды. Бұл мекеме әлі күнге дейін істеп тұр. Бұдан бөлек, адам қарасы үзілмейтін дендросаябақ, зообақ, ипподром, «Тұлпар» демалыс аймағы, Балалар темір жолы салынды. Балалар темір жолы барша шымкенттік  ата-аналарды, әсіресе жасөспірімдерді зор қуанышқа бөледі. Бұл сол жылдарғы балалар үшін мәңгі естен кетпес алтын дәуір десе болады. Шағын пойыз­ға ата-анасымен мінген жас бүлдіршін соңғы аялдамаға жеткенше жол-жөнекей солар үшін жасалған қызықты көптеген көріністерді тамашалайтын. Таңырқайтын, демалатын.

 

Ал қазір ше? Өкінішке орай, көптеген негізсіз желеу сылтаулармен балалар темір жолы көптен бері істемей тұр. Мен бұл жағдайды Асқаровқа жасалған тағы бір қиянат деп түсінемін. Кейінгі кездегі әкім-қаралардың өз пайдасы үшін жіберген кейбір кешірімсіз кемшіліктерінің арқасында қаладағы атқамінер байбатшалар сол темір жолды жағалап бірімен-бірі жарыса зәулім үйлер салып тастаған.

 

Мен балалар темір жолы қайта іске қосылсын деп барша шымкенттіктерге үндеу жария­лаймын. Оның орнына ешқандай құрылыс салынбасын! Қалада балалар үшін айтарлықтай бұдан басқа қызықты орын жоқ.

 

Мен бұл үндеуімді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа да арнаймын.

 

Құрметті әкім мырза! Осы балалар темір жолын қайта жандандырсаңыз, қала үшін үлкен сауап іс атқарған болар едіңіз. Сіз еліміздің болашағы үшін артыңыздан өшпес із қалдырған болар едіңіз. Осыны көрген ұрпақ-келешекте осындай тарихи мұраларды қас­терлейді, жалғастырады. Өз қаласының нағыз патриоты бола алады.

 

Қысқасы, балалар темір жолы қайта іске қосылсын. Пойыздың жүруіне кедергі болатын аймақтар, үйлердің алды қоршалуы тиіс.

 

Қазіргі таңда Балалар темір жолы, ден­дросаябақ, зообақ, «Тұлпар» демалыс аймағы, ипподром – осылардың барлығы Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан. Осыған байланысты Бәйдібек би даңғылына Асанбай Асқаровтың аты берілсе екен. Ал Бәйдібек би бабамыздың аты  өзіне тұрғызылған ескерткішінен бастап, сонау Бәйдібек би ауылына дейін берілсе де болар еді.

 

Қ. УМАРОВ,

Шымкент политехникалық 

колледжінің мұғалімі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ