Шымкентте Билер кеңесі құрылуы мүмкін

14.10.2018
Қаралды: 219

Кешегі сәрсенбіде Шымкентте қалалық сот төрағасы Ербол Рахымбековтің ардагерлер кеңесі төрағаларымен, зиялы қауым өкілдерімен және доғарыстағы судьялармен арнайы кездесуі болып өтті. Кездесу кезінде Ербол Мұқажанұлы қала тұрғындарының өзара дауларды шешетін соттан бөлек баламалы алаңдары болуы керектігін айтып өтті. Ал бұл істе ардагерлердің, зиялы қауымның  қолдауы маңызды. Сондықтан қалалық сот жанынан беделді ардагерлер мен зия­лы қауым өкілдерінен тұратын Билер кеңесін құру ойда бар екен. Сот төрағасы сондай-ақ қала әкімдігімен бірлесіп, Татуласу орталығын ашу жоспарлануда екенін де жеткізді.

 

Билер кеңесінің дау-дамайлар көрсеткішін төмендететін бірден-бір жол болатынын «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» жобасы жө­нінде таныстырған Шымкент қаласы бо­йынша соттар әкімшісі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Байтілесов те айтып өтті. Жалпы, Шымкентте дауласушы тараптарды сотқа дейін, сотта татуластыру бойынша атқарылып жатқан істер бар екен. Дегенмен олар аз. Мысалы, биылғы жылдың 10 айында көршілердің арасында жер мәселесіне қатысты 181 талап арыз түссе, соның 18-і ғана бітімгершілікпен шешіліпті. Ал ажырасу және дүние-мүлікті бөлу бойынша 2756 талап арыз түскен, соның 232-сінде ғана дауласушылар медиация тәртібімен келісімге келген екен.

 

...Жалпы, жиында осындай дау-дамайларды шешуде Билер кеңесі мен Татуластыру орталығының ролі аз болмайтыны жөнінде айтылды. Ардагерлер аталған бастамаларды бір ауыздан қолдайтындарын білдірді.

 

«Шалатай Мырзахметов ағамыз: «Түрме ешкімді де тәрбиелемейді», – деп, ұсақ қылмыс жасаған, абайсызда заң бұзған адамдардың арасында өзара келісім, бітім болғаны дұрыс екенін жеткізді. Ал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай ағамызды некенің бұзылу жағдайлары көбейгені бұрыннан толғандырып жүр екен, ол кісі: «Жұбайларды ажырасу дегенге жібермеу керек. Мен оған қарсымын», – дей келе бұған қатысты өз ұстанымдарын білдірді.

 

Жалпы, татулық, ел бірлігі үшін Билер кеңесінің атқарар ролі зор болмақ. Сондықтан да ардагерлер оны құруға қатысты өз­дерінің ойлары мен ұсыныстарын ай соңына дейін дайындайтын болып шешті», – дейді бұл жөнінде Шымкент қалалық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби.

 

Қысқасы, енді көп ұзамай Шымкентте Билер кеңесі жұмыс істей бастауы әбден мүмкін. Жұртқа берері болса, мұндай бастаманы расында да қолдау керек шығар.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ