Алшалыда айрықша бір апай бар

09.10.2018
Қаралды: 107

Төлеби ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік  нысандар саны 8065 бірлікті құрап, 2017-жылдың тиісті кезе­ңіндегі көрсеткіштен 11,1 пайызға көбейді. Кәсіп­керлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны кешегі 1-қыркүйекке дейін 15 мың 944 адамды құрады. Ал жыл басынан бері ауданда 1283 жаңа жұмыс орны ашылған екен. 

 

Бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер отбасының ырыс-берекесін сақтаумен қатар, кәсіп ашып, оны кеңейтіп отырғанына көңіл қуанады. Әр ісін тыңғылықты жүргізетін осындай «бизнесвумендер» қатары да күннен күнге артып келеді. Солардың бірі – Төлеби ауданы, Қоғалы ауыл округі, Алшалы ауылынан ашылған, сүт өндірумен айналысатын «Перизат» фермерлік шаруа қожалығының басшысы Перизат Оразбаева. Өзі зейнет жасында болса да мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған жайы бар.

 

Істі 1 ғана сиырмен бастаған кәсіпкер мал басын көбейтіп, сүт өндіруді шындап ойланады. Сөйтіп тағы да 5 асыл тұқымды сиыр сатып алады. Көп ұзамай ол кісі «Ырыс» микронесиелік ұйымынан  несие алып, ол ақшаға тағы да мал басын арттырады. Бүгінде 100-ден аса ірі қарасы бар, оның төртеуі – бұқа. Сүт және ет сату бағытында жұмыс бастаған шаруа иесі жұмысын жандандыра түсуде. Бірнеше жыл бұрын «ФудМас­термен» келісім-шартқа отырыпты.

 

«ФудМастер» біздің үйдің ауласына 1 тонна 200 литрлік тоңазытқыш қойды. Белгілі ғой, оны толтыру керек. Сиырлар суалғанда сүт аз болып қалады. Мұндайда жұмыс баяулап қалады емес пе? Содан бір күні ауыл тұрғындарының сүтін неге қа­был­дамасқа деген ой келді. Сөйттім де, «Сүт қабылдаймын» деген хабарландыру іліп қойдым. Жұмысымыздың жолға қойылуына осының да үлесі болды.

 

Шаруа қожалығында тағы 100-ге жуық қой бар. Енді қораны үлкейтіп, 10 сауынды бие алдырып, алдағы уақытта  саумал ішіп, демалатын орын ашуды мақсат етіп отырмын», – дейді Перизат Әуелбекқызы.

 

Шаруашылықтағы 2,5 гектар жерде  бау да өсірілуде. Жаңғақ, алма, беке, алхоры дейсіз бе – бәрі табылады.  Кәсіпкер жергілікті 10 тұрғынды жұмыспен қамтып, әрқайсысына 60 мың теңгеден айлық жалақы төлейді. Ер-азаматтан кем емес тірлік жасап жатқан Перизат ханым сонымен қатар өзіне сүт әкеліп өткізетін ауылдағы 40 отбасыға да тұрақты табыс көзін кір­гізіп отыр.

 

Міне, бейнетінің зейнетін көрді деп Перизат Оразбаеваны айтуға әбден болады емес пе?!

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ