Түркиядағы фестивальға қатысып қайттық

09.10.2018
Қаралды: 60

Түркиялық әдебиетші, ғалым Севил Караман Қазақстанға биылғы тамыз айында арнайы келіп, қазақ әдебиетімен, ақын-жазушылардың шығармаларымен танысқан екен. Осы сапарында Шымкент педагогикалық институтында болыпты. Оңтүстіктегі ақын-жазушылардың шығармаларын сұрастырып жүріп, Алтынай Кенжемұратқызымен танысып,  сұхбат құрыпты.

 

Алтынай Кенжемұратқызының ұсынысымен Севил Караман бірнеше ақын-жазушылардың өмірбаян­да­рымен және де шығармаларымен танысады. Сосын Түркияның Самсун және Бавра қалаларында 4 – 7-қазан аралығында өтетін белгілі ақын-сазгер Нейзан Тейфук Колайлыны еске алу мақсатында ұйымдастырылып отырған «Шайырлар және әде­биет­шілер» халықаралық  фестива­ліне болашақ қатынасушылардың тізімін жіберіпті. Арада көп ұзамай фести­вальдің ұйымдастыру алқасынан маған да хат келді. Содан сапарға шығуға дайындық жасай бастадым. Алматыдағы Ұлттық академиялық кітапханаға барып, түрік ақындары туындыларының қазақша аудармаларын тауып алып,  шамамның келгенінше сараптама жасап, өз ой-пікірімді жаздым, өлең арнадым.

 

Түркияға «Шымкент – Стамбұл» бағытындағы ұшақпен бес жарым сағатта жеттік. Стамбұлдағы «Ататүрік» әуе­жайынан Самсун қаласына ұштық. Самсун Қара теңіздің оңтүстік  жағалауында орналасқан екен, Стамбұлмен ара қашықтығы – 648 шақырым. Оған 1 сағат 15 минутта жеттік. Тау бөктерінде орналасқан қала, ұзындығы 25 – 30 шақырымға созылып жатыр. Айналасы көк майса, орман. Қаланың тап-таза көшелерінде көпқабатты үйлер, сәнді сарайлар мен түрлі ғимараттар тау бөктерлеріне өрмелете қаз-қатар, жинақы салын­ған.

 

Одан кейін Самсуннан 70 шақырым жердегі Бавра қаласына бардық. Таулардың ортасындағы, түрік елінің қорғаны, қақпасы болған тарихи, көне шаһар. Қара теңіздің жағалауында.

 

Фестиваль Бавра қаласымен, тарихымен, мұражайларымен және қаланың басшыларымен танысудан басталды. Ал 7-қазан күні – үлкен кездесулер мен қоштасудың ұмытылмас күн­дері болды. Сол күннің бірінші жартысында Самсун шаһарын аралап кө­ріп, тамашаладық. Мұражайларды аралап, Түркия елінің, Самсун қаласының тарихымен, белгілі тұлғаларымен таныстық, көрген жәдігерле­рі­мізден мол ғибрат алдық. Күннің екінші жартысында ғылыми-ағарту конференциясына қатыстық. Түрік елі тарихшыларының, ғалым-ағартушыларының, ақын-жазушыларының баяндамаларын тыңдадық. Туысқан 7 елден келген ақын-жазушылар түрік хал­қының шайырлары туралы, өз елде­рінің ақындары мен өздерінің туындылары жайлы айтып, өлеңдерін оқыды. Мен де өз халқымның тарихын айтып бердім, ақын-жырауларымыздың жырларынан, батырлар дастандарынан үзінділер оқы­дым.

 

Колайлы ақын атындағы халық­аралық фес­тивальдің ғылыми-ағарту конференциясына ең жас қатынасушы түрік ақыны Мұстафа Санлиға тілек­тестікпен түркістандық қолөнер шебері жасаған, өрік ағашынан сапталған қамшыны сыйға ұсындық. Түрік еліне және Халықаралық фестивальге қатынасушыларға жарқын да бейбіт өмір тілеп, бір-бірімізбен қимастықпен қоштастық. 

 

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ