Сүт, сүзбе, қаймақ, айран...

09.10.2018
Қаралды: 134

Бүгінде Кентау қаласының тұрғындары мен балабақшалары жергілікті сүт өнімдерін пайдалана алады. Бұған жас кәсіпкер Ахмет Өтебаевтың «Жеті жарғы» цехын іске қосуы арқасында қол жетіп отыр.

 

2015-жылы жұмысын бастаған «Же­ті жарғы» цехы мемлекет қолдауының арқасында аяғына нық тұрған. Атал­ған жылы ол «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 25  миллион теңге несие алады. Сөйтіп, берілген қаржыға Ресейден және Қытайдан сүтті пастерлейтін, сепаратордан өткізетін, майлылығын алатын, айранға жіберетін, қаптамаларына құятын және қаптайтын түрлі құрал-жабдықтар әкеліп, өз жұмысын бастайды.

 

2017-жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» тағы да 28 миллион теңге алып, «Жеті жарғы» жеке кәсіпкерлігі «Ес-Мария» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне айналады. Қазіргі таңда мұнда 60-қа жуық сауын сиыры, 20 кооператив мүшесі бар. Одан бөлек, 12 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ цех күніне 2-3 тоннаға дейін сүт қабылдап, одан сүт, сүзбе, қаймақ, айран, ірімшік секілді ағарғанның тоғыз түрі өндіріледі. Жас кәсіпкер болашақта бұл көрсеткішті 10 тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

 

Кентау қаласының брендіне айналып отырған өнімдер ешбір қоспасыз, таза, табиғи күйінде шығарылады. Сондықтан да қала тұрғындары тарапынан сұраныс жоғары. Аталған сүт өнімдері тек Кентауды ғана қамтып қоймайды, сондай-ақ Түркістан, Қызыл­орда, Астана өңірлеріне де таралады.

 

«Басында біз туралы ешкім біле бермейтін. Қазір, міне, кәсіп бастаған үш жыл ішінде сұраныс та жоғары. Әсіресе Кентау, Түркістан, Жаңақор­ған жақтардан тапсырыс өте көп. Бүгінгі күні қаламыздағы 17-18 балабақшаның 10-ын сүтпен қамтамасыз етіп отырмыз. Әрине, қиындығымыз да жоқ емес. Негізгі шикізат көзі болып табылатын сүттің мөлшері жыл он екі ай бойы бір қалыпта тұрмайды. Тамыз, қыр­күйек, қазан айларында азайып қалатыны бар. Ол кезде сұраныс тіпті үдемелеп кетеді.

 

Кәсіптің түп негізін әкем бастаған болатын. Басында  50, 100, одан соң 200 литрге дейін өзіміз сүт жинадық. Бұл бізде отбасылық бизнес болды. Кейін цех салуды мақсат тұттық. Бір кісінің ескі құрал-жабдықтары бар екен, біз соны сатып алып, ісімізді бастап кеттік. Одан кейін мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар шықты. Елбасының бастамасы, мемлекеттің қолдауы осы салада жұмыс істеуге негіз болды», – дейді жас кәсіпкердің өзі.

 

Кентаулық балабақшалар мен тұрғындарды толықтай қамтып отыр­ған бұл цехқа келетін сүт өнімдері жіті тексерістен өткізіледі екен.

 

«Біз сүтті фермерлерден аламыз, – дейді Ахмет бұған қатысты. – Олар сиырларына жыл сайын бруцеллез, мастит секілді ауруларға қарсы екпе егіп, құлағына сырға салып отырады. Фермерлер сүттің тазалығы, сиырдың ауру еместігі жайлы анықтаманы ветеринариядан 7-10 күн сайын алады. Одан кейін санэпидемстанция тарапынан да тексеріліп, талдау жасалып, қағаз жүзінде бекітіледі. Дайын өнім­дерге тағы да зертханалық талдау жасалады, майлылығы, қышқылдығы, жарамдылығы тексеріліп отырады.

 

Құжат және тазалық жағынан цехымыздың деңгейіне сай келетіні жоқ деп мақтанып айта аламын. Себебі мұнда ол жағы қатаң қадағаланады. Бізде бәрі талапқа сай».

 

Біз А.Өтебаевтан алға қойған жоспарлары жөнінде де сұрадық.

 

«Қазіргі таңда күнделікті қабылдайтын сүт мөлшерін 10 тоннаға дейін өсіру, сиырларды асыл тұқымдысына айырбастау, мал басын 500-ге дейін көбейту деген секілді жоспарларымыз жетерлік. Сонымен қатар, құрал-жабдықтарымызды жаңартсақ дейміз, өндіретін өнім түрлерін, яғни ассор­тименті көбейтсек деген ой бар. Мысалы, ірімшіктің қаттысын, жұмсағын деген секілді түр-түрін өндірсек деген де мақсат бар. Келешекте бәрі өз ретімен бола береді, тек тоқтамай еңбектенсек жетіп жатыр», – дейді ол.

 

Елдің аузын аққа кенелтіп отыр­ған жас кәсіпкер Ахмет Өтебаев осылай дейді. Оның атқарып жатқан істерінің пайдасы тек өзіне ғана емес, жұршылыққа да тиіп жатыр. Лайым ісі оң, ағарғаны мол болсын! 

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ