9 перзентімен бірге өз кәсіптерін дөңгелентіп отыр

09.10.2018
Қаралды: 85

«Түлкібас» станциясында Әжібай Сабуров есімді зейнеткер тұрады. Жасы 70-тен асып кетсе де бақуат, жүрісі ширақ. Қашан көрсең де әлдебір жұмыспен қауырт жүргенін байқайсың. Таяуда біз бұл кісімен жолығысып қалдық. Оның  аудандағы кәсіпкерлердің  кезекті жиналысына келген беті екен. Мен ол кісінің хал-жайын, отбасының амандығын сұрадым.

 

«Бүгін – сенбі, демалыс күні ғой. Егер менің жағдайымды шын білгің келсе, онда  үйге жүр. Көлікпен өзім апарып, қайта әкеліп тастаймын», – деді. Мен бұған қуана келістім. Ол кісі Түлкібасқа жеткенше өз өмір жолы жайлы айтып берді.

 

1949-жылы Қарақалпақстанда дүние­ге келген ол кісінің жастық шағы тым ауыр болыпты. Әке-шешеден ерте айырылған оны ағайындары жетім балалар үйіне тапсырыпты. Құжаттары тура болмай, мектеп есігін кешірек ашқан қаршадай бала өзінің зеректігінің арқасында сабақты жақсы оқыпты. Қатарларының алды болып, жоғары оқу орнына түсіп, заңгер-экономист мамандығын алып шығады. Ұзақ жылдар Қарақалпақстан республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жоспарлау басқармасында қызмет атқарыпты. Кеңес Одағы ыдыраған соң Түлкібасқа қоныс аударған екен.

 

Сол кездегі аудан әкімі Асқар Бейсенбаев бұл кісілерге түсіністікпен қарап, шаруашылығын дамыту үшін жер беріп, диқаншылықпен айналысуына бар жағдайды жасапты. Осылайша жер алып, көкөніс өсірумен айналысып келген Сабуровтар отбасы соңғы жылдары өз алдына «Мирош» өндірістік кооперативін ашып, түпкілікті мал шаруашылығымен  шұғылданып келеді екен.

 

«Біздің кооперативтің бүгінде 54-мүшесі бар. Оның 18-і қазіргі таңда осы салаға беріліп жатқан жеңілдетілген несиені алып, мал бордақылаумен айналысып келеді. Бүгінде шаруашылықта 40-тан астам қара мал бар. Оның  30-ы сауылады. Оларды келіндерім, балаларым, немерелерім бар – бәріміз жабыла сауып, көрші Азаттық ауылындағы сүт, май, қаймақ өндіретін зауытқа тапсырып тұрамыз.

 

Сиырдан бөлек, 28 бас жылқы да біздің қолымызда. Көктемде олардың саны 60 шақты болатын. Біз бұл етті мол беретін жылқыларды 1 – 1,5 жылдық кезінен Ресейден сатып әкеліп, бордақыға байлап, семірген соң ет қабылдайтын арнайы орынға өткіземіз», – дейді ол кісі.

 

Әңгімемен оның үйіне де жеттік. Еңселі үлкен үйдің айналасы түрлі қора-жайларға толы екен. Мұнда бордақыланатын жылқылар, сауылатын сиырлар, асыл тұқымды бұқалар бөлек-бөлек жайғасыпты. Біз барғанда ағамыздың кішкене немересі, 6-сынып оқушысы Нұрқанат екі жылдық «Герефорд», «Ангус» тұқымды, мүйізі жоқ, ірі денелі бұқаларға шөп салып жүр екен. «Бұлар – асыл тұқымды бұқалар. Қолдағы сауын сиырларды осы бұқаларға қашыртып, тұрқы ірі бұзау­ларын алып жүрміз», – деді Әжекең біздің бұқаларға қызыға қарап тұрғанымызды байқап.

 

Біз барғанда ағамыздың қолдағы келіні Алтынай Тұрымбетова сиыр  саууды енді бастаған екен. Сиыр сауатын жерді де көр­дік. Сенбі, жексенбі күндері Әжібай ағамыздың  өзге ұлдары мен келіндері келіп, қолғабыс жасап, жұмыстарын жеңілдетіп кететінін біл­дік.

 

«Шынын айтқанда, осыншама малға қарау оңай емес. Біздің жұмыс таң­ертеңгі сағат 5-те басталып, түннің бір уағына дейін жал­ғасады. Қолдағы малға күнделікті жем-шөбін, суын беріп, астын тазалап тұруға көп уақыт кетеді. Сондықтан бізде уақыт тапшы. Малды тастап ешқайда да кете алмаймыз. Тіпті қартаюға да уақыт жоқ.

 

Бірақ Алланың берген 9 перзентіне ризамын, бұл іске мен басшылық жасағаныммен бар жұмыс солардың мойнында. Одан кейін атқарған ісіме ылғи қолдау білдіріп, кәсіпкерлік саласында бар жағдайды жасап келе жатқан Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековке, Түлкібас поселкелік округінің әкімі Ба­уыржан Ахметовке де шексіз ризамын. Осы азаматтардың қамқорлығының ар­қасында келесі жылы 3 гектардай жер алып, мал сою цехын ашуды да жоспарлап отырмыз. Ол мал сою цехы, Құдай қаласа, қазіргі заманауи технологиялық талапқа толық жауап беретін болады. Бұл әрі мал бордақылаумен айналысатын жергілікті азаматтарға да тиімді болары сөзсіз».

 

Міне, түлкібастық шаруаның хал-жағдайы осындай екен. Әжекеңнің 9 перзентті дүниеге әкелген өмірлік серігі Маруся Жолдасбаева кезінде 28 жыл мұғалім болған екен. Шаруашылықтағы жұмыстардың қарқынды жүруіне ол кісінің де қосып жатқан қомақты үлесі бар. Бұл берекелі әулеттің ісі көпке үлгі. 

                                                            

О. КӨМЕКОВ.

Түлкібас  ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ