Жылына 2 мыңдай киіз шығарады

08.10.2018
Қаралды: 39

Киіз басу – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Бүгінде киізге деген сұраныстың төмендігінен бұл іс ұмыт болды деп айтсақ, артық болмас. Дегенмен сол дәстүрді ежелгідей әжелеріміздің қолымен болмаса да техниканың көмегімен ұмыт қалдырмай отырған кәсіпкер Төлбасы Бектасов ағамыз Шардара қаласында тұрады. Ол кісі киіз өндіру ісін осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алған.

 

 

2000-жылдардың басында Төлбасы аға жұмыс барысымен Семей қаласына барып, киіз фабрикасына жүн өткізген екен. Сол кезден  бұл кәсіпке деген қызығушылығы арта бастайды. Нә­тижесінде кезінде іске қосылмай тұрған ескілеу станоктарды 3 миллион теңгеге сатып алып, іске қосады. Ол да оңайға түскен жоқ. Шашылған станоктарды құрайтын адам табылмай, үш жыл іске аспай жатады. Десе де бастаған ісін аяқсыз қалдырмауды мақсат тұтқан ол техниканың тілін білетін адам тауып, станоктарды жұмыс істетеді. Қазіргі таңда «Оңтүстік киіз» ЖШС-і жылына 1500 – 2000-дай киіз шығарады. 2006-жылы облыс әкімінің қатысуымен лентасы қиылған бұл шағын цехта 5 адам жұмыспен қамтылған. 

 

– Жүнді қайдан аласыздар?

 

  – Жүнді шопандардан, шаруа қожалықтарынан килосын 45 теңгеден жинап аламыз. Біздің ауылда 150 мыңдай қой бар. Әрқайсысы 1 – 1,5 килограмм жүн береді десек, 150-250 тоннадай жүн беретін жағдайы бар. Соның 25-30 тоннасын жинап аламын. Сол бір жылға жетеді.

 

Дегенмен қазіргі уақытта жүн бұрынғыдай емес, тапшы шикізаттың біріне айнала бастады. Бұрын жүнді өткізе алмай жүргендер көп болатын. Қазір ондайлар жоқ. Ал ақ жүн тіпті жоқтың қасы. Бұл біздер үшін мәселеге айналып келеді. Ауылдағы жүннің барлығы жарамды бола бермейді. Себебі ішінде тікені болады. Станоктың жұмысына кедергі болмас үшін таза жүнмен жұмыс істегенді жөн көреміз. Біз жылына 6-7 ай ғана жұмыс істейміз. Қалған уақыттарда цех жабық тұрады. Қарашадан бастап жұмысты тоқтатамыз, себебі ылғалды ауа райында жиналған жүн ыл­ғалды өзіне тартып, станокқа жүрмей қалады. Ал станок бұзылса, оның бөлшегін табу қиынға соғады.

 

– Киіз жасау процесі қалай жүзеге асады?

 

– Алдымен жүн «Рвач» станогына түседі. Ол жерде оны қағып-сілкіп, жұмсартып, ішіндегі қоқыстардан тазалайды. Одан жүн тарайтын машинаға келеді. Кейіннен жүн түтіліп, мата секілді рулонға оралады. Содан соң оны кесіп алып, пресс арқылы нығыздап, оны үстелге тастаймыз да, үстіне ыстық су құямыз. Одан кейін қайтадан  «Молот» деген машинаға түседі. Ол тоқпағы ар­қылы киізді ұрғылап, әбден пісіреді. Содан соң екі сағаттай суын сорғытып, далаға күн көзіне кептіріп аламыз. Дайын киізді қоймаға жинап қоя береміз.    

 

– Киізді кімдер алады?  

 

– Киізді шаруа қожалықтары, шопандар, өрт сөндірушілер алады. Сонымен қатар киіз үйге, ер-тоқым, жабу жасауға алып жататындар баршылық. Қазіргі таңда өнімдерімізді Алматы, Шымкент, Қызылорда қалалары арнайы тапсырыспен алады. Біз шығаратын киіздердің ұзындығы – 3, ені – 2 метр, қалыңдығы – 8-10 миллиметр, ал салмағы – 8-10 килограмм шамасында болады. Түсі – бірыңғай қара. Бағасы 3000 – 3500 теңге аралығында.

 

...Ол кісі өзінің өндіріс ісіндегі негізгі мәселе ретінде жүннің жетіспеушілігі мен қолдағы құрал-жабдықтың ескілігін сөз етеді.  

 

– Дегенмен бұл ісімізді жетілдіретін жағдайлар бар. Ол – Үндістан елінен шығатын жаңа станок. Бұл станокпен киіздің тығыздығын, қалыңдығын да реттеуге болады. Оның бағасы 100 мың доллар тұрады екен. Мүмкіндік болса, сол станокқа қол жеткізуді ойлап жүрміз. Оны алатын болсақ, техникалық киіздер жасауға, өндіріске, авиация саласына, аяқ киім фабрикаларына қолданатын киіз түрлерін шығаруға болады. Оның сапасы да, соған қарай бағасы да жоғарырақ болады, – дейді кәсіпкер.

 

...Ғасырлар бойы киізді тұрмысқа қолданып келген қазақ халқы киіз басуды өнер ретінде ұлықтаған. Сол өнерді өндіріспен ұштастырып отырған кәсіпкер ағамыздың ісін жалғастырушылар қатары көбірек болса екен дейміз.

 

  М. ИБРАЕВА. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ