7 айда 3200 тонна балмұздақ шығаратын зауыт

08.10.2018
Қаралды: 30

Түркістан облысының Төлеби ауданындағы «Бал­мұздақ» ЖШС-і – бүгінгі күні Қазақстандағы ірі балмұздақ өнді­руші компания болып табылады.  Адахан Тұр­диев бас­қарып отыр­ған бұл өн­діріс орны өз жұмысын 1998-жылы бастаған. Ол кезде мұнда небәрі 8 адам жұмыс істеп, балмұздақтың 2 түрін ғана шығарып отырды.

 

Ал бүгінде жыл сайын өндіріс көлемін арттырып келеді. 2000-жылы кәсіпорын «Қазпатент» мекемесінде Буратино және аю бейнелері бар фирмалық белгілерін патенттеп алды. Қазір бұл белгілер оның балмұздағын басқа өнімдерден ерекше­лен­діріп тұратын сапа белгісіне айналған.

 

Бүгінде «Бал­мұздақ» өнімдері тұтынушылар та­ра­пынан ұдайы сұранысқа ие. Ол 2004, 2005, 2006, 2007-жылдары «Оңтүстік Қа­зақстан облысының үздік тауарлары» бай­қауына қатысып, Алғыс хаттарға ие болса, 2010-жылы «Өңір хал­қының үздік та­уарлары» номинациясы бойынша 3-орын­ды жеңіп алды. Сонымен қатар, жер­гілікті әкімшілік тарапынан ұйымдас­ты­рылатын түрлі қайырымдылық шара­ла­­рына қатысып келеді. Қазіргі таңда мұн­­да балмұздақтың «Нос­тальгия», «Смак», «Қарақұм» секілді 120 түрі шығарылып, Қазақстанның барлық қалаларына таралады және бәрінде компанияның өз дилерлері бар. Ол Өзбекстанға да экспортталады.

 

Мұндағы жұмыс жылдың 7 айында ғана жүреді. Сол уақыт аралығында 3200 тонна балмұздақ өндіріледі. Зертхана меңгерушісі Ғазиза Махамбетованың айтуынша, балмұздақтың сапасына өте қатты мән беріледі.

 

– Мұнда аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Яғни зертханамыз жыл сайын аттестациядан өтеді, арнайы сер­ти­фикаты бар. Шығаратын өнімдері­міздің құрамы – табиғи сүт, сары май, құмшекер. Сүт жергілікті фермерлерден алынады, құмшекер –  Тараздан, сары май Алматы қаласынан жеткізіледі. Өнім­дерімізді арнайы мұздатқыш камера­ларда сақтаймыз. Сапасына сай тапсы­рыс та, сұраныс та өте жоғары, – дейді ол кісі.

 

Қазіргі таңда зауытта 236 адам жұ­мыс істейді екен. Олардың айлық жала­қылары  45 – 60 мың теңге аралығында. Ағымдағы жылы «Даму» қорының «Да­му Өндіріс» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктен 350 миллион теңге несие алып, құрал-жабдықтарды толықтырыпты. Оның 6 пайызын кәсіп­орын төлесе, қалғаны мемлекет тарапынан төленіп отыр. Болашақта зауыт жанынан құрғақ сүт және шоколад өнді­ретін цех ашуды жоспарға қойып, сол мақсатта жұмыстар атқарылып жатыр екен.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ