Жабық теннис корты, жүзу бассейні ашылды

08.10.2018
Қаралды: 31

Кешегі аптада Бәйдібек ауданының 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Осы мереке күндерінде көптеген іс-шаралар атқарылды. Соның бірі – ауданда бұрын-соңды болмаған жабық теннис корты мен жабық жүзу бассейнінің ашылуы десек болады. 

 

«Бүгінде ауылды жерлерде де спорттың күрес, бокс түрлеріне ғана емес, өзге де спорт түрлеріне мем­ле­кет тарапынан басымдық беріліп келеді. Бұл Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай спортқа тереңірек мән беріп, халықтың салауатты өмір салтымен айналысуы керектігі туралы айтқан тапсырмасының біздің өңірде орындалып жатқанының айғағы деп білемін», – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған нысанның ашылу салтанатында.

 

«Шаян ауылында ашылған, жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құраған  нысандардың демеушісі – шетелдік инвесторлар. Атап айтқанда, құрылысы былтыр басталған спорттық объек­ті­лердің тапсырыс берушісі – «Іnter­natіonal fund for Houbara Conservatіon» корпо­ративтік  қоры. Жабық теннис кортында арнайы жуынатын бөлмелер қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасал­ған. Бассейнде бір ауысымда 32 адам жүзу спортымен машықтана алады.

 

Бүгінгі таңда Бәйдібек ауданында балалар мен жасөспірімдер  спорт мектебі жұмыс істейді. Онда спорттың 10 түрінен – волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бокс, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим, еркін күрес бөлімдері болашақ чемпиондарды жаттықтыруда.  Онда қазір 84 бапкер 157 топта 1810 оқушымен жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері ауданда 97 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 9 мыңға жуық аудан тұрғыны қатысқан», – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ағабек Атемов.

 

Өңірде мұндай спорт кешенінің ашылуы тегін емес дер едік. Өйткені талай дүбірлі сайыстарда топ бастап жүрген дарындар осы жерден шыққан. Есімдері танымал Марат Мықтыбеков (Азиядағы дзюдо федерациясының президенті), Еркебұлан Шынәлиев (бокс­тан 2008-жылы Бейжіңде өткен Олимпиаданың қола медаль иегері), Қасымхан Төленбай (Қазақ күресінен Әлем чемпионы) сынды спорттағы оғландар – ауданның мақтанышы.  Енді заманауи спорттық нысанда талай сайыпқырандар түлеп ұшып, аудан атын танытатын болады деген сенім зор.

 

Тағы да айта кетер жайт, бұл күні спорттың волейбол, баскетбол, футбол, теннис түрлері мен спорт залдарына арналған ашық алаңшалар пайдалануға берілді.

 

Д. ӘБДІМАНАП. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ