Кәсібін бұзау өсіруден бастаған

08.10.2018
Қаралды: 69

Түлкібас ауданы, Жаскешу ауыл округінде Пістелі деп аталатын шағын ауыл бар. Мұнда шамамен 20-25 үй қоныстанған. Осы ауылдағы Ермек Жұманбаевтың отбасы 2014-жылы  «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 7 пайызбен 2,5 миллион теңге несие алып, өз бизнестерін бастаған болатын. Бүгінде дүкендерге ет, сүт өнімдерін өткізеді.

 

– Ең алғаш қолдағы несиелік қаржымызға 16 бұзау алған едік. Соларды бордақылап, етке өткіздік. Семіртілген малды сойып, сату кәсібі осылай басталған болатын. Бүгінгі күні үй жағдайында 6-7 басқа дейін ірі қара бордақылаймыз. Оны үйме-үй жүріп немесе базардан таңдап сатып аламыз.  Үш-төрт ай, егер тым көтерем, арық болса, 6 айға дейін байлап, етін келісілген сауда орындарына апарып өткіземіз. Әзірге Шымкент қаласындағы оншақты дүкенмен жұмыс істеп жатырмыз, алдағы уақытта олардың санын көбейткелі отырмыз, – дейді Ермектің өзі.

 

– Өнімге сұраныс қалай болып жатыр?

 

 – Сұраныс, әсіресе «фаршқа» жақсы болып жатыр. Фаршымыз қоспасыз, майы аз, таза болған соң біз таратқан дүкендер қайта тапсырыс беріп жатыр. Өнімдерімізді «Түлкібас ет өнімдері» деп атап отырмыз. Ал сүт өнімдерін тарату ісімен биыл көктемде ғана айналыса бастадық.

 

– Қанша сиырларыңыз бар?

 

– Әзірге 6 сауын сиырымыз бар. Одан соң ауыл тұрғындарынан да сүт аламыз. Күнделікті таңертең 50-60 литр, кешкісін - 70-80 литр, барлығы 150 литрдей сүт жинаймыз. Сүтті өңдеп, жартысын сатылымға шығарамыз, ал қалған жартысынан қолдағы сепаратордың көмегімен айран, ірімшік, қаймақ, құрт жасап өткіземіз.

 

– Сүт өнімдерін қайда жөнелтесіздер?

 

– Оларды келісілген сауда нүктелеріне апарамыз. Сонымен қа­тар Шымкент қаласында өзіміз жал­ға алып істеп жатқан дүкеніміз бар. Сол жерге өзіміздің ет, сүт өнімдерін қоя­мыз.

 

– Жұмысшыларыңыз бар ма?

 

 – Біздікі – отбасылық кәсіп. Қарамағымызда жұмыс істеп жатқандар жоқ. Келіншегім Бақыткүл сиыр са­уып, оны өңдеп, құрт-майға айналдырып отырады, күнделікті 100-150 литр сүтті өңдеу жұмыстарымен жалғыз өзі айналысады. Анам дүкенде өзіміздің өнімдерімізді сатады, ал әкем сүт жинайды.

 

– Болашаққа қандай жоспар қойып отырсыздар?

 

– Болашақта қаламызға сүт автоматтарын қойсам деген ой бар, бірақ ол әжептеуір қаражатты талап ететін жұмыс. Литріне есептелген соманы автоматқа саласыз, содан соң автоматтан құйылған сүтті алып кете бересіз. Өзіңіздің ыдысыңыз болмаса, жанында тұратын арнайы пластик құтыға құйып ала аласыз. Бұл кәдімгі газды су ішетін автомат тәріздес дүние. Мұндай автоматтар, естуімше, тек Қарағанды қаласында ғана бар екен. Алдағы уақытта осы идеямды іске асыру мақсатында тағы да мемлекет қолдауына жүгінемін деп жоспарлап отырған жайым бар.

 

– Олай болса, ісіңізге сәттілік, Ермек мырза!

 

И. МАҚПАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ