Бөдене өсіретін адам

07.10.2018
Қаралды: 62

Қоғамға берік енген нарықтық қатынас кімнің болса да жігерін жаныды, еңбекке деген құлшынысын арттырды. Мысалы, шардаралық Марат Жұматаевтың бөдене бағып, қыр­ғауылды қолға үйреткені бір ғанибет. Бүгінде шағын шаруашылығын дөңгелетіп отырған Жұматаевтар отбасы тауық, бөдене асырауды кәсіп етуде.

 

Шардаралық кәсіпкер отбасы бөдене жұмыртқасын әзірге көрші­леріне, ауыл тұрғындарына сатады.

 

«Денсаулыққа пайдасы орасан бөденені асырап-бағуыма зайыбымның дертке шалдығуы себеп болды. Дәрігерлер емдік қасиеті бар осы құстың шұбар-ала жұмыртқасын пайдалануды ұсынған еді. Оның үстіне отбасымда денсаулығы сыр беріп жүрген жақындарым тағы бар болатын. Олардың да сауығуын ойлап, осы кәсіпті бастауға ден қойдым.

 

Бөденелерге бір күнде үш мезгіл бидайдың ұнтағын, жүгері, тары араластырып береміз. Суын ауыстырып, қадағалап тұрамыз.

 

Алғашында өзіміз ғана пайдаланып келген бөдене жұмыртқасының артылғанын көрші-қолаң сатып ала бастады. Дертке дауа болғанын есті­ген адамдар тапсырыс беріп, кезекпен алатын болды.

 

Қолымдағы 200 бөдене күніне кемі 100 жұмыртқа береді. Ал жұмырт­қа бағасы тауықтың жұмыртқасымен бірдей сатылады. Пайдасы молынан болмаса да ас-ауқатымыз бен киім, керек-жараққа жарап тұр. Бәрінен бұрын дертке шипа болатындығы қу­ан­тады.

 

Келесі жылы ауқымды шаруашылық жасау ойымда бар. Қазір үйдегі бөденелер қартайды. Сойып, етін өткізгелі отырмын. Ал түскен ақшаға 500-дей жұмыртқа сатып алып, балапан бастырамын», – дейді кәсіпкер Марат мырза.

 

Жұматаевтар үйдегі бөденеге өз­дері күтім жасайды. Ұл-қыздары да құстарға жем дайындауға көмектеседі екен. 

 

Кәсіпкер бөдене өсіргеннің пайдасы болатынын айтады. Тұрғындар да бұл отбасының іскерлігіне дән риза.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ