Шын шаруалар шағым айтпайды

07.10.2018
Қаралды: 59

Түркістан облысында мал бордақылау алаңдарын құру осыдан бірер жыл бұрын басталғаны белгілі. Осы шара Ордабасы ауданында да жүріп жатыр. Биылғы жыл басында онда 315 мал бордақылау алаңын ашу жоспарланған екен. Қазіргі күні осындай 317 алаң өз жұмысын бастады.

 

Бұл ауданда сондай-ақ 66 жан­ұялық сүт фермалары және 2 құс фермасы іске қосылды. Қарақұм ауылындағы мал бордақылау алаңында 50 бас  жылқы малы байлауда тұр. Мал баптаушы маман Сәбит Бейсеновтің айтуынша, жылқылар күніне 12 пресс шөбін, 10 килограм­ға жуық жем жейтін көрінеді.

 

– Жылқыларды бордақылуды бір ай бұрын бастағанбыз. Енді үш айдан соң етке өткізсек деген ой бар. Басында небәрі 17 бас ірі қара болған. Алдағы уақытта бұдан да көбейт­сек деген ойдамыз, себебі қорамыз 116 бас малға арналған. Осыдан екі жыл бұрын 80 бас өгізді бордақылап, етке өткізген болатынбыз. Қазір жылқы етіне қарай ауыстық. Себебі өгіз малын бордақылауға 6 ай уақыт кесе, жылқыға 3 ай жеткілікті. Бұйырса, осы ісіміздің жемісін көрсек пе деп отырмыз, – дейді ол.

 

Төрткүл ауылындағы «Омар» шаруа қожалығының да жасап жатқан ісі дәл осындай. Қожалық 2009-жылы құрылған. Қазіргі таңда иелігінде 1000 уақ мал, 150 ірі қара, 10 жыл­қы бар. Сондай-ақ асыл тұқымды 3 бұқа мен 40 қошқар баптап отыр.  Жер көлемі – 40 гектар, оның ішінде 10 гектары – суармалы, қалған 30-ы – жайылымдық жер. Бүгінгі таңда бес отбасы жұмыспен қамтыған.

 

– Өзім осы Төрткүл ауылының тумасымын. Бұл салада 2009-жылдан бері жүрмін. Кәсібімді «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алып бастаған болатынмын. Ең бірінші ешкі малын алдым, содан соң қой басын көбейтуге көштім. 100 қой алып, бүгінде оны 1000-ға жеткіздік.

 

Одан соң «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 16 миллион теңге тағы алып, ірі қара малын көбейтіп жат­қан жайымыз бар.  Малды ет сою алаңшаларына апарып өткіземіз. Еттің тоннасын, килограмын  сол жерде мемлекеттің бағасымен алып отыр. Қазіргі таңда сиыр етіне сұраныс көбірек. Алдағы уақыттарда сиырды сауу және бордақылау алаңшаларын ұйымдастыру ойымызда бар. Сонымен қатар жер көлемін кеңейтіп, екінші қора салуды мақсат етіп отырмыз. Әзірге мемлекет тарапынан болып жатқан барлық бағдарламаларды тиімді пайдаланып отырмын. Осылайша еліміздің өркендеуіне, кәсібіміздің дамуына үлес қосып жатырмыз, – дейді аталмыш шаруа қожалығының басшысы Арыстан Омар.

 

Бордақыланған осындай малдың баратын келесі бекеті – мал сою алаңшалары. Соның бірі – Қарақұм ауыл округіндегі «Сәтті жол» өндірістік кәсіпорны. Жұмысын 2017-жылы бас­таған кооперативтің төрағасы Ермекбай Сәтенов өз сөзінде бекеттің барлық талаптарға сәйкестендіріл­генін, жанында мал бордақылайтын арнайы қора ыңғайластырылғанын, ет сақтайтын тоңазытқыштың сыйымдылығы ескерілгенін мәлімдеді. Бұл кооперативте 78 азамат жұмыспен қамтылған. Оның 15-і осы мал сою бекетінде жұмыс істейді. Сонымен қатар бүгінгі таңда кооператив мүшелері 500 ірі қара мал мен 700 уақ малды баптауда.      

 

– Біздің бұл мал сою бекетіміз заманауи стандартқа сай соғылған, барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл 50 миллион теңгеге соғылған нысан, оның 25 миллион теңгесі өз қаражатым, қалғаны – «Ауыл шарушылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы берілген несие. Нысанның қуаттылығы – күндігіне 25 тонна. Ол бір күнде 100 ірі қара немесе 300 қой союға мүмкіндік бар деген сөз.

 

Қазіргі күні бордақыда 700-ден астам өгіз, 2000-ға жуық қой бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінен мал бордақылауға, мал союға, оны қайта өңдеуге және шетелге жіберуге барлық лицензиялық рұқсат алын­ған. Енді астаналық кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып жатырмыз. Алдағы күндері біз оларға аптасына 25 тонна ет жіберіп тұратын боламыз.

 

Зертханамыз компьютермен, электронды микроскоптармен жабдықтал­ған. Тоңазытқыштарымыздың да қуаттылығы өте жоғары, – дейді Ермекбай мырза.

 

Істің жүргені, мал басының кө­бейгені қашан да жақсы-ақ. Мемлекет тарапынан қолдау болып тұрса бұл саланың ешқашан кенжелеп қалмайтыны анық.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ