Өркеннің ісі өркендеп келеді

06.10.2018
Қаралды: 40

Бәйдібектік кәсіпкер Өркен Үсіпәлиев өз ата кәсібін жал­ғастырып келеді. Жалпы, «Өркен» шаруа қожалығының негізін 1980-жылдары оның атасы Үсіпәлі Жүзбаев қалаған екен. Ол Бәйдібек  ауданында меринос қойын өсіріп, көбейтуге атсалысқандардың бірі. Осындай еңбегінің арқасында «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Колхоз жұмысын да, өз шаруашылығын да қатар атқарып, ата кәсіпті ұрпағына жеткізген.

 

«Ел Тәуелсіздігін алған жылдары шаруашылықтың жұмысы да жақсара түсті, – дейді ол кісінің ұлы, бүгінде аталған шаруашылықтың төрағасы, Жиенқұм жалпы орта мектебінің директоры Анарбек Жүзбаев. – Әкеміз Үсіпәліден шаруашылықтың қыр-сырын үйрен­гендіктен сол кездегі қиындықтарға мойыған жоқпыз. Оның үстіне «Еңбектің наны тәтті» дегенді түсін­ген адам ешуақытта ауыр еңбектен қашпасына сенемін.

 

Қырық жылға жуық жұмыс істеп тұрған шаруашылығымызда бүгінде 700 бас мал бар. 2016-жылы «Ырыс» қаржы ұйымынан 4,5 миллион теңге жеңілдетілген несие алдық. Оған біршама ұсақ мал, сиыр және жылқы алып, кәсіптің ауқымын едәуір кеңейттік. Қазір тапсырысқа қарай ауыл, аудан көлемінде сүт, ет тасымалдап отырмыз.

 

Бізде екі қойшы, екі сауыншы және түрлі жұмысшыларды қосқанда 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Оларға 40 мыңнан 75 мың теңгеге дейін айлық жалақы төленеді».

 

Ал негізгі жұмыстарға Өркеннің өзі басшылық етеді екен. Біз оның өзімен де тілдестік.

 

«300 гектар жердің 10 гектарына  – жоңышқа, 6 гектарына жүгері егіп, қолдағы малға азық дайындаймыз. Көктем келгенде ұсақ малдан төлін бөліп алып, сосын кәрі аналық саулық, тоқтыларды күз келгенше бордақыға жібереміз. Ал сиыр мен жылқыны бордақылау қысқы соғымға қарай қазан айынан басталады. Еттің бағасы базар бағасымен бірдей.

 

Сиырдың сүті мен еті едәуір кіріс келтіреді. Жылқы малы да берекелі. «Мінсең – көлік, жесең – ет» дегенді аталарымыз бекер айт­паған ғой. Жалпы, әр бордақылан­ған малдан 100 мың теңгеден пайда көруге болады», – дейді Өркен Үсіпәлиев.

 

Кәсіпкер ерінбей еңбек еткеннің берекесі еселене түсетініне сенеді. Әр істі ынта-ықыласпен атқарғанды қалайтын шаруаның іс-әрекеті көпшілікке үлгі десек, артық айт­қандық болмас.

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ