Жапондар биязы жүнді қой шаруашылықтарын аралап жүр

07.10.2018
Қаралды: 69

Оңтүстік Қазақстанда биязы жүнді қой шаруашылығын өркендету үшін 2007-жылы «ҚазығұртАгроСервис» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі құрылған. Меринос қой басы кеміп бара жатқан уақытта бұл малды көбейтуді ойлап, жұмыс жүргізіп жатқан Марат Ибрайымовта бүгінде 4 мың бас қой бар.

 

Бұл серіктестікке Марат мырза төрағалық етсе, ұлы Абзал шаруашылық жұмыстарын үйлестіреді. Шаруашылық басшыларының айтуынша, аға шопанға, шопан көмекшісіне, науқан кезінде жалданатын сақпаншыға және осы салада еңбек ететін 20-ға жуық жауапты мамандарға 60 – 80 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді екен. Жұмысшылар қой бағудан басқа қожалықтағы 150 бас сауын сиырға қарайды, мал азығын егіп, жинауға да көмектеседі.

 

«Ұзындығы 150 – 200 метр аралығындағы 5 қораның тазалығы, малдың жем-шөбі, сауын сиырлардың күтімі үлкен жұмыс. Негізгі жұмыс меринос қойын өсіру болғандықтан бұл тірлікке көбірек тер төгетініміз рас. Малдың азығын сатып алу туралы ойлаған да емеспіз. Себебі серіктестік құрылғалы меншігіміздегі жердің 500 гектарына жыл сайын бидай және арпа егіп келеміз.

 

Менің мамандығым – инженер-механик. Кеңес Одағы тұсында ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесімнің арқасында комбайн жөндейтін жұмысшыдан колхоз төрағасына дейін көтерілдім. Сауда саласына ебім барын жас күнімде-ақ байқағанмын. Содан болар, өз кәсібімді ашуды жоспарлап жүрдім. Біраз жылдар мал алып, сатумен айналыстым. Кейін осы шаруа­шылықтың негізі қаланды.

 

Елімізде өткен көптеген байқауларда жеңімпаз атан­ғанмын. Тіпті 2014-жылы АҚШ-қа да жолым түсіп, ондағы ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлердің тіршілігімен танысып қайтқан едім.

 

Шетелдік меринос қойлардың үлкендігі бұзаудай болады екен. Олардың әрбірінің салмағы 120 килодан. Соған сәйкес бағасы да өте қымбат. Онысына қарамай, бірнешеуін сатып алғым келді. Бірақ ондай ірі қойларды елге жеткізу оңай емес екенін түсіндім. Сондағы әріптестер жаңа туған қозылар мен салмағы 70-80 келілік қозыларды алыңыз деп кеңес берді. Бәрібір де бұл қозыларды Қазақстанға жеткізе алмадым. Сөйтіп әйтеуір бір келіп алып кетемін деп өзіме сөз беріп қайтқан едім.

 

Дакотадағы көрген-түйгенімнен соң менде бірталай жоспарлар болды. Ауылға келіп, бірден Қызылқия ауылдық әкімдігіне жол тарттым. Олардан үйімнің жанынан тағы да 25 гектар жер беруді сұрадым. Ары-бері жүгіріп, құжат әзірлеп, ақыры көздеген жерге қол жеткіздім.

 

Қосымша жерге қора салып, швед сиырларын сатып алдым. Қалған жерге жаңа технологиямен жабық жайда мал азығы ретінде жасыл желек өсіре бастадым. Бүгінде бізге бұдан түсер пайда да, малға дәмді азық та бар», – дейді кәсіпкер.

 

Шаруаның айтуынша, негізгі табыс көзі ақ қойдан алынатын жүнде екен. Биязы жүнді әр қой 2,5 – 3,5 келідей жүн береді. Оны Шымкент қаласындағы жүн қабылдау цехына килосын 1000 теңгеден өткізеді.

 

Өткен аптада шаруа қожалығына Шымкенттен жапондар келіп, қойларды көріп, шаруашылық туралы арнайы видео түсіріп кетіпті. Марат Тәліпұлының айтуынша, жапондар үшінші мегаполистен жібек мата тоқитын шағын фабрика салмақшы көрінеді. Олар облыстағы биязы жүнді қой асырап жатқан барлық шаруашылықтарды аралап жүр екен.

 

Мұндай фабрика өңірімізде бой көтерер болса, онда меринос қойын өсірушілер қатары да артуы әбден мүмкін.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ