Италияны сүйсіндірген 13 жасар қазақ қызы

08.10.2018
Қаралды: 140

Италиядағы «Premіo Mіa Martіnі» телевизиялық байқауының жеңімпазы атанған  алматылық Аружан Ардақ небәрі 13 жаста. Талантына таңдай қақтырған жас өнерпазға жүлдені аталмыш вокал байқауы өткен Баньяра Калабра қаласының мэрі Марио Ромеоның өзі табыстады. Қуантарлығы сол, 4 пен 45 жасқа дейінгілер бағын сынай алатын бұл жобаға ТМД елдерінен барған қатысушылардың ішінен қазақстандық Аружан ғана финалға өткен.

 

Иә, ол 13 жасына қарамастан көптеген жетістіктерге жетіп үлгеріпті. Атап айтар болсақ, «Kіnder Муз Awards 2017» балалар музыкалық жүлдесінің «13-18 жас аралығындағы үздік орындаушы» номинациясының жеңімпазы, «Жара kіds» жобасының қатысушысы, Қазақстан медиа академиясының студенті, «Ару Айналайын 2016» конкурсының жүлдегері, «Голос дети Казахстан» байқауының қатысушысы. Сонымен қатар, 2015-жылы Аружан Ардақ «Алматыдағы қысқы ертегі» республикалық байқауының  гран-при жүлдегері атанса,  2012-жылы Барселонада өткен халықаралық «Maraton de Prіmavera» ән және би фестиваліне, 2014-жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Robіn Good» халықаралық фестиваліне, 2016-жылы Алматыдағы көп жанрлы «Планета искусств» жобасына қатысып, 1-орынды, 2015-жылы Чехияның Прага қаласында өткен «Dіamond voіce» халықаралық байқауында бақ сынап, 2-орынды иемденген болатын.

 

Аружан қазіргі таңда «Муззон», «ON TV» және «Музлайф» телеарналарындағы музыкалық жаңалықтардың тележүргізушісі. Ол тек әнші, тележүргізуші ғана емес, сонымен қатар, сәнбике де. Өнерлі қыз Мәскеудегі «Mercedes Benz Fashіon Week» сән апталығына да қатысқан екен.

 

Шынында да Аружанның таланты мен талабы сөз етуге тұрарлық. Біз де оны жеңісімен құттықтап, өзін әңгімеге тартқан едік. 

 

– Аружан, өнерге қалай және қанша жасыңнан келдің?

 

– Мен бала кезімнен әнді ұнаттым. Төрт жасымнан анам мені хорға, вокал студиясына, модель агенттігіне берді. Ал мектепте мен музыкалық сыныпта үш жыл сабақ алдым. Онда хор, сольфеджио, фортепиано пәндерін оқыдым. Тоғыз жасымда вокал сабақтарына бара бастадым. Қазір анам өзінің «ARU productіon» деп аталатын продюсерлік орталығын ашты. Сол жерде вокалдан тағы да сабақ алып жүрмін.

 

– Өзің барып қайтқан Италия еліндегі «Premіo Mіa Martіnі» байқауы туралы айтып берші.

 

– Байқаудың өткізілетіні жайында бізге Италияда тұратын достарымыз айтқан болатын. Содан бағымды сынамақ ниетте өтініш бердім. Нәтижесінде жеңімпаз атандым. Жалпы, байқау танымал итальян әншісі Миа Мартинидің атымен аталады және 1995-жылдан бері жыл сайын өткізіліп тұрады.

 

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Көктемде Италияның Скалея қаласында жартылай финал өтті, одан мен сырттай өттім. Ал жазда радио-финал және «Фейс­бук» желісінде дауыс беру кезеңі болды. Радио-финалда әнімді радиоға жіберу керек болатын. Бірақ соңғы сәтте әннің бір шумағын итальян тіліне аудару керектігін айтты. Байқау барысында Швейцарияда тұратын әйелмен танысқан болатынбыз. Ол итальян тілін өте жақсы біледі. Сол кісі бізге аударма жасап берді. Содан соң Алматыдағы итальян тілін үйрететін орталыққа барып, итальянша сөйлеу мәнерін үйрендім. Ал биыл күзде Миа Мар­тинидің туған жерінде фи­нал өтті.

 

– Итальяндықтар сені қалай қабылдады?

 

– Олар өте мейірімді және қонақжай адамдар екен. Мені өте жылы қабылдады. Мен ол жақтан көп жаңа достар таптым деп айта аламын. Жалпы, қатысушылар көп болды. Бірақ 14 жасқа дейінгі балалар категориясынан Румыния, Украина, Ресей және Қазақстан елінен келген төрт қатысушы ғана болды.

 

– Сахналық костюмдеріңді таңдауға кім көмектеседі?

 

– Костюмдерімді таныс тігінші тігіп береді. Ол кісі 5 жасымнан бастап барлық киім үлгілерімді тігіп келеді. Анам тігіншімен бірге суреттен әртүрлі нұсқаларды көріп, соның ішінен ең жақсысын, әнге сай келетінін таңдайды.

 

– Ән айтудан басқа қандай өнерің бар? 

 

– Би билеймін, гитарада, фортепианода ойнаймын. Журналистика мен сән саласынан да хабардармын. 

 

...Аружанның алдағы уақыттарда бұдан да биік белестерді бағындырып, еліміздің атын әлі талай шығаратынына күмәніміз жоқ. Олай болса, Аружан қызға тек қана алға дейміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ