Түркістанда халықаралық медиаорталық ашылды

05.10.2018
Қаралды: 45

Түркістан қаласында «Turkіstan medіa» деп аталатын халықаралық медиаорталық ашылды. Оның ашылу салтанатына Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Түркия елдерінен де бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері қатысты. Жиында Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев сөз сөйледі, ол аталған медиаорталықтағы «Turkіstan» интеллектуалдық клубында өткен бас қосуда Түркістанның дамуына қатыс­ты ойларымен бөлісті.

 

«Turkіstan medіa» орталығы қажетті құралдармен толықтай жабдықталған, ғаламторға қосылған. Бұл орталықта түрлі брифингтер, шағын кеңестер өткізетін орындар, пікір алмасулар, «дөңгелек үстел» отырыстары ұйымдастырылатын интеллектуалдық клуб бар. Онда облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі, Халық­аралық қазақ-түрік университетінің студенттерінен құрал­ған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейтін болады.

 

Бұл орталықтан еліміз бен Түркістан облысы туралы түрлі ақпараттар қазақ тілінде ғана емес, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік және орыс тілдерінде де таратылатын болады. Сондай-ақ ақпараттар алдағы уақытта ағылшын тілінде де таратыла бастауы мүмкін. Бұл орталықтың қызметін өзіміздің де, шетелдік те бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тегін пайдалана алады. Орталықта өткен іс-шаралар телеарналар арқылы көрсетіліп, әлеуметтік желілерде таратылатын болады.

 

Міне, Түркістан қаласында осындай заманауи орталық ашылды. Ол Түркістан облысын шетелдерге танытуда, облысқа туристер мен инвестициялар тартуға да өзіндік үлесін қосары сөзсіз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ