Нұрғабыл Қозыбай: «Алдағы қыс ұзақтау әрі қатаңдау болады»

07.10.2018
Қаралды: 329

Әне-міне дегенше қараша айы да басталып кетті. Ал күздің бұл соңғы айының ауа райы қалай болар екен? Жұртшылықтың көкейінде жүрген осы сұрақты біз шымкент­тік ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбайға жеткіздік. Ол өзінің қараша айына және алдағы қысқа қатысты жасаған болжамдарымен былай деп бөлісті:

 

«Менің болжамымша, қараша айында ауа райы жиі құбылатын болады. Айдың алғаш­қы екі күнінде таулы аудандарда жаңбыр жаууы мүмкін. Кейін 7-қарашаға  дейін күн ашық, ал 7– 9-қараша аралығында жаңбыр жаууы тиіс. Сондай-ақ 15 – 20-қараша және 27 – 29-қараша аралықтарында жаңбыр жауып, таулы аудандарда оның соңы қарға айналады деп болжап отырмын. Ал бұл атал­ған күндердің аралығында ауа райы 10 градусқа дейін, кей күндері 15 градусқа дейін жылуы тиіс».

 

Нұрекеңнің қараша айының күн райына қатысты болжамдары осындай екен. Ол алдағы қыстың біршама ұзақтау әрі қатаңдау болатынын да болжап отырғанын айтты. Сондықтан шаруаларға және үйін қатты отынмен жылытатындарға мал азығы мен көмірді молынан дайындап қоюға кеңес беруде.

 

«Халқымыздың өмірден алынған мақал-мәтелдері бар. Өліара, тоғыс кезінде күн суытатынын айтады. Болжамдарымды осы табиғат құбылыстарына және «Ескі айдың 20-сы құр кетпейді» деген болжамдарға сүйеніп жасадым.

 

Ал қыстың қалай болатынын жаздағы өткен аптап ыстықтардың 6 ай 6 күннен кейін суық болып оралатынымен есептеп алып отырмын. Жаздың ұзақ болғанын, жылы күндердің қазан айына дейін созыл­ғанын ескерсек, қыстың ұзақтау болатыны содан білініп тұр», – дейді болжамшы.

 

Нұрғабыл Қозыбайдың осы орайда күздік бидай егуді ойға алған шаруаларға да айтары бар екен. Бұған қатысты ол былай дейді:

 

«Қазақтың бұрынғы ауа райын болжаушылары ыстық пен суықтың 6 айда айналып келетінін білгені сияқты құрғақшылық жылдардың да 4 жылда бір айналып соғатынын аңғарған. Табиғат заңына құрылған осы болжамға сүйенсек, алдағы 3 жылда құрғақшылық болмауы тиіс. Яғни биыл, 2018-жылы Түркістан облысының таулы аумақтарынан басқа аудандарында құрғақшылық болды. Енді ол 2022-жылы айналып келеді. Демек, алдағы жылы құрғақшылық болмайды. Өңіріміздің шаруалары күздік бидайды алаңсыз еге берсе болады».

 

Шымкенттік ауа райын болжаушы осылай дейді. Ендеше оның айтқандарын есте ұстап, ауа райы құбылыстарына сай әрекет ете жүргейсіздер.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ