«Жан саулық» адамдарға жан саулығын тілейді

06.10.2018
Қаралды: 80

Зүлфия Қанаева –  мемлекет қолдауының арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі. Ол әрі кәсіпкер, әрі төрт перзент тәрбиелеп отырған аяулы ана. Негізгі мамандығы – экономист. Бүгінде ол – Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі «Жан саулық» селолық тұтыну кооперативінің төрайымы. Кооперативтің жұмысы туралы Зүлфия ханымның өзінен сыр тартқан едік.

 

– Біздің кооператив 2006-жылы желтоқсан айында ашылды. Сол жылы Аграрлық кредиттік корпорациядан 50 миллион теңге лизинг ретінде 4 пайызбен 7 жылға несие алдық. Өз меншігімізде бос тұрған ғимарат болатын. Сол жерге мал сою бекетін, шұжық цехын, ветеринариялық зертхана аштық. Берілген қаржыны толықтай құрал-жабдыққа жұмсадық. Оның барлығын Қытайдың Шанхай қаласындағы үлкен бір зауыттан алып келдік.

 

Қазіргі күні 7 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Орта есеппен мұнда күніне 7-8 мал сойылып, нәтижесінде біздің бекеттен 1500 тоннадай ет өтеді. Бұл мал сою бекетінің 8 сағатта 30 – 35-ке дейін ірі қара, 100 бас уақ мал соятын мүмкіншілігі бар. Біздің мал сою бекетінің негізгі жұмысы – малды сою ғана. Ал сойылған мал етін өткізу жұмыстарымен айналыспаймыз.

 

Сондай-ақ зертханамызда сойылған мал етіне мамандар сараптама жасайды. Олардың тарапынан «жеуге жарамды» деген анықтама берілген  соң ғана мал еті сатылымға жөнелтіледі. Зертханамыз барлық талаптарға сай жабдықталған, ет сапасын тексеретін құрал-жабдықтарымыз жеткілікті. Бүгінгі таңда базардағы ет сататын дүң­гіршектердің барлығына малды сою және сараптама жүргізу жұмыстары бойынша ақылы түрде қызмет көрсетеміз. Олармен келісім-шартқа отырып, ондағы көрсетілген баға бойынша союға – бөлек, зертханаға бөлек ақы аламыз. Келісім-шарт негізінде біз жұмыс істеп жатқан дүңгіршектердің жалпы саны 30-ға жуықтайды. Қазіргі күні мал сою бекеті мен зертхананың жұмысы жақсы жүруде. Бірақ, өкінішке орай, шұжық цехының жұмысы тоқтап тұр.

 

Неліктен?

 

– Шұжық цехы 2011-жылға дейін жұмыс істеп тұрды. «Халал» сертификатымен халал шұжықтардың жартылай қақталған, пісірілген түрлерін қоса алғанда 15 түрін тапсырыс бойынша өндіріп отырдық. Ол шұжықтарымыз облыс көлемінде сатылым­ға шықты. Өндіретін өніміміздің мөлшері аз, яғни күніне небәрі 300 – 500 кило ғана шұжық өндіретін болғандықтан күнделікті емес, аптасына 3-4 күн ғана жұмыс істедік. Бірақ баға жағынан бәсекелестікке төтеп бере алмадық, соның әсерінен сату-өткізу мәселесінде кедергілер пайда болды. Негізі цехтың күніне 2 – 2,5 тонна шұжық шығаратын мүмкіншілігі бар. Сұраныстың аздығынан сол мүмкіншілігімізді толық пайдалана алмадық. Шұжықтарымыздың сапасы жоғары болғандықтан бағасы да қымбатырақ болды. Ал басқа жақтан келген бәсекелестеріміздің өнімі сапасы анау айт­қандай болмағандықтан бағасы да арзан болды.

 

Біз бірақ қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Цехты жүргізу үшін жан-жақты қаржы көзін қарастырып жатырмыз. Мем­лекеттік бағдарламалар бойынша несие алсақ деген де ойымыз бар. Цехымызды толық іске қосу үшін 20 – 25 миллион теңге шамасында қаржы керек деп есептеп отырмыз. Егер қаржы құямын дейтін инвесторлар табылып жатса, олардың да ұсынысынан бас тартпаймыз. Бұйырса, алдағы 2019-жылы шұжық өндірісін қайта қолға алсақ деп отырмыз. Цех жұмысы қайта жанданатын болса, айына 40 – 50 тоннаға дейін шұжық шығарып, кем дегенде 10 – 12 адамды жұмыспен қамтыр едік.

 

Цехты іске қосудан бөлек тағы қандай жоспарларыңыз бар?

 

– Болашақта осы кәсібімізді ары қарай дөңгелетіп, экспортқа ет өткізсек деген үмітіміз бар. Осылайша еліміздегі ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесімізді қоссақ дейміз. Өндірісті тереңірек дамыту мақсаты да бар. Соның ішінде тері өңдеу, сүйекті ұнтақтап, жем жасау деген секілді көптеген ойларымызды іске асырғымыз келеді. Әрине, солардың барлығы жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Енді болашақта мал бордақылап, ет өткізуді қолға алсақ деп отырмыз. Таяуда Өзбекстаннан адамдар келіп, қазір келіс­сөздер жүргізу үстіндеміз. Егер бұйыртып жатса. Өзбекстан еліне ет өткізу ниетіміз де іске асып қалар деген ойдамыз.

 

– Өзіңіз секілді кәсіпкерлерге айтарыңыз бар ма?

 

– Бүгінде есебі дұрыс адамға кәсібін дөңгелетіп кету үшін мемлекетіміз үлкен мүмкіншілік беріп отыр. Қолдау ретінде беріліп отырған несиелер де өте тиімді, шарт­тары да ыңғайлы. Мен кәсіп бастаған жылдары мемлекеттен ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген пайызбен несие беріліп жатқанын естіп-білген соң өзім де осы бағытты таңдаған болатынмын. Сөйтіп, адамдарға денсаулық, жан саулығын тілей отырайық деген ниетпен кооператив атауын «Жан саулық» деп қойып, жұмыс бастаған жайымыз бар.

 

– Олай болса, ісіңізге сәттілік тілейміз, мақсаттарыңыз орындала берсін.  

   

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ