Петербург бардық, не көрдік?

09.10.2018
Қаралды: 229

Биылғы жазда жұбайым Күнтуар екеуміз «Мейір» ардагерлер үйінде демал­ған болатынбыз. Күнде таңертең биенің саумалын ішіп, өте жақсы демалып қайтқан едік. Содан Рамазан айының айт күндерінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, қарындасым Төрайымның шаңырағына айттап бардық. Сонда күйеу балам Жорабек таяу күнде Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы политехникалық университетте оқитын кенже балалары Сардардың хал-жағдайын біліп қайту үшін сол жаққа жол жүргелі отырғанын айта келіп: «Егер серік болып, қаланы көріп әрі жиеніңізге жолығып қайтам десеңіз, сізді де ала кетейін», –  дегенде  қуана келісімімді бердім.

 

Аумағынан 45-тен астам өзен өтеді

 

Төрайым маған да Санкт-Петербургке билет алып берді. 19-маусым күні таңғы сағат 9-да Шымқаладан Астанаға  ұшып  кеттік те, кешкі 8-де  ұшаққа отырып, Ресейге  бағыт алдық. 4,5  сағатта  Санкт-Петербург қаласына жеттік. 

 

Санкт-Петербург – Ленинград облысындағы Нева өзенінің Фин бұғазына құяр сағасында орналасқан өте әсем қала. Тұрғындарының саны қазір 10 миллионға жуықтайды. Қала аумағынан  45-тен астам өзен, 40-қа жуық канал өтеді. Портты қала, әуе, автомобиль жолдарының және темір жолдың ірі торабы.

 

Қазіргі кезде Санкт-Петербургте Жамбыл Жабаев пен Әлия Молдағұлова атындағы көшелер бар. «Петропавл»  қамалы, Қысқы сарай,  Биржа ғимараты, Исаакий соборы, және тағы басқа сәулет өнері ескерткіштері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне   енгізілген.  Дүние жүзіне танымал, тарихы ғажайып осындай мекенге келгеніме көзім сенер емес. Түнгі қаланың өзі көз жауын алардай керемет сұлулығымен адамды өзіне еріксіз тартып алады екен.

 

Таксимен үйге жеттік. Сардар  4-ші  қабаттағы қазына үйінің  екі  бөлмелі  пәтерінде  әрі аға, әрі пана болып жүрген көмекшісі Андрей  деген жігітпен бірге тұрады  екен. Үйі жайлы, таза, ыстық су, ас үй жағдайымен бәрі үйлесіп тұр.

 

Біз ауылдан апарған ет, қазы-қарта, алма, өрік – бәрін тоңазытқышқа салып,  демалдық.  Ертеңіне  Андрейді  ертіп, қаланы аралауға  шықтым. 

 

Әйгілі «ақ түндерді» де көрдік

 

Санкт-Петербург – Еуропадағы ең әсем қалалардың бірі, ол өзінің «ақ түндерімен» танымал, Ресейдегі қалалардың ішінде бірінші орында, каналдары мен көпірлерінің көптігі жағынан әлемде 1-орында. Осының барлығы қаланы әлемнің түкпір-түкіпірінен келу­шілердің орнына айналдырған.

 

Біз келген тұс мамыр айынан басталған «ақ түнге» сәйкес түсіпті. Түнде  аспан  аппақ  түстес  болып,  күндіз күн көрінбейді,  бұлт түстес сағым қоршап тұрады екен.

 

Қалада ең жылдам көлік  – метро, әр  станцияға  2-3  минут сайын келіп тұрады.  Жерасты  пойызы  келіп  тоқтаған соң 1 минут  тұрады  да, есік  жабылады. Тез арада  екінші  станцияға – қала орталығына  бардық. Орталықтағы Нева  даңғылында көше  тола нөпір халық, өте  көп. Күндіз-түні  ары-бері  ағылған адамнан аяқ алып жүре  алмайсың. 

 

Санкт-Петербургта сол кездері өткен дүниежүзілік футбол додасына орай жаңа  стадион салынған екен. Нева өзенінің жағасынан ашылған бұл стадионда 22-маусымда атышулы Бразилия футбол клубы Коста Рика командасымен ойнады, соған бардық.  Стадионға кіруге билет жоқ, құжынаған  адам. Шетелдік  қонақтар көп, бірінші тайм  біткен соң барып ішке әрең кірдік. Жанкүйерлердің көптігі сонша, ине шаншар орын жоқ. Стадион жанындағы кафеден орын алып, матчты сондағы үлкен теледидардан  тамашаладық.  

 

350 бөлмесінде 3 миллион жәдігер бар

 

Әлемдегі ең үлкен зәулім мұражай  Эрмитажға  сая­ха­тымыз да өте әсерлі, ұмытпастай болды. Эрмитаж негізінен: Кіші Эрмитаж, Жаңа Эрмитаж, Үлкен  Эрмитаж,  Қысқы сарай Петр І және Эрмитаждың театр залы болып бес бөліктен тұрады екен. Мұнда 3  миллион экспонаты және бес сарайда 350 бөлме бар екен. Бір адам әр экспонатты  толық аралап көріп шығамын дегенше 12 жыл өмірі кетеді дейді.  

 

Сарайдың іші толы 4-5 қатар шетелдік қонақтар кезекте тұрады. Эрмитажға кіру ақысы – біздің теңгемен 7 мың теңге. Футбол додасына орай шамалы қымбаттатыпты, бұрын  4-5 мың теңге екен. Андрей екеуміз кешке дейін аяғымыз талып, шаршап әр  бөлмеге демалып, естелік суретке түсіп, біраз бөлмесін аралап шықтық. 

 

Эрмитаждың ішіндегі экспонаттар таза табиғи алтын, бриллиант, изумруд бұйымдары. Ен байлықты сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Өте кереметтігі соншалық, бір  бөлмеден екінші бөлме өзгерек, көргеннің үстіне көре бергің келеді. 

 

Нева өзені шығыстан батысқа қарай 74 шақырым ұзындықта жатқан болса, қала  Нева өзенінің үстінде тұр. Өзеннің сағасы мен каналдары өте көп. Петербургтің  солтүстігін «Көпірлер қаласы» деп атайды. 580 көпір бар екен. Оның 20-сы ашылып-жабылады.  Әртүрлі. Сағат 12-де, түнгі 1-де  ашылып,  таңғы  6-да жабылады. Түнде  барып қарасам, туристер шулап қарап тұрады. Түнде аппақ, жап-жарық, аралап  жүре  бересің, өте тыныш,  ешкім  неге  жүрсің  демейді  екен. Мәдениеті жоғары, өте таза қалаға күнде 3 миллион турист келіп-кетіп жатады. Оның үстіне 4 жылда бір болатын  үлкен футбол тойына келген шетелдік туристер қалада өте көп болды.

 

Қытайлар да қаптап жүр

 

Қала 18 ауданнан тұрады. Зауыт-фабрика, кәсіпорындарды санап тауыса алмайсыз, өте көп, инфрақұрылымы жоғары дамыған қала. Жолдары екі-үш қабатты және теп-тегіс, онда құжынаған автокөліктер ағылып жатады.

 

«Қытай қалашығы» деп аталатын жерде де болдық. Қытай үлгісінде салынған үлкен 3 қабатты  зәулім ғимаратта құжынаған қытайлар өріп жүр. Киім-кешектің неше түрін тауып алуға болады, бірақ қымбат. Қаптаған қытайлар орысшға шорқақтау, қиналып сөйлейді, тілі жаңа шыққан балаша шүлдірлеп тұр. 

 

Петербургте жаздың өзінде ауа райы  қоңыр сал­қын, күндіз-түні бірқалыпты 18 –  22  градустан аспайды, ауасы таза, аздап самал есіп  тұрады. Мен барған 7 күннің   ішінде бір-ақ рет аздап жаңбыр сіркіреді. Қала халқы ашық күндері Нева өзенінің  жанында күнге қыздырынады екен, бірақ суы  салқын  болғандықтан  өзенге  түспейді.

 

Қалада жүргенде менің бұрын Сочиге барып сәуір айында Қара теңізге  шомылған, Кавказға, Кисловодскіге, Ессентукиге, Железноводскіге барған, Кавказ тауларын аралап, Нарзан ваннасына түскен қызықты шақтарым есіме түсті. Жалпы, Германия,  Польша, Чехословакия сияқты өркениетті мемлекеттерде де болғанмын. Петербург   маған немістер мен чехтардан үлгі алған қала сияқты болып көрінді. 

 

...Бүгінде елдер арасындағы туристік байланыстар жаңа сипатқа, жаңа мазмұнға ие болды. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында жетекші орынға ие бола бастаған ғылым  адамдардың нәсіліне, ұлтына, табына қарамастан халықтың рухани дүниесін байытуда айтарлықтай роль атқарып келеді. Осы орайда мен Еуропа мәдениетінің шоқтығы биік екендігін мойындай отырып,  сол  елдерден өнеге  алуымыз  қажет деген ой түйдім.

 

Ескендір ЖОЛДЫБАЕВ,

қаржы саласының  ардагері.

Ескендір Жолдыбаевтың байланыс телефоны: 8-775-556-87-01.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ