Кәсіпкер өте қапалы

06.10.2018
Қаралды: 123

 «Замананың» өткен, қазан айында жарық көрген №41-нөмірінде «Таңқурай еккен жігіттің шырылдаған шындығы» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі. Онда Қазығұрт ауданының Жігерген ауылында тұратын жеке кәсіпкер Еркін Шералиевтің басынан өтіп жатқан жағдайлар жөнінде жазған едік. Таңқурай өсіру секілді өзгеше кәсіпті өз күшімен бастап, мол өнім алып жүрген Еркіннің  биылғы жазда шығынға батып қалғаны жөнінде айтқандарын жариялағанбыз.

 

Яғни ол облыс әкімі тапсырмасымен берілуі тиіс жерді нау­рыз айының соңына қарай әзер алғанын, сол себепті таң­қурайды кеш егіп, оның үстіне су жетіспеушілігі салдарынан мол шығынға ұшырағанын, су мәселесін шешіп беруді қанша айтса да өзіне басшылар тарапынан ешқандай жәрдем көрсетілмегенін айтқан еді. Кешегі аптада редакциямызға Қазығұрт ауданынан бұған байланысты жауап хат келді. Аудан әкімдігінен жеткен хаттың қаз-қалпындағы мәтіні мынадай:

 

«Замана» газетінде жарияланған «Таңқурай еккен жігіттің шырылдаған шындығы» атты мақаласына сай төмендегіні мәлім­деймін.

 

Қазығұрт ауданы, Жігерген ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Шералиев Еркіннің  өтінішіне сәйкес, Қазығұрт ауданы әкімдігінің жанындағы жер комиссиясының 2018-жылғы 8-қаңтардағы өткізген конкурстың  №2 қорытынды хаттамасы негізінде Шералиев Еркін жеңімпаз болып табылды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен беру туралы, Қазығұрт ауданы әкімдігінің 8.01.2018-жылғы №10 қаулысы шыққан. Жеке кәсіпкер Шералиев Еркіннің жер алуда сергелдеңге салынып әрең дегенде  наурыз айының соңында қол жеткіздім дегені шындыққа жанаспайды.

 

Биылғы жылы ағын су тапшы болғаны рас, себебі өзен және бұлақ көздерінің суы тартылып,  шілде-тамыз айларында су тапшылығы болды. Аудандық су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері келіп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізген. 

 

Жігерген ауыл округі әкімі аппараты қызметкерлерімен кезекшілік ұйымдастырылып, мүмкіндігінше ағын су жеткізіліп берілді. Осы  маусымда ағын суды кезекпен және тәртіппен пайдалану мақсатында ауыл тұрғындарымен бірнеше рет жиналыс өткізіліп, су мұрабы тағайындалды. Казіргі уақытта  қатаң бақылауға алынған.  Өтініш егесімен кездесіп, түсіністікке келгенін хабарлаймын. С.Нұрманов».

 

Қазығұрт ауданы әкімдігіндегілер осылай деп жазыпты. Ал бұған байланысты кәсіпкердің өзі не дейді? Кешегі сейсенбіде хабарласқанда Е.Шералиев бізге былай деді:

 

«Қажет кезінде қанша әрекеттенсем де аудан әкімінің қабылдауына кіре алмай амалым құрыған еді. Газеттеріңізде мақала жарияланғасын мені шақыртты. Сонда аудан басшысына бол­ған жайлардың бәрін айтып бердім. «Жер бергіздіңіз, бірақ оның өзіне ит қорлықпен жүріп кешігіп қол жеткіздім», – деп, неге олай болғанына дейін жасырмай, толық айтып бердім. Тамшылатып суғару бойынша жәрдем керегін айттым. Ол кісінің  не ойлап, не түйгенін білмедім: «Келесі жылы мұндайды болдыртпаймыз», – деп шығарып салды. Орынбасарына микроқаржылық ұйымдардан несиені кепіл қоюсыз әперуге ауызша тапсырма берді.

 

Аудан әкімінің маған уақытша пайдалануға жер бөлу жөнінде биылғы қаңтар айында қаулы шығарғаны рас. Дегенмен мені конкурсқа қатыстырмау үшін құйтырқы әрекеттер жасалды. Мен «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау қорының ауылдағы өкілінің көмегімен ғана конкурсқа қатыса алдым. Алайда жерді пайдалануға құқық беретін акт 12-наурызда түзіліпті. Оның өзін де мен наурыздың аяғына қарай алдым. Ауыл басшыларымен арада айтыс-тартыс болды. Сөйтіп таңқурайды кеш еккенім өтірік емес.

 

Ал су мұрабы бөлініп, су жеткізу қадағалауға алынды дегенге айтарым – біздің жаққа наурыз, сәуір, мамыр айларында су мұрабы керек те емес. Өйткені су өзі келіп жатады. Сол мұрабтары көктемде жүрді де, нағыз судың керек кезінде жоқ болды.

 

Жалпы, менің сіздерге айтқан сөздерімде ешқандай да өтірік жоқ. Аудан әкімінің алдында болғанымда барлық шындықты жайып салған едім, нәтижесі осындай болса, амалым қанша...»

 

...Осылай деген Еркін Шералиев келесі жылы таңқурай егуге тәуекел етуі екіталай екенін де жеткізді. «Онда да осындай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Енді менде кәсіпке салатын ақша да жоқ. Сондықтан екі ойлы күйде жүрмін», – дейді ол.

 

Жалпы, кәсіпкер өте қапалы, оның басшыларға деген сеніміне селкеу түскені білінеді. Енді мұның соңы не болмақшы?

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ