Келешекте Корея, Жапониямен де жұмыс істеуді көздеп отыр

02.10.2018
Қаралды: 183

Сайрам ауданында «Қайып ата» деп аталатын үлкен шаруашылық бар. Директоры – Сырым Ертаев. Кәсіпкердің есімі облысқа, тіпті Қазақстанға кеңінен танымал. «100 жаңа есім» жобасына енген азамат.

 

Көпке жасаған жақсылығын айтуды аса ұната бермейтін меценаттың жомарттығы өз алдына бөлек тақырып. Біз ол кісінің шаруашылығы тұрғысында әңгіме қозғамақпыз.

 

Қазығұрт ауданында дүниеге келген кәсіпкер туған өңірінің баурайын малға толтырған. Өзіне мирас болып жеткен ата кәсіп – мал шаруашылығын дамытып жатқан Сырым Махамбетұлы осыдан бірнеше жыл бұрын Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округінен мал сою бекетін және ет өнімдерін тереңдетіп өңдеу цехын салып, іске қосқан.

 

Ол «Қазақстан Халық Банкінің» филиалынан құрылыс жұмыстарына 231 миллион теңге, құрал-жабдықтар алуға 115 миллион теңге несие қаржы алып, бүгінде белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Күніне 30 тонна өнім өндіріп, 28 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген кәсіпорында бірінші кезекте сапаға мән беріледі.

 

«Біз мал сою цехын ашпастан бұрын бірқатар шетелдерді аралап, осы саладағы озық технологиялармен таныстық. Көрген-үйренгенімізді, ізденістен түйгенімізді өз цехымызда қолдандық. Міне, соның нәтижесінде ет өнімдерін экспортқа шығарып жатырмыз. Ираннан сұраныс көп түседі. Ол жаққа әуелі 10 мың қой жібердік, енді күніне 2-3 мыңнан жөнелтудеміз. Одан бас­қа, Қытай, Ресей елдерінен тапсырыс түсуде.

 

Көптеген ауылдардан, тіпті өзге облыстардан келіп мал шаруашылығы бағытында кәсіп­керлікті меңгеруге қызығушылық танытушылар көп. Олардың оқып-үйренуіне барлық жағдайды жасаудамыз. Бұл қызмет – ақысыз. Бір сөзбен айтқанда, бізде кәсіпкерлік мектебі жұмыс істеуде», – дейді Сырым Ертаев.

 

«Қайып ата» ЖШС ет өнімдері экспорты көлемін арттыру үстінде. Серіктестік алдағы уақытта етті терең өңдеп, Корея, Жапония елдеріне де жөнелтуді көздеп отыр. 

 

Жастармен үнемі кездесу ұйымдастырып, тәжірибе бөлісіп, бағыт-бағдар беруді де өзінің азаматтық борышы деп білетін кәсіпкер ауылға қажетті мамандықтарды, оның ішінде технолог мамандығын меңгеруге шақырып жүр. Талапкерлер болып жатса, оларды кәсіпорында жұмыс істетіп, Еуропаға оқуға жіберуге өздері көмек­тесетінін айтады.

 

Сырым Махамбетұлындай  жандардың қатары артса, елімізде жұмыссыздар саны әлдеқайда азайып, адамдар бұдан да белсенді өмір сүруге дағдыланар еді-ау деген ой туады.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ