Танагөзовке телміре көз салып отыр...

02.10.2018
Қаралды: 146

Газетіміздің №30 нөмірінде «Алты балалы ана құлағалы тұрған ескі сарайда күнелтуде» деген тақырыпта күйеуі тастап кеткен бәйдібектік көпбалалы ана Бота Құлтаева туралы мақала жарияланған болатын. Шиеттей бала-шағаны қайтсем асырап, жеткіземін деген жал­ғызбасты ана баспанаға зәру екендігін айтып, көпшіліктен көмек сұраған еді.

 

 

Бұл отбасының мүшкіл халі жазылған мақаланы «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері де оқып, бізбен телефон арқылы байланысқан болатын. Өйткені ол әйелдің қолында ұялы телефоны жоқ еді. Сонымен олар әйелдің тұрғылықты жерін, жағдайын толық сұрап: «Көп ұзамай комиссия мү­шелері өздері барып, кезекке қою-қоймау жөнінде шешім шығарады», – деген болатын. Бұл жаңалықты Шаянға арнайы барып, Б.Құлтаеваның өзіне айтқанбыз. Содан бері бірер ай өтті. Апай қайта-қайта біресе көршісінің, біресе танысының телефонынан «звандап», сүйінші хабар естігісі келіп жүр.

 

Өткен аптада аталмыш қордың еріктісіне кейіпкеріміздің үй кезегіне тұрған-тұрмағанын білу мақсатында телефон шалдық. Олардан: «Кезекпен барады», – деген жауап алған соң қыс келгенше баспанаға қол жеткізсе деп біз де үміттенген болатынбыз.

 

Жуырда Бота Құлтаева редакция­мызға тағы да хабарласты. Айтуынша, сол баяғы құлағалы тұрған сарайда әлі де тұрып жатыр екен.

 

«Үшінші жыл отырған үйіміз биылғы қысты көтере алмайды-ау деп қауіптенемін. Осыны айтып, аудан әкімі Б.Танагөзовке үмітімді арқалап тағы бардым. Әкім мырза: «Кезегіңіз келгенде аласыз», – деп тағы да шығарып салды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақыт Ысқақтың да есігін қақтым. Кабинетінде 40 минут отырдым. «Биыл үй ала аламын ба?» – деген сұрағыма одан да мардымды жауап естмедім. Енді не істейтінімді білмеймін. Алты жылдан асса да маған баспана алуға жетпейтін неғылған кезек бұл? Күйеуім де сол кеткеннен қара көр­сетпеді. Ай сайынғы жәрдемақы мен жалдамалы жұмыстан түсіп жатқан 39 мың теңгенің бетіне қарап отырмыз», – дейді ол жыларман күйде.

 

Баспанаға аса зәру көпбалалы жалғызбасты ана «Харекет» қайырымдылық қорынан, жергілікті аудан басшылары мен қайырымды жандардан қолдау күтеді.

 

Алты баламен ескі сарайда әупі­рімдеп күн кешіп жатқан ананың мұқтажына бейжай қарамайықшы!

 

Дария НАЗАРБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ