11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр

02.10.2018
Қаралды: 92

Елбасы биылғы Жолдауында өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген тұрғындар мәселесіне ерекше тоқталып: «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», – деген еді. Жақында Сайрам ауданына іс-сапармен барғанымызда осы бағытта бірқатар жүйелі жұмыстардың жүзеге асырылып жатқанына көзіміз жетті.

 

Сайрамдықтардың басым бөлігі мал шаруашылығымен шұғылданады. Бір қуантатыны, соңғы жылдары аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолындағы азын-аулақ малының қарасын кө­бейтіп, бірінен соң бірі шаруа қожалығын аша бас­тапты. Манкент ауылындағы «Құрбантай ата» шаруа қожалығы 2000-жылдан бері жұмыс істейді. Қожалыққа барғанымызда қайнаған тірліктің үстінен түстік. 

 

Ұзындығы 300 метрлік стандарт­ты 4 қорада 650 бас бұқа бар екен. Жем тасып, су беріп, қи шығарған жұмысшылардың шаруасы қауырт. Қожалық төрағасы Сәбит Акчиев жұмыс барысымен таныстырды. Айтуына қарағанда, мал көбейтіп, қора-жайды ыңғайластыру үшін 2014-жылы «ҚазАгро қаржыдан» 18 миллион теңге несие алыпты. Бірақ 14 пайыздың қарапайым шаруаға ауыр соғатынын түсініп, қаржыны көп өтпей-ақ қайтарып беріпті. Соңғы жылдары мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру мақсатында қолға алған бағдарламаларымен таныс болып, енді пайызы төмен несие алғысы келетінін айтады.

 

«18 жыл бұрын кәсіпті 5 өгізшемен бастадым. Қолымда қара ала және ақбас бұқа болды. Істің көзін тауып, тер төгіп жұмыс істеген соң мал басы біртіндеп көбейе берді. Кейін тез семіріп, салмақ қосатын «Абердин-Ангустың» да қатарын арттырдым.

 

Малдың азығын сайлау қиындау тиеді. Жем-шөп те қымбат. 650 бас бұқа күніне 1,5 тонна бидай жейді. Ал бидайдың келісі 60 теңге тұрады. Жегенін өтеуін-өтегенімен қымбатшылық заманда түскен қаражат шаруашылықтың шығындарымен-ақ кетіп қалады.

 

Малды бордақылау үшін ауылдағы бордақы алаңдарының қайсысы бос болса, сонда апарамыз. Талапқа сай сойылған соң ет Алматыға және Өзбекстан­ға жөнелтіледі.

 

Қазір қолымда 11 жұмысшы бар. Олардың алды он жылдан, ке­йін­гілері 2 жыл көлемінде қожалықта тер төгіп жүр», – дейді кәсіпкер.

 

Ауыл тұрғындары, ағайынды Юшан және Шурат Абдуллаевтар 10 жылдан бері шаруашылықтың басы-қасында жүр екен.

 

«Ерекше күтімді талап ететін бұқалардың күнделікті жем-шөбін уақтылы беру – міндетіміз. Бағымдағы бұқаларға күн сайын салмақ қосу үшін 60 дана сығымдал­ған шөп пен 700 келі жем қайнатылып берілсе, ай сайын 30 тонна кебек жұмсалады. Барлық зоотехникалық талаптар сақталып, 4-5 ай бағыл­ған бұқалардың салмағы 350 – 600 келіге жеткенде етке өткіземіз. Одан басқа қоралардың тазалығы, қожалықтағы «ЗиЛ» және «Газель» көліктерінің жүріп-тұруы, азықтарды дайындау, тағы басқа тірліктерді атқарамыз. Ауылдан тұрақты жұмыстың табылғанына, көңіл­дегідей жалақының болғанына ризамыз», – дейді жұмысшылардың бірі.

 

Атшаптырым мал қораның айналасы тап-таза, көлденең жатқан шөп-шалам да байқалмайды. Кәсібін дөңгелетіп, өз отбасынан бөлек тағы 11 жанұяны асырап отырған шаруаға ісінің берекесі бұдан да арта түссін деп тілек айтып қоштастық.

 

Д.БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ