Балапандарды балпанақтай құсқа айналдырады

02.10.2018
Қаралды: 94

Бүгінде Түркістан облысындағы «Ордабасы құс» фабрикасының өңіріміз бен республиканың басқа аймақтарын құс етімен қамтып, өнімдерін шет елдерге де шығарып жатқаны белгілі. (Біз ол туралы кезінде егжей-тегжейлі жазғанбыз). Таяуда Татарстандағы күрке тауық етін өндіретін бір шаруашылықтың жұмысы әлдебір себептермен тоқтап қалып, оның өнімін молынан тұтынатын мәскеуліктер бүгінде «Ордабасы құспен» келісім жасауға әрекеттеніп жатыр екен дегенді естідік. Бұл құс етінің қайда болса да зор сұранысқа ие екенін көрсетеді.

 

Ендеше Түркістан облысында қанша құс фабрикасы салынса да артықтық етпейді десек болады. Кейінгі бір-екі жылдың ішінде ғана облыста ондай шаруашылықтардың біразы бой көтерді. Соның бірі – Төлеби ауданының Киелітас ауылында орналасқан «Ленгір құс» ауыл шаруашылығы кооперативі. Іргетасы 2017-жылдың  көктемінде қаланған бұл кәсіпкерлік нысанның бүгінгі жағдайы қалай, қандай жаңалықтары бар? Осы орайда біз «Ленгір құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы Дина Сүттібаевамен  (сурет­те) әңгімелескен едік.

 

«Фабриканы бірнеше кәсіпкерлер бірігіп, 2,5 гектар жерге ашқанбыз. Жұмысты өз күшімізбен бастадық. Яғни кооперативке біріккен кәсіпкерлер қора-жайларын өздері салды. Басшылар инфрақұрылымын жасатып, жарықтандырып, сумен қамтамасыз етті, газ құбырын тартқызып берді. Жалпы, 2017-жыл бойы құрылыс жұмыстары жүргізілді.

 

Ал фабрикаға қажетті құрал-жабдықтарды лизингке алғанбыз. Үкіметтің көмегі ретінде оған қатысты субсидия берілуде. Алған 15 миллион теңге несие үшін 7 миллион теңге субсидия берген. 39 миллион 520 мың теңгеге лизинг алғанбыз. Естуімізше, 35 пайыздан 50 пайызға дейінгі сомасы субсидияланады деген, оған да көп ұзамай қол жететін шығар деген үміттеміз. Жалпы, бұл қаржыларды алынған лизинг үшін бірден аударып, несиенің негізгі сомасынан шегеріп тастап жатыр», – дейді кооператив төрайымы.

 

«Ленгір құс» бүгінде құс шаруашылығының ет өндіру бағыты бойынша жұмыс істеуде екен. Нақты жұмыстарын биылғы наурыз айында бастапты. «Қайнар құс» кәсіпорнынан бройлер тұқымды тауықтың 1 тәуліктік балапандарын алып бағады екен. Олар 2 – 2,5 ай шамасында 3 – 4 кило ет беретін шамаға жетеді. Яғни фабрикада бройлер тауығы өсіріліп, салмағы қажетті деңгейге жеткенде етке өткізіледі. Фабрика нақты жұмысын биылғы көктемде 92 мың 600 бас тауық балапанын алудан бастаған, осы уақытқа дейін 135 тонна ет өткізіпті. Яғни ет өткізу нысандарын өздері іздеп тауып жүр. Өнім өткізуді 2 мың тоннаға жеткізсе, бұған қатысты мемлекеттен субсидия алуға да қолдары жетпек.

 

...«Ленгір құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің аяқ алысы осындай болып тұр. Олар шаруашылыққа алдағы 30-қазан мен 2-қарашада әрқайсысы 35 мың данадан екі мәрте бройлер балапандарын кіргізбек. Алда әр партиясын 50 мың данаға дейін жеткізу межеленген.

 

Әзірге газ болмауына байланысты «Ленгір құстың» біраз жұмыстары тоқтап тұр екен. 6 кәсіпкер жұмыс жүргізіп жатыр. Газ берілсе, басқаларының да әрекеті қарқын алмақ.

 

Жалпы, бұл жас шаруашылық әзірге жем дайындау, тауық сою алаңдары болмағандықтан өзгелердің қыз­метін пайдаланып, бұған біраз шығындануда екен. Сондықтан алда жетпей тұрған техникалық құрал-жабдықтарды реттемек ниетте. Әрине, келешекте өнімнің жаңа түрлерін шығару, шұжық цехын ашу сияқты алға қойыл­ған жоспарлар көп.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ