«Гала», «Фуджи», «Грени смит»...

01.10.2018
Қаралды: 69

Қазығұрт ауданындағы «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2016 жылдан бері алма бауын егумен  айналысады. 70 гектар жерге күздік және жаздық алма егіп, 18 адамды – тұрақты, 100-ге жуық адамды маусымдық кезеңде жұмыспен қамтып отырған кооперативке 14 шаруашылық біріктірілген.

 

«Өнім жинау науқанын күні кеше ғана аяқтадық, – дейді шаруашылық төрағасының орынбасары Ермахан Сұлтанбеков. – Биылғы жыл­ға көзделген 1000 тонна алма жиналды. Қазір оның 600 тоннаға жуығы мұздатқышқа сақтауға жөнелтілді. Тапсырыс берушілер сол жақтан көтерме бағада тапсырысына қарай алып кете береді. Ал бізде алма килосының бағасы 180 теңгеден басталады. 

 

«Бірлік» өндірістік кооперативінің  суармалы жер көлемі 86 гектарды құрайды.  Соның бүгінде 70 гектарында 200 мың түп алма көшеттері отырғызылған. Италиядан әкелген құрал-жабдықтармен жарақтандырылған бау 3 жылдан соң әр гектарына 50-60 тоннадай өнім беруге қауқарлы. Мұнда қазір алманың «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» секілді түрлері өсіріледі. Баудың жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгеден астам соманы құрайды.  Жобаға құйылған қаржы «Ауыл шаруашылығын қаржылай  қолдау қорынан» бөлінді.

 

Енді аз уақытта соң үшінші жылға аяқ басамыз. Демек, гектарынан 60 тонна өнім алуға жақынбыз. Ендігі мақсатымыз – өнім көлемін жылына 4-5 мың тоннаға жеткізіп, экспортқа шығару».

 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі қарқынды бауға байланысты: «Қазіргі таңда облысымызда 2 мың гектарға жуық қарқынды бау бар. Оларға қажетті  құрал-жабдықтар шетелден тасымалданатын. Енді  бау-бақшаға қажетті бетон бағаналары мен тор, пластикалық құрылғыларды өзімізде өндіруге мүмкіндік туып отыр. Бұл өз кезегінде алманың өзіндік құнын арзандатады. Сондай-ақ бағбандықты жетік меңгерген  маман даярлау ісіне де мән берілуі тиіс. Жалпы, облысымыздағы интенсивті баулардың көлемін тағы да 1000 гектарға ұлғайту жоспарымызда бар», – деген болатын.

 

Тек ғана Түлкібас, Сарыағаш, Қазығұрт пен Бәйдібек аудандарындағы отызға жуық түрлі алма сортынан-ақ алма Оңтүстіктің брендіне айналады деген сенім зор. Оның ішінде ерте пісетіні, қысқа сақтайтыны да көп. Тіпті келесі алма піскенше хош иісі бұрқырап сақтаулы тұратындары қаншама! Осындайда базарды жаулап алған шетелдің дәм-сөлсіз жеміс-жидегін, бау-бақша өнімдерін отандық өнім ығыстырса, кәнеки! Ол үшін нарықта импорттан келетін өнімнен гөрі, отандық өнім көлемін ұлғайтуымыз қажет екені айтпаса да түсінікті.

 

Осы бағытта қызу жұмыс істеп жат­қан «Бірлік» өндірістік кооперативі Қазақстанға, тіпті шет елдерге кеңінен танылып, «Қазығұрттың алмасы-ай!» дегізер күн алыс емес сияқты.

 

Д.ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ