«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» кәсіпкерлерге жағдай жасап жатыр

01.10.2018
Қаралды: 62

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Түркістан облысында 2 миллиард 970 миллион теңгеге 564 ауылдық жобаны қаржыландырды. Несиелер ауылдық кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға берілді. Оның ішінде 2017 – 2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасы аясында – 1 миллиард 936 миллион 300 мың теңгенің 433 жобасы қаржыландырылды. Айта кету керек, оның үштен бір бөлігі – «Бастау Бизнес» бағдарламасы қатысушыларынан түскен жобалар, ал 80 пайызы – стартап-жобалар болып табылады.

 

6 бағыт бойынша несие береді

 

Бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мынандай бағыттар бойынша несиелеуді жүргізеді: «Игілік» – мал мен құсты ұстау және көбейту, «Бірлік» – сүт қабылдау бекеттері жүйесін құру және дамыту, «Кәсіпкер» – ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы емес бизнес түрлерін дамыту,  «Ырыс» – 50-100 ірі қара мал басына арналған тауарлы сүт фермаларын құру және дамыту, «Егінжай» – көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру.

 

Биыл мал басын көбейту және ірі қара мал етін экспорттау көлемдерін арттыру үшін қор жаңартылған «Сыбаға» бағдарламасын енгізді. Бұл бағыттағы қаржы ірі қара және ұсақ мүйізді аналық мал басын сатып алуға жұмсалады.

 

«Сыбаға» бойынша облыстық филиал тарапынан 565 миллион теңгеге 36 жоба мақұлданған, – дейді қордың облыстық филиалының директоры Ғалымжан Нұрлыбаев. – Бұл қаржыға жергілікті ұсақ мүйізді мал мен шетелден етті бағыттағы сиырлар сатып алынуда. Облыс бойынша жылдың соңына дейін мыңнан астам ірі қара әкелінеді.

 

Жалпы, барлық бағыттар бойынша ең жоғары кәсіпкерлік белсенділікті Сарыағаш ауданының тұрғындары көрсетуде. Бұл аудан бойынша 365 миллион теңгеге 59 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ көшбасшылар қатарында Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарының кәсіпкерлері бар.

 

Ауылдық кәсіпкерлікті қаржыландыру қордың өз қаржысы мен «Еңбек» бағдарламасының екінші транш аясындағы қаржы арқылы жалғасуда.

 

Жиһаз жасап шығаруда

 

Аталған қордан несие алған азаматтардың бірі – Мақтаарал ауданының тұрғыны Мұрат Мейірманов. Ол бұрыннан жиһаз шығарумен айналысатын, бірақ мемлекеттің қолдауын пайдаланбаған. Өткен жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 2018 жылдың басында 4 миллион теңге несие алған. Қаражатты құрал-жабдықтар мен материалдарды сатып алуға жұмсады.

 

Цехта отбасы мүшелерімен қатар тағы жеті адам жұмыс істейді. «Материалдар Шымкенттен әкелініп, дайын тауарлар жеке дүкенде сатылады. Түскен табыс бизнесті әрі қарай дамытуға және несиені өтеуге жеткілікті болып тұр», – дейді кәсіп игесі.

 

Сүт фермасын ашқан Ақберген

 

Төлеби ауданының тұрғыны Ақберген Табылдиев осыдан үш жыл бұрын ірі қара мал ұстап, шаруашылығын кеңейтемін деп шешкен болатын. Уақыт өте келе оның шаруашылығы отбасылық бизнеске айналды.

 

Балдыберек ауылы Түркістан облысындағы Ленгір қаласының маңайында орналасқан. 2015-жылы жас кәсіпкер Табылдиев «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на тауарлы сүт фермасын дамыту үшін жеңілдетілген несиелеуге өтініш тапсырған болатын.

 

Несие алу үшін бизнес-жоспар дайындау қажет еді. Мамандығы заңгер болғандықтан Ақберген қорға нарықтағы жағдай жан-жақты көрсетілген, өндірістің рентабельділігі дәлелденген, жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін нақты жоба ұсынды. Сонымен бірге қажетті құжаттар жинағын қорға тапсырып, өз бизнес-жоспарын мақұлдау туралы шешім алған.

 

Міне, осылай 2015-жылы 22 миллион теңге көлеміндегі несие кәсіпкердің шотына аударылды. Бұл қаржыға кәсіпкер фермаға қажетті сүтті тұқымды 50 сиыр, трактор, сауу құрылғыларын, дән мен шөпті ұсақтайтын жабдықтар сатып алған. Және өз қаржысынан шаруашылықты тағы 20 мал басына көбейтті. 

 

Жаз мезгілінде сүттің көлемі бір тоннаға жетеді. Кәсіпкер алған өнімді Көксай ауы­лындағы сүт өңдеу зауытына жет­кізеді.

 

«Мен мамандық бойынша заңгермін, қоғамдық салада жұмыс істегім келді, – дейді Ақберген Табылдиев. – Бірақ қазір стартап-жобалар үшін ыңғайлы жағдай жасалып жатқанын көріп, оқыту курсынан өттім.  Осылай өз бизнесімді іске асыру өте пайдалы екенін түсіндім. Ата-анам бала кезімнен туған жерге деген сүйіспеншілікті, ерінбей еңбек етуді үйреткен. Бүгінде біздің шаруашылығымыз аяғына тұрып, жергілікті сүт зауытымен ынтымақтастықты жалғастыруда».

 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тауарлы сүт фермаларын құру және кеңейтуге бағытталған «Ырыс» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырады. Несиелеу сомасы 85 миллион теңгеге дейін, мерзімі 10 жылға дейін, жылдық сыйақы үстемесі – 6 пайыз, жылдық тиімді сыйақы үстемесі – 6,7 пайызға дейін.

 

Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Ырыс» бағдарламасы бойынша 2 тауарлы сүт фермасын қаржыландырған, бұл мақсатта 47 миллион теңге көлемінде несиелер беріледі.

 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай

қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ