Оңтүстіктің мақтасын Еуропада да тұтынады

29.09.2018
Қаралды: 49

Аграрлық салада орасан орны бар мақта шаруашылығы еліміздің оңтүстік өңірінде жақсы дамыған. Оның себебі де жоқ емес, бұл аймақтың ауа райы егістікке қолайлы. Мақтаның қажетті шикізат екені белгілі. Әсіресе мақта шитінің маңызы зор. Оны тұқымдық, жем, май ретінде пайдаға жаратады. Сондықтан да аталмыш «ақ алтын» Қазақстанда экспорттық өнім болып табылады. Бұл салада қыруар жұмыс атқарып жатқан шаруалардың басым бөлігі де осы оңтүстік өңірде.

 

Соның бірі – Ордабасы ауданы, Бөген ауылдық округіндегі «Бөген – Агро» ЖШС-і. Кооператив ірілендіру жұмыстарының нәтижесінде былтырғы жылы құрылған болатын. Қазіргі таңда мұнда 850 – 900 гектардай суармалы жер болса, соның ішінде 650 гектары мақта алқабы, 2000-дай гектар жайылым бар. Мақтадан бөлек, малға арналған жоңышқа, жүгері, бау-бақша егіледі. Мұндағы мақта қабылдау бекеті күніне 50 – 60 тонна мақта қабылдайды.

 

– Дәл қазір мақта теру науқаны қызу жүріп жатыр. Былтырғы жылы мақта өнімі жақсы болған еді. Биыл су жағынан сәл таршылық көріп, өніміміз аздау болды. Дегенмен ісіміз тоқтаған жоқ, жұмысымыз  қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан  берілген субсидиялар жақсы көмектесуде. Бүгінгі күні комбайн, тракторларды қоса есептегенде отыз шақты техникамыз бар.   Олардың барлығы іске жұмылдырылуда. Қазіргі таңда қол терім жоқ, себебі біз үшін мақтаны комбайнмен терген  шығыны мен уақыты жағынан тиімдірек, – дейді кооператив төрағасы Асқар Битуғанов.

 

...Сол секілді Бөгендегі шаруа қожалықтарына қызмет етіп жатқан тағы бір копператив – «Ордабасы Агро». Мұндағы 2200 гектар суармалы жерге 32 ауыл шаруашылыққа қажетті техниканы пайдаланады.

 

– Біз жұмысымызды 2016-жылы бастадық. Қазіргі күні қарамағымызда 35 шаруашылық бар. Мақта, жүгері, жоңышқа егумен айналысамыз. Мынау – осы кооператив мүшелерінің жинап жатқан мақтасы, оны біз зауыт­қа өңдеуге жібереміз. Мақтаны сақтауға барлық жағдайлар жасалған, арнайы желдеткіштер де жұмыс істеп тұр. Қазір мұнда 1200 тонна мақта бар.

 

Бүгінде 22 отбасыны жұмыспен қамтып отырмыз, олардың айлық жалақылары 80 мың теңге шамасында. Бізде техникамен толықтай қамтыл­ған, сондықтан жұмыс қысы-жазы тоқтамайды. Мақта жинау науқаны біткен соң жер айдау, оны келесі жылға да­йындау деген сияқты жұмыстар тізбек­теліп кете береді, – дейді кооператив басшысы Әбілда Әлібеков.

 

Осындай шаруа қожалықтарынан жиналған мақталарды қабылдап, шетелге экспорттап отырған кәсіпорын – «Нұр Агро 73» ЖШС-нің мақтау өңдеу зауыты. Аталмыш нысанның инвестициялық құны – 255 миллион теңге. Мұндағы жұмысқа қамтылғандардың 230-ы  – жергілікті тұрғындар. 8 азамат нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қайта оқыту курсынан өтіп, осы кәсіпорынға жұмысқа қабылданған. Зауыттағы 14 өндірістік құрылғының көмегімен өңделген өнім Чехия және Молдова елдеріне экспорт­талады.

 

 – Қазір мақта қабылдау жүріп жатыр. Зауытымыздың жылдық қуаты – 30 мың тонна. Биыл да сол мөлшерде мақта өңдейміз деп межелеп отырмыз.  Айына 4500 – 5000 тонна мақта қабылдаймыз. Соның әзірге 20 мың тоннасын қабылдап қойдық, қалғанын алдағы терімде алуға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні чехтармен келісім-шартқа отырғанбыз, өңделген өнімді соларға жөнелтеміз. Бүгінде зауыттың өзінде 200-дей, мақта қабылдау пунктіндегі жұмысшыларымызды қосқанда  бас-аяғы 300 – 350 адамға жұмыс беріп отырмыз. Олар орта мөлшермен 75 – 80 мың теңге төңірегінде айлық жалақы алып отыр. 2015-жылдан бері Шардара, Төрткүл, Түркістан, Иқан өңір­лерінен мақта қабылдап келеміз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан болып жатқан барлық жеңілдетілген мүмкіндіктерді қолданудамыз, соның ішінде қаржы орталықтары арқылы жанар-жағар май, техникалар алып жатырмыз. Біздегі мақта шығынды көптеу бергенімен, сапасы өте жақсы, – дейді зауыт директорының орынбасары Батырбек Мырзахан.

 

Ордабасы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Әбілқасовты да сөзге тартқан болатынбыз. 

 

 – Өздеріңізге белгілі, 5-қазандағы Елбасының Жолдауында басты назар халық табысының өсуіне аударылып отыр. Әсіресе агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық жүзеге асыру мақсатында бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Ондағы басты міндет – еліміздегі өндірілетін өнім көлемін және де еңбек өнімділігін 2022-жылға дейін 2,5 есеге арттыру болатын.

 

Жалпы, Ордабасы ауданы – егінге де, мал шаруашылығына да қолайлы ауданның бірі. Биылғы жылы 55 мың 900 гектар егістік алқабын игеру жоспарланған. Бүгінгі күнгі статистикалық деректер бойынша сол аталған 55 мың 900 гектар алқап толықтай игерілді.

 

Осы ауданда мақта шаруашылығымен айналысатын ірі 5 кооператив бар. Бізде мақтаны егу ғана емес, оны өткізу жолы да қарастырылған. Мақта жинау жұмыстарын жүргізу үшін аудан көлемінде 12 жаңа үлгідегі заманауи комбайндар алынған. 2017-жылдың 1-қаңтарына дейін жалпы 74 мақта комбайны болса, бүгінгі күні олардың саны 80-нен асты. Оның ішінде 26 «Джон Дир» маркалы жаңа үлгідегі техникалар бар. Былтырғы мақта өнімділігі 26,3 центнерден болса, биыл 23,6 центнерге межеленіп отыр. Мақта бағасы да тұрақталды, қазіргі күні 180-182 теңгеден қабылданып жатыр.

 

...Міне, Ордабасыдағы мақта ша­руа­шылығының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Диқан ісінің берекелі болуына біз де тілекшіміз.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ