«Ырыс» бағдарламасын тиімді пайдаланған адам (ВИДЕО)

02.12.2018
Қаралды: 198

Қалауын тапқан адамға қара жердің берер ырысы мол ғой. Әсіресе Қазығұрт өлкесінің табиғаты жайлы, шөбі де шүйгін. Осы өңірдегі Қақпақ ауылында тұратын Әбдіжәлел Пазылов мал мен қоса егінді алқапты кәсіптің көзі етіп, ауданның ауыл шаруашылығы дамуына ерекше үлес қосуда.

 

«Жоламан» шаруа қожалығы әуелі «Қызыл тау-П» ЖШС болып 2000-жылы құ­рыл­ған. Кейін «Жоламан» деп қайта шаруашылық ашып, 2002-жылы асыл тұқымды меринос қойын өсіруді қолға алдық. «Оңтүстіктің мериносы» деп жұмыс бастап, едәуір істер атқардық. Асыл тұқымды ақ қойдың санын 2000-ға дейін жеткізіп, межені артығымен орындағанбыз. Осы кәсіпті дөң­гелетеміз дегені­мізбен белгілі себептерге байланысты бұл шаруа тоқтады. Қолдағы қойларды сатып, 2013-жылы ірі қара мал басын көбейтуді дұрыс деп шештік. Осылайша бұл шаруаны да айналдыра бердік.

 

Мал бағуды білгенімізбен көбейтуге келгенде аздап қиналып жүрген тұста «Сыбаға» бағдарламасы туралы естідім. Тиісті құжаттарды реттеп, 16 миллион теңге несие алдым. Сөйтіп 90 бас жергілікті сиыр, 3 бас «Әулиекөл» тұқымдас бұқа, бірнеше жылқы сатып алдым.  Қора-қопсыны да жөндеп, жұмысшылардың қатарын көбейттім.

 

Содан бері көктем мезгілінде төл алынады. Оларды баптап, өсіріп, 1,5-2 жастағы еркек бұзау­ларды бордақылап, етін сатып, түскен қаражат несиеге төленеді. Ал сүт тапсырыс бергендерге жөнелтіледі.

 

     Жалпы, қожалықта 120 гектар жайылымдық, 31

     гектар суармалы жер бар. Онда жоңышқа,

     жүгері, бидай, арпа және мақсары, көкөністер

     егіледі.

 

     Көктемгі жұмыстарға мем­лекеттің «Ырыс»

     бағдарламасын тиімді пайдаланатын

     шаруашылықтардың бірі менмін. Үш жыл

     қатарынан 2 миллион, 2 миллион 500 мың, 3

     миллион тең­гені 6 пайызбен 6 айға алып жүрмін.

     Бағдарламаның жәр­демі өте көп десем де

     болады. Жер жырту, дән сатып алу, техника

     жалдау, тағысын-тағы, егістік басындағы

     тірлікке осы қаржылар жаратылады.

 

     Осы орайда айтпағым, егін егу әр қазақтың

     қолынан келеді. Ата кәсібіміз мал шаруашылығы

     болғанымен, Құдайдың тартқан сыйы – жерді

     де дұрыс игере білу керек. Мемлекет ауыл

     шаруашылығы үшін тиімді пайызбен несие

     беруді қарас­тырған ғой. Тек лизингке техника

  алу, тамшылатып суару құрылғыларын алуға, құдық қазуға мемлекет субсидия берсе тіптен жақсы болар еді демекпін», – деп сөзін аяқтады кәсіпкер Әбдіжәлел Пазылов.

 

Жердің бабын тауып, мал өсіріп, оның игілігін көре білген шаруа 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларға ай сайын 50 мың теңгеден жоғары жалақы төлеп отырған жайы бар.

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ