Өз бақшасынан ауқымды жылыжай салған

29.09.2018
Қаралды: 81

Бұрын құрылысы мен жұмысы қиын көрінетін жылыжай ісімен айналысып, оны кәсіп етуге бүгінде өз диқандарымыз да машықтанып келеді. Тынбай ізденіп, білмегенің үйреніп, білікті мамандармен тәжірибе алмасып, еңбек ететіндер әрқашан қиындықты еңсеріп, үлкен жетістікке жетеді. Осындай еңбекқор жандардың арасында ер-азаматтардан қалыспай тірлік етіп жүрген нәзік жандыларымыздың санының артуы қуанышты жағдай. Осындай кәсіпкер, Бәйдібек ауданындағы Таңатар ауылының тұрғыны, «Мұрагер» шаруа қожалығының төрайымы Айнұр Мықтыбекованың ісі өзгелерге үлгі.

 

Айнұр Сәменбекқызы үйінің алдындағы бос жатқан үйіргелік жерін кәдеге жаратуды біраздан бері ойлап жүрген екен. Алдында мал азығы ретінде жоңышқа еккенімен оған су тапшы болады, әрі гектарлап екпеген соң жарытып пайда да бола қоймайды. Агроном мамандармен ақылдаса келе ең тиімдісі жылыжай салу керектігіне тоқталады. Осылайша Сарыағаш ауданынан екі маманды шақырып, 3,5 миллион теңгеге үйінің алдындағы аумақтан 16 соттық жылыжай салып алады. Алғашқы жылы байқап көру үшін 60 мың теңгеге қиярдың түркиялық «Арзу» деген түрінің 50 мың дана көшетін егеді.

 

«Жылыжай шаруасын дөңгелетіп отырғанымызға 5 жылға жуықтады. Қиярдың басқа да түрлерін егіп көргім келген. Бірақ «Арзудың» өнім беруі мен дәмі маған ұнады. Содан бері осы түркиялық сұрыпты өсіріп келемін.

 

Бұл сорттың ерекшелігі – қиярдың сырты жылтыр болады және жақсылап баптасаң, бір түбінің өзі 6 келіге дейін өнім береді. Осылайша мамыр айында егілген көшет, маусымның ортасына қарай жемісін бере бастайды. Бір түйір тыңайтқыш берілмегеннің өзінде жылыжайдан күнара 200-250 келі өнім жиналып, осы уақытқа дейін 40-50 тоннадан астам өнім алынады.

 

Жыл сайын жылыжайдан тамыздың орта тұсына дейін 3-4 тонна қияр аламыз деп жоспарлаймыз. Межемізден  кем жинаған кезіміз болған емес. Ал алынған өнімді ауыл тұрғындарынан бөлек, Шымкент қаласындағы көкөніс сататын ірі сауда орындарына келісін 100-120 теңгеден өткіземіз.

 

Жылыжайға тек қызанақ пен қиярды ғана емес, сонымен қатар құлпынай, сарымсақ, қырыққабат, бұрыш, баклажан, аскөк, қозықұйрық секілді көптеген көкөністерді егуге болады», – дейді кәсіпкер.

 

Келер жылы кәсіпкер қиярдың «Дария» деген түрін егіп көрмекші. Сонымен қатар қызанақ егуді де қолға алмақшы. Мақсатына жетуге талпынған жан мұнымен де шектеліп қалмақ емес. Енді үй ауласынан бөлек, ауыл маңындағы 15 соттық жерге тағы жылыжай салып, өнімділікті арттырып, ауыл тұрғындарын жұмысқа тарту ойында бар.

 

Жылыжайдың жұмысы оңай емес. Мұндағы көкөністі суғаруға күнара 10 тонна су жұмсалады. Көшет егілген соң түбі бірнеше рет қопсытылып, арамшөптің қаулап кетпеуі қадағаланады екен. Ал суғару, қатар арасын сирету, балалап кеткен артық гүлдерін жұлу, күн ысыған кезде «клеенканы» ашып, желдету секілді жұмыстар былайша-ақ атқарылатын іс. Шегіртке, өрмекші мен көбелектер қиярдың негізгі жауы екен. Оларға қарсы дәрі шашып, үздіксіз күресіп отырмаса, еткен ең­бектің зая кеткені. Сондай-ақ көкөністі үсітіп алмай, қажетті өнімді алу үшін қыстыгүні 60 тоннаға жуық қатты отын жағылады.

 

Ауылдағы ағайын ауласындағы бос жатқан жерді Айнұр ханым секілді игілігіне жаратып жатса, құба-құп болар еді.

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ