Өңірімізде өзіміздің роботтар жұмыс істейтін күн алыс емес

02.10.2018
Қаралды: 108

Заманның ағымы алға жылжыған сайын технология да күн сайын дамып келеді. Соның бірі – бүгінгі күні елімізге енді ғана еніп келе жатқан робот техникасы саласы. Робот техникасы – роботтар мен басқа да автоматтандырылған техникалық жүйелердің жұмысын зерттейтін ғылым. Қазіргі Жапония, Корея, Германия, АҚШ секілді біршама мемлекеттерде роботтандыру үрдісі алдыңғы қатарда деп айтуға негіз бар. Себебі әлемде адамның жұмысын атқаратын теңдессіз роботтар қатары жасалуда.

 

Мәселен, Оңтүстік Корея ғалымдары өткен жылы шетел фильмдеріндегі трансформерге ұқсас биіктігі төрт метрді құрайтын алып құлтемірді ойлап тапқан болатын. Адамның басқаруымен түрлі қимыл-қозғалыстар жасау мүмкіндігіне ие бұл роботты өнеркәсіп пен құрылыс саласында пайдалануға болады екен. Сол секілді тапсырыс арқылы ас даярлайтын аспаз-робот, мал бағатын бақташы-робот, көлік тұрақтарын қарауылдайтын күзетші-роботтар да пайда болуда. Тіпті науқасқа ота жасайтын хирург-робот та жоқ емес. Салмағы жарты тоннаны құрайтын «Да Винчи» деп аталатын құрал ота жасайтын аймақты бірнеше есе үлкейтіп көрсете алады. Оны дәрігер пульт арқылы басқарып отыратын көрінеді. Дамудың биігіне жеткен осындай елдердің деңгейіне күн санап біз де қадам басып келеміз. Сол мақсатта бүгінгі күні елімізде роботехника саласына ден қоя бастады. Еліміздегі бірқатар білім беру мекемелеріне робототехника сабақтары енгізілді. Сондай-ақ Шымкент қаласында балаларды осы саланың қыр-сырына үйрететін «РобоПарк» атты оқу орталығы бар. Орталық басшысы Абзал Әлібеков – жас кәсіпкер. Ол өзі қолға алған бұл жобаның болашағының зор болатынына еш күмәнданбайды.

 

«Орталықтың ашылғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Содан бері біздегі білім алып жатқан балаларымыз көптеген жетістіктерге жетіп, халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жатыр. Алдағы екі түрлі жарысқа қызу дайындық жүруде. Біріншісі – Ташкентте болатын Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан елдерінің арасында өтетін ауқымды халықаралық жарыс, екіншісі – «КазРоботикс» федерациясының ұйымдастыруымен Петропавл қаласында өтетін республикалық жарыс.

 

Қазіргі таңда 5 жастан 18 жасқа дейінгі 40-тан астам бала бізден сабақ алып отыр. Алғашқы екі айда балалар нұсқаулық бойынша бөлшектерді құрастырып үйренеді. Одан соң «ақылды» шлагбауам, желдеткіш, автоматты түрде ашылып-жабылатын есік секілді қарапайым механизмдерді құрастыруды тапсырамыз. Бір-екі жылдан соң балалар «ақылды қала» жобасына ұсына алатындай дүниелер жасап шығаратын болады. Біздің діттеген мақсатымыз да сол – балалардың ақпараттық-техникалық деңгейін арттыру.  Олар роботты құрастырып қана қоймай, оған белгілі бір бағдарлама жазады. Бұл өз кезегінде баланың математика, физика салаларын тереңірек меңгеруіне, ақыл-ойының дамуына септігін тигізеді.

 

Таяуда Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Робототехника және конструкциялау» деп аталатын мұғалімдерге арналған қазақ тілді әдістемелік жинақ жазып шықтым. Сонымен қатар, облысымыздың он бес ауданын аралап, тегін семинарлар өткізіп қайттық. Бұл – біздің робототехника саласына өз тарапымыздан қосқан үлесіміз деп айта аламын.

 

Алдағы уақытта 3-6 жастағыларға арналған «Лего кидс» бағдарламасын іске қоссақ деген ойдамыз. Сол секілді келешекте роботехникаға бағытталған үлкен техникалық мектеп ашу – алға қойған жоспарымның бір бөлігі болып тұр. Қазір сол мақсатта жұмыс жасап жатырмын.

 

Жалпы, робототехниканың болашағы зор, себебі роботтардың заманы келе жатыр. Сол үшін робототехника саласының беделін осы бастан көтеру керек деп ойлаймын», – дейді Абзалдың өзі.

 

Шымкенттегі дәл осындай тағы бір орталықтың иесі – Саодат Естиярова. Ол 2016 жылы «Назарбаев Университетін» тәмамдаған соң «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бизнес-Өсу» курсы бойынша білім алып, алдымен «Sachі» сұлулық салонын ашады. Бұл – оның алғашқы бизнесі еді. 2017 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныққан соң робототехника орталығын ашуды жоспарлайды. Осы жылы Саодат «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мемлекеттік гранттар конкурсына қатысып,  3 миллион теңге ұтып алады. Сол жылы  ол «Skіll Pro» робототехника орталығының Шымкенттен – екі, бірнеше айдан соң Астана қаласынан үш бірдей филиалын ашады. Қазіргі таңда мұнда барлығы 140-қа жуық бала білім алуда. Биылғы жылы «Skіll Pro» робототехника орталығы «Бастау» жобасының түлектері мен қатысушыларының форумында ең үздік 30 жобаның қатарына енді. Саодаттың бұл ісі елімізде кәсіп ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін тағы бір дәлелдеп берді. Демек, қорытынды біреу – екі қолға бір күрек алып, іске кірісу. Сонда ғана әрекетке берекет болатыны белгілі.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ