Теледидар көріп отырып-ақ жүйкеміз жұқаратын болды

29.09.2018
Қаралды: 85

Қазақ киносы неге дамымай жатыр? Осы сұрақ көп адамды толғандыратын шығар. Меніңше, оның бірнеше себептері бар.

 

Біріншіден, қазіргі шығып жатқан фильмдердің көбінің желісі тартымсыз,  әртістердің іс-әрекетінде жасандылық анық көрініп тұрады, шынайылық жоқ.

 

Екінші кемшілігі – тілі шұбар-ала, қазақша басталған кей кино міндетті түрде орысшамен араласып, қазағы – қазақша, орысы орысша сөйлеп, аталасы шығып жүреді. Мысалы «Шал» фильмінде бірнеше рет орыстар өз тілінде сөйлейді. Баяғы кеңестік кезеңнің өзінде өзге тілден аударылған кино қазақша басталып, солай аяқталатын еді.

 

Оның үстіне жарнама деген бір пәле шықты. Түкке тұрғысыз, шиферден құлап, көзі алақтап «Сникерс» жеп тұрған бір сайқы­мазақты күніне 20-25 рет көрсетеді. Одан көрерменін мезі еткені болмаса, «Сникерс» саудасының жүріп кеткені шамалы шығар. Сол әбден жанға тиіп болды, мен өз басым сол жарнама басталған сәтте теледидарды өшіріп, далаға шығып кетемін. Өйткені ол 5-7 минутқа, кейде 10 минуттай уақытқа созылады.

 

Қысқасы, қазір ешқандай талғамсыз шығарылып жатқан кей фильмдердің жұртқа пайдасынан гөрі зияны тиіп жатыр дер едім. Осындай көрерменді мезі ететін нәрселерді телеарнадан неге аластамайды? Жарнаманы неге құртпайды? Бізді былай қойғанда, одан жарнама берушіге не пайда?

 

Теледидардан бір мезгіл көңіл бөлетін қызықты фильм көрейін десең, көретінің – осы, тілі қойыртпақ дәмсіз кинолар, ашуыңды келтіретін жарнамалар. Теледидар тынықтырудың орнына жүйкемізді жұқартатын болып жүр.

 

Қ. АЙДАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ