Ағылшынша үйретуге неге сонша асықтық?

29.09.2018
Қаралды: 60

Әріптесіміз, белгілі ақын, баспагер Темірғали Көпбайды жұртшылық өз ой-көзқарастарын ашық жеткізетін азамат ретінде біледі. Ол кісі таяуда әлеуметтік желіде «Асыра сілтеу» деген атпен бірқатар пікірлерін жариялады.

 

Асыра сілтеу – 1

 

«Жапон балалары 12 жасқа дейін тек қана өз ана тілінде оқиды екен», –  дейді танысым. Оған таңқалатын не бар? Орыстандыру саясаты құтырып тұрған ке­шегі кеңестік кезеңнің өзінде біздің қазақтың балалары 4-сыныпқа дейін өзге тілді оқымайтын. Тек ана тілінде оқитын. Ана тілінің уызына қанып алған соң ғана басқа тілдер басталатын. Сол «советтік» заманның өзінде!

 

Ал бүгін ше? 1-сыныптан, 6 жастан бас­тап «үш тұғырлы – үш тілді» қойыртпаққа қойып кеткен баланың басында бірдеңе қала ма? Ондай бала Ана тілінің қадір-қасиетіне жете ала ма? Үш тілде де шала-шарпы былдырлағаннан гөрі баланың ең әуелі Ана тілін толық меңгергені жөн емес пе еді?

 

Бүгінгі асыра сілтеудің бір көрінісі осы.

 

Асыра сілтеу – 2

 

«Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнованың «Facebook» әлеуметтік желісінде айтуынша, биология, химия, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 11 мың 800 мұғалімді ағылшын тілі курсынан қайта даярлауға өткен жылы 5,6 миллиард теңге жұмсалған» деп жазады «Азаттық радиосы». Үкіметтің сәуір айында Смирноваға берген жауабында Қазақстанда 2016 – 2017-жылдары 12 мыңнан астам мұғалім ағылшын тілінде оқыту курсынан өткені айтылған. Сонымен бірге биыл 8871 мұғалім, ал 2019 және 2021-жылдары 3050 ұстаз қайта даярлаудан өткізіледі, қазіргі кезде 2 мыңнан аса мұғалім жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде немесе ағылшын тілі элементтерін қолданып оқытып жатыр деп хабарлаған үкімет.

 

Мұның бәрі шылғи өтірік!

 

И.Смирнованың өзі де байырғы ұстаз болғандықтан ағылшын тілін үйрету ісінде ақылға сыймас жағдайдың орын алғанына жаны ауырады. Жаны ауырмай қайтсін? Ай сайын 50 мың теңге алып, ағылшын тілі курстарынан қайта даярлықтан өткен барлық мұғалімнің 6 пайызы ғана сол тілде шала-шарпы шүлдірлейді екен. Оның өзі де күмәнді. Өйткені дәл осы курстардағы тәсілмен тіл үйреніп, ағылшын тілінде сабақ жүргізу деңгейіне жету үшін әр адам кемінде 10 – 15 жыл дәріс алуы керек екен. 

 

Тілді шын үйренемін деген адам курсқа өз қалтасынан төлеп оқиды. Тілді үйренуге, төленген ақшаны ақтауға жанын сала кіріседі. Қосымша жалақы үшін курсқа барған адам бірдеңе үйренеді дегенге сену қиын. Оларға тіл емес, қалтасының томпайғаны ғана керек. Сонда осынша жанталасып, мемлекет қаржысын желге шашу, сапаны ойламай, сан қуу кім үшін керек? Бұл енді асыра сілтеу болмағанда не болды?

 

Асыра сілтеу – 3

 

Қазақ еліндегі кейбір жоғары оқу орындарының қазақ бөлімдерінде қазақ оқытушылары қазақ топтарының студенттеріне қа­зақ әдебиетінің тарихы мен теориясын ағылшын тілінде оқытсын дегенді кім шығарды? Кім болса да, қазақша айтқанда, «есектің миын жеген» біреу болып тұр.

 

Қазақстандағы біраз университеттердің қазақ әдебиеті кафедраларына осындай қолайсыз міндет жүктеліп отыр. Қазақ әдебиетін ағылшынша оқытуды амалсыз мойнына алған қазақ оқытушылардың өз ағылшыншасы да шамалы. Ауызекі сөзді әрең құрастырады, екі ауыз сөзді ежіктеп оқиды. Мұндай «ұстаздар» теориялық сабақтарды қалай өткізеді? Шәкірттерге не ұқтыра алады? Ағылшын әдебиетін оқытып жатса бір басқа, қазақ баласына қазақ әдебиетін ағылшын тілінде оқыту деген кімнің ақылына сияды? Айналайындар-ау, қазақ әдебиетін қазақ тілінде оқытып жарытып алсаңдаршы! 

 

Осы жағдайға күйіп-пісіп отырсам, «Қазақ оқытушыларының ағылшыншасы нашар болғандықтан қазақ әдебиетін оқытатын ағылшын ғалымдарын шеттен шақырыңдар» деген нұсқауды естіп, есімнен танып қала жаздадым. Енді жетпегені сол еді!

 

Темірғали КӨПБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ