«Шетелдік инвесторларға ғана емес, өзіміздің кәсіпкерлерге де көмектесеміз»

29.09.2018
Қаралды: 150

Дәулетқожа Мамыров, «Қазақ инвест» Ұлттық компаниясының өңірлік директоры: «Шетелдік инвесторларға ғана емес, өзіміздің кәсіпкерлерге де көмектесеміз»

 

 

Бүгінде Түркістан облысында инвесторлар тарапынан бірнеше кәсіпорындар салынып, өз жұмысын жүргізіп жатқаны белгілі. Олардың жобалық жұмысы жасалып жатқандары да бар. Біз осы жөнінде инвесторлармен тікелей байланыста жұмыс істейтін «Қазақ инвест» Ұлттық компаниясының өңірлік директоры Дәулетқожа Мамыровпен (суретте) сұхбаттасқан едік.

 

Жобалар құны – 615 миллион доллар

 

– Дәулетқожа Қуанышбекұлы, Түркістан облысының биылдың өзінде бірқатар шетелдік инвесторлармен меморандум жасасқанын жұрт біледі. Облыстың инвестициялық әлеуеті жоғары екені туралы жиі айтылып жүр. Жалпы, шетелдік инвесторларды Түркістан облысында не қызықтырады – әңгімені осыдан бастасақ.

 

– Инвесторлардың қызығатын себебі – Түркістан облысында  жұмыс күші жеткілікті, жалдау арзанға түседі, аймақтың географиялық орны тиімді, климаты жайлы, транзиттік әлеуеті жоғары. Облыс орталығының өзі Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Қытайдан келетін автожол, темір жолдардың торабында орналасқан. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі де оған жақын. Ауыл шаруашылығына қатысты болсын, жер­асты байлықтарына байланысты болсын шикізат базалары да таяу жерде. Мысалы, Кентаудың өзінде – 14, Созақ ауданында 17 осындай кен орындары бар. Уран, түрлі металдар, алтын, тальк, қорғасын, мырыш, мыс, барит, мұнай мен газдың зерттелген кен орындарының өзі бірнешеу. Болашақта оларды да өндіру үшін инвестициялар тартылатын болады. Сондықтан да Түркістан облысы инвестициялық тартымдылығы аса жоғары аймаққа жатады.

 

– Биыл Түркістан облысында инвесторлар есебінен қанша кәсіп­орын іске қосылды?

 

– Түркістан облысында биыл жобалық құны 615 миллион долларды құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Жалпы саны – 13 жоба. Бүгінге дейін іске асырылғандары – 3-еу, одан бөлек, құрылыс жұмысы басталғандары мен құжаты әзірленіп жатқандары бар. Сондай-ақ мүмкіндігі қарастырылып жат­қан бірнеше инвестициялық жобаларды да айтуға болады.

 

– Кәсіпорындар қай аумақтарда орналасқан? Өндірістің қандай түрі­мен айналысады?

 

– Биылғы жылы Түркістан облысында инвесторлар тарапынан үш нысан іске қосылды.  Оның екеуі – Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалдық аймағында, біреуі – Түркістан қаласында.

 

Қытайлық инвесторлар Бадам индустриалдық аймағында зауыт салған. Кәсіпорында «баклашканы» турап, бал­қытып, қайта өңдейді, қалдықтардан синтетикалық талшықтар, жіптер, синтепон шығарады. Зауыттың бірінші кезеңі биылғы жазда іске қосылды. Бүгінде «баклашка» турау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Естуімше, онда осы күндерге дейін 200 тоннадай шикізат жиналған.

 

Бұл зауыттың құрылысы 2016-жылдан бастап жүрді. Бүгінде 2-ші кезеңіне қажетті жабдықтар жеткізілуде. Қытайдан мамандар келіп, бір айдан аса уақыт монтаждау жұмыстарын жүргізеді.

 

Жоба құны – 20 миллион доллар. Газдан проблема туындамаса, жұмыс­тары жолға қойылады деген сенім бар. Онда 200 адам жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.

 

Сондай-ақ 2016-жылы қытайлық тағы бір компания Түркістанда түйе және жылқы сүттерін құрғақ өңдеу зауытын салуды қолға алған болатын. Құрылыс жұмыстары таяуда аяқталды. Оған 22 миллион доллар инвестиция салынды. Зауыт іске қосуға толықтай даяр тұр. Өнім түгелдей Қытайға экспортталады. Қытайлықтар дайын өнімді импорттау жағын шешсе, жұмысы басталады. Ол за­уытта 188 адам жұмыс істейтін болады.

 

Сол сияқты, «Бадам» инвестициялық аймағында түрік  инвесторлары 2017-жылы құрылыс индустриясы саласында жұмыс істейтін, алюминий профильдерін жасайтын, құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салуды бастаған. Бүгінде онда газ пештері шығарылуда. Жоба құны – 5,5 миллион доллар. Зауыт таяу ара­да іске қосылады, онда 100 адам жұмыспен қамтылады.

 

– Бүгінде құрылыс жұмыстары басталған нысандар да бар дедіңіз...

 

– Француз компаниясы Арыста сағатына 13 мегаватт электр қуатын өндіретін күн-электр станциясын салады. Жоба құны – 20 миллион доллар. Жобалау жұмыстары біткен, сараптама жүргізілген. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары бас­талғалы отыр. Станция келесі жылдың жазында пайдалануға беріледі деп күті­луде. Онда 20 жұмыс орны ашылады.

 

Оңтүстік өңірінде мақта шикізаты жеткілікті. Осыған байланысты қытайлық бір компания Шардарада жобалық құны 10 миллион доллар тұратын мақта өңдейтін зауыт салуды бастады. Қажетті құрал-жабдықтары жеткізіліп қойды. Зауытта 300 жұмыс орны ашылады. Бүгінде басқа да қажетті жұмыстарына байланысты келісімдер жүріп жатыр.

 

Шардарада сондай-ақ өзбекстандық инвестордың күшімен мақта өңдейтін шағын зауыт салынуда. Инвестор оған 1,5 миллион доллар құяды. Ол ескі ғимаратты сатып алған, сонда жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Зауыт іске қосыл­ғанда 150 жұмыс орны ашылмақ.

 

Сайрам ауданының Қарамұрт ауы­лында Польша инвесторлары аумағы 11 гектар болатын жылыжай кешенін салады. Жобалық құны – 17 миллион доллар. Болашақта онда 150 жұмыс орны ашылады. Бүгінде жылыжайды бастан-аяқ құрып беретін жақпен келісім жасалып қойған. Құжаттар дайын болса, инвестициялық келісім-шарт жасалады.

 

Сондай-ақ германиялық инвестор Сарыағаш ауданында сағатына 13 мегаватт электр қуатын өндіретін күн-электр станциясын салып жатыр. Жоба құны – 36 миллион доллар. Қазіргі күндері онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Алдағы жылдың көктеміне қарай іске қосылады деп күтілуде. Онда 50 жұмыс орны ашылады.

 

Сол сияқты, непалдық бір компания Қазығұрт ауданындағы жылдам даярланатын кеспе жасайтын зауытты сатып алуда, оның жұмыс ауқымын кеңейтпек. Жоба құны – 15 миллион доллар. Бүгінде жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Ол іске қосылған жағдайда жаңадан 200 жұмыс орны ашылады. Келешекте оның өнім­дері Өзбекстан мен Ресейге де шығарылады деп күтілуде.

 

Зауыт, станция, комбинаттар салынады

 

– Құжаттары әзірлену үстіндегі жобалар жөнінде де айта кетсеңіз.

 

 – Ордабасы ауданындағы қазақ-түрік индустриалдық аймағында түркиялық жеке инвестор тазартылған қорғасын өндіруді қолға алмақ ниетте. Жоба құны – 14 миллион доллар. Оған жер телімі беріледі, басқа да қажетті келісімдер жүргізіліп жатыр.

 

Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанда  қуаты 50 мегаваттық күн-электр станциясы салынбақ. Бұған қытайлық инвестор ниеттеніп отыр. Жоба құны – 50 миллион доллар.

 

Қытайдың бірнеше жеке инвесторлары «Бадам» индустриалдық аймағында жобалық құны 15 миллион долларды құрайтын зауыт салады. Ол металлур­гия­лық зауыттардың қалдықтарынан цинк пен қорғасын өндірмек. Онда 70 жұмыс орны ашылады.

 

Қытайлық инвесторлар сондай-ақ Кен­таудан полиметалл кендерін өндіріп, өңдейтін тау-кен комбинатын салады. Кен Қызылорда облысының «Талап» кені­шінен алынатын болады. Жобалық құны 200 миллион долларды құрайтын комбинат іске қосылғанда 50 жұмыс орны ашылатын болады.

 

– Тағы да жасалып жатқан жо­ба­лар бар ма?

 

– Бар. Бірқатар жобаларға қатысты анықтау жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, қытайлық инвесторлар вагон жасау зауытын салуға ниет білдіруде. Бүгінде бұған қатысты келісімдер жүріп жатыр. Нақты шешім жасауға Қытай жағының адамдары келеді деп күтілуде. Жобалық құны 250 миллион долларды құрайтын зауыт іске қосылғанда онда 1500 жұмыс орны ашылады. Зауытты Арыс қаласынан салу ойда бар, бірақ ол нақтылан­ған жоқ.

 

Қытайлық инвесторлар сондай-ақ құны 648 миллион доллар болатын энергетикалық жабдықтар мен бұйымдар шығаратын индустриалдық аймақ салуды ұсынуда. Іске асқан жағдайда онда 5200 жұмыс орны ашылады.

 

Сол сияқты, күн батареяларынан өндірілетін электр қуатымен жүретін автобустар шығаратын зауыт салынуы да мүмкін. Бұған қатысты да қытайлық инвесторлармен келісім жүргізіліп жатыр. Жобалық құны 368 миллион доллар болатын зауыт іске қосылса, 3000 адамды жұмыспен қамтиды.

 

Сондай-ақ түрік инвесторы Кентауда 200 гектар аумақты қамтитын жылыжай кешенін салатын болды. Бүгінде инвестордың келуі күтілуде.

 

Тағы бір түркиялық инвестор Түр­кістанда жиһаз шығаратын өндіріс орнын ашпақ, Кентауда күн-электр станциясын салмақ ниетте. Құндары  2 миллион және 100 миллион долларды құрайтын бұл жобалар анықталу үстінде, оларға жер телімдері іздестірілуде.

 

Ресейлік инвестор Түлкібас ауданының Иірсу кенішінен полиметалл кен­дерін өндіріп, өңдейтін тау-кен байыту комбинатын салмақ. Жобалық құны 140 миллион долларды құрайтын комбинат салу мәселесі анықталу үстінде.

 

Польша мен Германия инвесторлары Сарыағаш ауданында жобалық құны 120 миллион долларды құрайтын күн-электр станциясын салады. Оған да жер телімі қаралу үстінде.

 

Сондай-ақ малайзиялық инвестор Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында қуаты 2,5 – 4 мегаваттық 4 кіші су-электр станцияларын салатын болады.

 

– Осыдан біраз бұрын Бәйдібек ауданынан немістер жел-электр станциясын салатын болыпты деп естіген едік. Ол жағы қалай болып жатыр? Шаян жақта бір басталса, кемінде бір апта бойы толассыз ұйытқитын «Арыстанды – Қарабас» желі бар ғой. Дайын өндіруші десе болады...

 

– Әзірге ондай нысан салуға тілек білдірушілер бой көрсете қойған жоқ. Себебі жел-электр станциясының жұмыс­тарына шығын көбірек жұмсалатындықтан, жөндеу жұмыстарын жиірек жүргізу қажеттілігі туындайтындықтан болса керек.

 

Кәсіпорын ашамын деушілерге жәрдем бар

 

– Жалпы, шетелдік инвесторлар Түркістан облысында қыруар шаруа­ларды қолға алып жатыр екен. Ал өзіміздің адамдар ше, шаруашылықтың қай саласында болса да ірі кәсіпорын ашамын дейтін жергілікті азаматтар шығып жатса, оларға бұл тұрғыда қолдау бар ма?

 

– Әрине. Біздің жұмыс шетелдік инвесторларға қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Бүгінде өзіміздің өңірден де кәсіпкерлер іздестірілуде. Ондай оншақты кәсіпкер бар, олармен келісімдер жүргізілуде. Яғни жергілікті кәсіпкер шетелдік инвесторды тарту арқылы нақ­ты бір жобаны іске асыра аламын десе, оған көмектесеміз. Мысалы, жобалық құны 50 миллион долларды құрайтын нысанға кірісу үшін өзінің жері, өзінің, мәселен, 20 миллион доллары болса, оған шетелдік инвестор тартуға болады. Ол үшін арнайы жоба жасалады. Жобаны есеп-қисабымен жасап беретін халықаралық аккредитациядан өткен әлемдік 4 компания бар, солардың бірін жалдап жасатамыз. Олар жобасын жасаған іске шетелдіктер инвестицияны қорықпай салады. Ал өзіміздің кәсіп­кердің жобасы өңіріміздің экономикалық ерекшеліктеріне байланысты болғаны жақсы. Кейін, қажет етсе, оның өнімдерін шетелге шығаруға да нақты жәрдем көрсетіледі. Жалпы, ондай шаруамен айналысқысы  келетін азаматтар шығып жатса, бізбен хабарласуына болады.

 

– Әңгімеңізге рахмет. Болашақта берері мол  ондай ірі кәсіпорын­дарды өзіміздің азаматтар да салып жатса, кәнеки!

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ