Ақын апаны не ашындырды?

02.10.2018
Қаралды: 202

Қазан айының ортасынан ауа Оң­түстікте ауа райы күрт суығаны бел­гілі. Осы кездері шымкенттіктер арасында орталықтан берілетін жылуды алаңдай күткендер көп болды. Әкімдік тарапынан айтылып, 20-қазанда беріледі деген жылуды жұрт ол күндері көре алмады. Орталықтандырылған жылу суықтың беті қайтқан соң ғана беріле бастады. Оның өзінде де қажетті деңгейде емес.

 

 

Ал суық күндерде бүрсеңдеген көпқабатты үй тұрғындары пәтер­лерін газдың, электр қуатының кү­шімен жылытуға көшкен болатын. Осы күндері ақын апамыз Ханбибі Есенқарақызы үйін кондиционер қосып жылытуға әрекеттеніпті. Өз пікірін бүкпей, ашық айтатын ақын сол күндері әлеуметтік желіде қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайға арнап былай деп жазды:

 

«Қала әкімінің орынбасары Нұртаев Қайратқа.

 

Жыл сайынғы қайталанатын жылу мәселесін қозғайын деп отырғаным. Жылу қайда, Қайрат мырза?

 

Теледидардан өтірік уәде бергіш жылмаң қызметкерлеріңді қашанғы қорғайсыңдар? Қар жауды. Дала – жылы, үй – суық. Күндіз-түні кондиционер қосып отырмыз. Ертең оның төлемі келеді. «Адам басына 70 киловатт» дегені тағы бар. Сонда кеткен артық шығынды кім төлейді? Халық қамын емес, қара бастарын ойлайтын монополистер елді сорып бітті.

 

Мен зейнеткермін. Ойымша, мегаполистің тұрғынымын. Қара халықты қашанғы зарлата бере­сіңдер?

 

Жауап күтемін, Қайрат мырза!»

 

...Ханбибі апамыз осылай деп ашынады. Ақын қашанда қара басының емес, халықтың жайын көбірек ойлайды. Сондықтан ол кісінің айтып отырғанын ешкім де орынсыз дей алмас. Өйткені Шымкентте «жылу жырының» жыл са­йын қайталанатыны рас қой.

 

Ал ақынның сауалына қала әкім­дігі тарапынан жауап болды ма? Болса, қандай уәж айтылды? Осыны білмек мақсатта Ханбибі апайға хабарластық.

 

«Жауап болған жоқ, – дейді ол кісі. – Мен сауалды «Фейсбукте» жексенбі күні жолдағанмын. Үй суып кеткен соң тоңып, жүйкеміз де жұқарып кетті, оның үстіне өтірік ақпар беретіндерге ашуым келді. Жылуды бергенімен үй қалыпты температурада жылымайды. Бірақ ертең «берілген жылу үшін» деп толықтай ақы төлететіні белгілі.

 

Дүйсенбіде болар, жылу беріле бастады ғой. Кондиционерді өшірдік. Оның үстіне күн де жыли бастады.

 

Жалпы, халық тұтынатын коммуналдық қызметтің, жарығы болсын, газы болсын, осындай проблемалары бар.

 

Ал менің жазбама байланысты еліміздің өзге аумақтарынан да пікір білдіріп жатқандар бар. Өйткені онда қаланың аты Шымкент екені айтылмаған ғой. Біреулер Астана әкіміне қатысты айтыпты. Соған қарағанда, жылу проблемасы барлық аумақтарда бар сияқты».

 

Ақын апа осылай дейді. Жалпы, Шымкентте жылуға байланысты шу­дың жыл сайын шығып тұратыны белгілі. Ендеше еліміздегі үш ірі қаланың бірі, мегаполис мәртебесін иеленген Шымкент мұндай проблемадан ертерек арылуы керек қой. Осыны қала басшылары ешқашан да есінен шығармаса екен.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ