Ордабасыда жоспар асыра орындалып жатыр

29.09.2018
Қаралды: 59

Ордабасы ауданы – елу жылдан астам тарихы бар аймақ. Бүгінде аумағында 117 мыңнан аса адам тұратын бұл ауданда  қыруар жұмыс атқарылып келеді. Соның нәти­жесінде Ордабасы жылдан жылға тек көркейіп қана қоймай, көшіп келу­шілердің легі ұлғайып, халық са­ны да көбеюде.

 

Бүгінде Ордабасы ауданы көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 10 мың 248 кәсіпорын, 2895 жеке кәсіпкер, 6139 шаруа қожалығы бар. Бұл жалпы тіркелген кә­сіп­орындардың 93,5 пайызын құ­рап, 21 мың 952 адамды жұмыспен қамтуға септігін ти­гізіп отыр. Осы шағын және орта бизнес субъектілері өндір­ген өнім көлемінің көрсеткіші 38 миллиард 829 миллион 300 мың теңгені көрсетеді. Яғни өнім өткен жыл­ғымен салыстырғанда 103,5 пайызға артқан.

 

Биыл «Оңтүстік» АИО, «Ырыс» МҚҰ, «Агронесие Ордабасы», «Төрткүл Несие», «Ау­ыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «ҚазМикроФинанс» және «Арнур Кредит» ұйымдары арқылы жергілікті кәсіпкерлер 2450 миллион теңге игерді. Қазіргі таңда ауданның ішкі аймақтық өнім көлемі 2017-жылғы қорытындымен салыстырғанда 109,4 пайызға өсіп, 46 миллиард 216 миллион 900 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ биыл жалпы өнді­рілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 11 миллард 363 миллион 200 мың теңгеге жетіп, былтырғыдан 106,1 пайызға арт­қан. 

 

Таяуда өткізілген арнайы пресс-турда  бұл аймақтағы бірқатар нысандар мен шаруа қожалықтарының тыныс-тірші­лігімен танысып қайтқан болатынбыз. Соның бірі – «Бөген» су қоймасының «Түркістан» магистральды каналында жүргі­зіліп жатқан жөндеу жұмыстары. Нысанға республикалық бюд­жеттен 1 миллиард 760 мил­лион теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Жил­стройиндустрия» ЖШС-і қолға алған. Оған осы Бөген ауылынан және облыстың бас­қа да аудандарынан тұрғындар тартылып отыр.  

 

– Біз бүгінгі күні «Бөген» су қой­­масындағы «Түркістан» ма­гис­тральды каналының 3770 ме­тр аралықта бетон төсеу жұмыс­тарын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс былтырғы жылдың қараша айында бастау алған болатын, енді алдағы желтоқсан айында тапсырамыз деп отырмыз. Бүгінгі таңда 1980 метр жердің бетондау жұмысы аяқталды. Ендігі қалғаны – бір шақырым ғана жер. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстары 22 шақырымға дейін барады. Қазіргі таңда құрылыс басында 83 адам жұмыс істеп жатыр, – дейді «Жилстройиндус­трия» ЖШС-нің учаске басшысы Сәбит Нүркішев.

 

Бөген ауылдық округінің әкімі  Бектай Шәмет мырзаның айтуынша, осы уақытқа де­йін жыл сайын облыста, әсіресе Ордабасы ауданында егістік жер­лерге су жетіс­пеушілігі байқалып келген.

 

– Жасалынып жатқан жұмыс­тардан пайдасы сол – бұдан ке­йін судың келу жылдамдығы артатын болады. Бұл – су мөл­шері шаруалардың алқаптарына жетсін деген мақсатпен жасалынып жатқан үлкен жоба. Сондай-ақ су мәселесі бойынша ауылдың ішінде былтыр 44 тік дренажды ұңғыма пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы да дәл сондай 11 ұңғыманы іске қоссақ деген мақсатпен құжаттар дайындалды. Аталған нысандар жердің тұздануын тө­мендетіп, құнарының артуына, сөйтіп, егін шаруашылығын еселеп арттыруға септігін тигізеді. Кө­ріп тұрғандарыңыздай, бү­гінде ауылымызда осындай ау­қымды жұмыстар атқарылып жа­тыр, – деді ол сөз соңында.

 

Сонымен қатар ауыл әкімі Бөген ауылдық округіндегі асфальтталған  көшелерді де көр­сете кетті. Бұл жұмыстарға ау­дандық бюджеттен 39 миллион теңге қаржы бөлінген екен.  Қазіргі таңда ауылдың ең ұзын көшесі болып табылатын орталық көшені асфальттау жұ­мыс­та­ры қарқынды жүріп жатыр. Жал­пы, үлкен-кіші 14 көшенің 9-ы осындай жөндеу жұмыстарынан өткен көрінеді.

 

Әзірге бұл бір ауыл төңі­регінде ғана іске асып жат­қан жұмыс көрсеткіші. Біз бас сұқ­қан басқа да нысандардың тыныс-тіршілігімен алдағы уақытта таныстыратын боламыз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ