70 пайыз өнімі Өзбекстан мен Ауғанстанға жіберіледі

29.09.2018
Қаралды: 63

«Ордабасы НАН»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Бадам станциясындағы ірі өндіріс орны. Мұнда ұнның барлық сорты өндіріледі. Аумағы төрт гектар жерді алып жатқан бұл зауыт қазіргі таңда 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріске пайдаланатын технология түгелімен Түркия елінен әкелінген. 

 

«Ордабасы НАН» 2008-жылдың шілде айында ашылған еді. Алғашында біз қуаты 200 тонналық диірменді өндіріске пайдаланып, 45 адамды жұмысқа қабылдадық. 2014-жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының «Өндіріс-2» желісі бойынша 6 па­йызбен 7 жыл мерзімге 470 миллион теңге несие алдық. Сөйтіп тәу­лігіне 250 тонна бидай өңдейтін тағы бір диірменді іске қостық. Қазіргі күні бізде 105 адам жұмыс істейді. Мұн­дағы жұмысшылар – Бадам, Бөржар, Қайнар елді мекендерінің тұрғындары, ауылдың жергілікті жігіттері. Кезінде Түркиядан келген мамандар технологтарымызға, зертханашыларымызға, компьютерде, электроникада отыратын жұмыс­керлерімізге алты ай бойы жұмыс барысын үйреткен болатын. Сол қызметкер­лері­міздің еңбек күшінің нәтижесінде бүгінде тәулігіне 450 тонна бидай өңдеп жатырмыз.

 

Қызметкерлерге төленетін ең төменгі жалақы мөлшері 100 мың теңгені құрайды. Жұмысшыларымыз екі ауысыммен жұмыс істейді», – дейді  «Ордабасы НАН» ЖШС-нің бас директоры және құрылтайшысы Бауыржан Сапарымбетов.

 

– Жалпы, аталған мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлер үшін қаншалықты тиімді?

 

– Бұл – кәсіпкерлер үшін өте үлкен көмек. Онсыз біз ештеңе істей алмас едік. Мемлекеттің қолдауының арқасында осындай істер ат­қарылып жатыр. 6 пайызбен 7 жыл­ға теңгемен несие алып жатырмыз. Оны бізге кім берер еді? Бұл – өте жақсы жеңілдік.

 

Бізді қинайтын бір ғана нәрсе – электр энергиясының қымбатшылығы. Тариф бағасы тым болмағанда 15-20 пайызға арзандаса, онда бізге ешкім бәсекелес бола алмас еді.

 

– Шыққан өнім қай қалалар­ға жөнелтіледі?

 

– Өнімдеріміз Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларына таратылады. Сондай-ақ Алматы қаласында ұн сататын филиалымыз бен оны сақтайтын қоймамыз бар. Сол ар­қылы Алматы халқына да қолже­тімді. Жалпы алғанда, өніміміздің 30 пайызы Қазақстан қалаларына жө­нелтілсе, қалған 70 пайызын Өзбекстан мен Ауғанстан елдеріне экс­порт­таймыз.

 

– Шикізат көзін қайдан аласыздар?

 

– Қостанай, Ақмола облыстарында 200 – 300 мың гектар жер иеленген бидай егетін ірі компаниялар бар. Солардан келісім-шарт негізінде сатып аламыз. Сол секілді жеке шаруа қожалықтарынан да жинаймыз. Өйтпесек бидай жеткізе алмай қалуымыз мүмкін. Себебі айына кем дегенде 150 – 160 вагон бидай керек. Шикізат келмесе, жұмыс та тоқтап қалатыны белгілі. Сондықтан мүмкіндігінше тоқтамауға тырысып, күндіз-түні жұмыс істейміз. Солтүстік өңірде бидай сатып алумен айналысатын төрт жұмыскеріміз бар. Солар бидайды элеваторға жинап, бізге жіберіп тұрады.

 

Жалпы айтар болсам, ең жақсы бидай – өзіміздің бидай. Канаданың, Американың дәнді дақылы одан кейінгі орындарда дер едім.

 

– Сұраныс жағы қалай болып жатыр?

 

– Дәл қазір сұраныс өте жақсы. Жаңа жылдан кейін сұраныс сәл азаяды. Кейін сәуір айынан бастап қайта көбейеді. 

 

– Бидай өңдеу үрдісі қалай жүзеге асады? Басынан бастап тоқталсаңыз...

 

– Бізге бидай вагонмен келеді. Келген соң оны сыйымдылығы 16 мың тонна болатын бөшкелерге толтырамыз. Одан кейін оны тазалаймыз, жуып,  қайта кептіреміз де, үгіткіш станоктың көмегімен үгітеміз. Содан соң алынған өнімді электрлі елгезермен елейміз. Сөйтіп, қаптар­ға салып, қаптаймыз да, осындағы қоймаға жөнелтеміз. Онда бес күн тұруы керек, бес күннен соң тиісті жерлерге жібере береміз. Сондай-ақ бидайды сақтаудың өзіндік технологиясын ескеріп отырамыз. Әйт­песе ұн дұрыс шықпай қалуы мүмкін. 

 

– Жалпы, бұл кәсіп неден және қалай басталды?

 

– Бұл кәсіпті алғашында небәрі бес қап ұннан бастағанбыз. Ұнды Қостанай, Қарағанды, Көкшетау қа­ла­ларынан тасымалдап, оны Шымкентке, Ташкентке апарып сатып жүрдік. Одан кейін Көкшетауда жал­ға диірмен алып, сол жерде біраз жұ­мыс істедік. Уақыт өте келе өзіміз Түркиядан кішігірім диірмен алдырып, соны іске қостық. Сөйтіп сатылай келе бүгінгі деңгейімізге жеттік.

 

– Алдағы күнге қойған жоспарларыңыз қандай?

 

– Бұйырса, келер жылы несиені толық төлеп біткен соң бизнес-жоспар жасап, тағы да ірі мөлшерде қаржы алсақ деген ниетіміз бар. Ол қаражат екінші бір кәсіп түріне жұмсалатын болады. Яғни Италия мемлекетінен тәулігіне 100 тонна макарон және 35 – 40 тонна ва­фли-тәтті күлше өндіретін құрал-жабдықтар алдыртсақ дейміз. Сол мақсатта қазірден қарап отырмай, қа­жетті құрал-жабдықтар туралы жан-жақтан бағаларын сұрастырып, сапаларын өзара салыстырып көріп жатырмыз.

 

Ұн өнімі өзімізден болғандықтан табыс мөлшері де жақсы болады деп ойлаймын. Мұның бәрі алдағы күннің еншісіндегі жұмыстар.

 

– Ендеше, ниеттеріңізге жету­леріңізге тілектестігімізді білді­реміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ