Спорт кешені ашылды, өнер мектебі өз жұмысын бастады

30.09.2018
Қаралды: 109

Қазығұрт ауданы өзінің 90 жылдық мерейтойын тойлады. Мерейтой аясында бірнеше көпқабатты үйдің пайдалануға берілгені туралы біз газетіміздің өткен нөмірінде жазғанбыз. Бүгін басқа да әлеуметтік нысандар жөнінде айтпақпыз.

 

Сол күні Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ ауданда ашылған этноауылда болып, ауыл шаруашылығы өнімдері мен мектеп, балабақшалардың қолөнер бұйымдары, этнос өкілдерінің ұлттық тағамдары қойыл­ған көрмені тамашалады.

 

Этноауыл орын тепкен дендросаябақ 2008 жылы құрылған екен. Оның аумағы – 11,2 гектар жерді алып жатыр. Қырым қарағайы, туя аршасы, боз арша, ақ қа­йың, катальпа, қаратал, калифорниялық терек, емен, айланд, ақ терек, жиде, акация, каштан, қарағаш сияқты ағаш тұқылдары отырғызылып, саялы баққа көрік беріп тұр. 

 

Торқалы тойға келгендердің қарасы көп. Солардың арасынан Қақпақ ауылының тұрғыны, кәсіпкер Әбдіжәлел Пазиловпен сөйлестік.

 

«Мен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша үкіметтің қолдауымен бірнеше жыл бұрын кәсіп бастағанмын, – деді ол кісі. – Ірі қара өсіремін. Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін елімізде біраз ауқымды шаралар қолға алынып, жемісін де бере бастағаны белгілі. 100-ден астам мал ұстап, екі адамды жұмыспен қамтып отырмын.

 

Ауылда мал ұстамайтын отбасылар кемде-кем. Ал жұмыссыздар біраз баршылық. Жұмыс таппай жүрген жастарға кә­сіппен айналысуға кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетіп жүремін. Олардың кейбірі тыңдайды, біреулері құ­лықсыздау келеді. Сон­да да мемлекеттен жеңілдетілген несиелер берілетінін, қолдау көрсетілетінін айтудан жалыққан емеспін. Қазір ауылдағы бірден-бір мәселе – жұмыссыздық. Осы мәселе шешімін тапса, басқа алаңдайтын ештеңе жоқ бізге.

 

Лайым әрбіріміздің отбасымызда тек жақсылық болсын, қазақтың тойы бітпесін! Орталықта өтіп жатқан айтулы мерекеге қонақ ретінде келіп қалған жайымыз бар. Саябақта этноауыл, спорттық кешен, өнер мектебі ашылғалы жатыр. Мұның барлығы 90 жылдықтың аясында өтіп жатқан игіліктер».

 

Ауданның 90 жылдық торқалы тойында салауатты өмір салтын ұстанатын тұр­ғындар үшін де бұл күн құтты болды. Өйт­кені «Болашақ» шағын ауданында 210 орынға арналған «Жеңіс» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

 

Ауданнан шыққан шарапханалық Ержан Жомарт, Абдулла Еркебұлан сынды сайып­қырандардың әлемдік ареналарда топ жарып жүргенін мысал етіп, Қазығұрт­тан олардың жолын қуып, күллі қазақтың намысын қорғайтын өрендердің шығатынына өңір басшысы сенім білдірді.

 

Туған өңірдің намысын қорғап жүрген спортшылардың бірі Бекзат Сапар жаңа спорт нысанының ашылғанына қуанып жүр.

 

«Шахматты мектепке барған жылы үйрене бастадым. Бұл ойын қатты ұнайды. Спорт­тың барлық түрі жақсы ғой. Десе де ми қабілетін арттыратын шахматты бұдан да жақсы меңгеруге тырысып жүрмін. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүл­делі орындарды бағындырып, мектеп, аудан намысын қорғап келемін. Енді елімнің атын бүкіл әлемге танытсам деген мақсатым бар.

 

Жаңа спорт кешенінде спортшыларға керектінің барлығы бар. Алдағы уақытта осы жерден талай спорт саңлақтары шығады деп үміттенемін», – дейді шахматшы Бекзат.

 

«Болашақ жеңімпаздардың келешекте Қазығұрттың намысын қорғап қана емес, облысымыздың, республикамыздың атын шығаруда аянбай еңбек етуі үшін қолдан келгенше еңбек ететін боламыз.

 

Ауданда 29800 адам дене шынықтырумен айналысады. Бұл – аудан халқының 30 пайызы деген сөз. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандар үшін аудан бойынша 4 спорт кешені, 51 спорт залы, 16 ату тирлері, 243 жазық спорт алаңдары мен алаңшалары, 1 спорт­тық ядро жұмыс іс­тейді. Осындай мүмкіндіктер жасал­ған соң чемпион шығармауға мүл­де қақымыз жоқ. Күні бү­гінге дейін спортшыларымыз чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысып, 39 алтын, 72 күміс, 124 қола медальға қол жет­кізді. Олардың арасында бокс, ушу-саньдадан республика чемпионы және самбо түрінен Азия чемпиондары бар.

 

210 орындық кешен 1 гектар жерді құрайды. Оған 432,893 миллион теңге қаржы жұмсалды», – дейді аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Құралбек Әбденұлы.

 

Іс-шара жалғасы осы кентте жаңадан жұмысын бастаған «Өнер» мектебінде жалғасты.

 

Аудандағы балалар музыка мектебі алғаш рет 1974 жылы құрылған. Содан бері өнер жолына алғаш қадам басқан талай шәкірттердің жұлдызын жағып келеді.

 

«Өнер» мектебінің директоры Бауыржан Темірбаевтың айтуынша, 100 орынға ла­йықталған өнер ордасында домбыра мамандығы бойынша – 80, фортепианода – 6 және хореография мамандығы бойынша – 18 бала дәріс алуды бастапты.

 

Мерейлі мерекеде «Қазығұрт – адамзаттың рухани шыңы» атты ғылыми болып конференция өтті. Онда қасиетті мекеннің шежіресінен сыр шертілді. Қазығұрт тарихы жайында баяндама жасалды.  

 

Ары қарай мерекелік шара орталықтағы «Мергенбай ата» салтанат сарайында өтті.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ