Жаңадан 8 медициналық мекеме салынады

27.09.2018
Қаралды: 118

Таяуда Түркістан облысына Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы іс-сапармен келген болатын. Министр облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен бірге Түркістан қаласындағы бірқатар емдеу мекемелерін аралап, жұмыс барысымен танысты. Медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, Президент Жолдауын жан-жақты түсіндіріп, денсаулық сақтау саласын жандандыру мақсатында алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті.

 

«Елбасы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында денсаулық сақтау саласын назардан тыс қалдырған емес, – деді ол кісі. – Мемлекет басшысының ал­ғашқы медициналық-санитарлық көмектің әсіресе ауыл­ды жерлерге дейін қол­жетімді болуын қамтамасыз ету керектігін айтқаны белгілі. Яғни медициналық орталықтардың техникалық базасын көтеріп, дәрігерлердің біліктілігін арттыруымыз қажет. Жаңа технологияны енгізу, учаскелік дәрігерлердің мойнына артылған жүкті жеңіл­дету, сандық технология және электронды жүйеге толықтай көшу арқылы еліміздің медицинасы дами түседі. Бұл алдағы уақытта телефонмен дәрігерден кеңес алуға жетуге мүмкіндік береді».

 

Министр қаладағы 2500-ге жуық студент білім алатын жоғары медициналық колледждің жұмысымен танысты. Кездесуде аймақ басшысы Ж.Түймебаев колледж студенттерін сапалы білім алып, алдағы уақытта Түркістан қаласында жаңадан ашылатын 8 бірдей медициналық мекемеде жұмыс істеуге шақырды.

 

«Бүгінде министрлікпен бірлесіп денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырғалы отырмыз. Яғни облыс орталығы Түркістанда жаңадан ауруханалар мен емханалар салынады деп жоспарлануда. Одан бөлек, келешекте халықаралық деңгейдегі жаңа ауруханалар пайда болады. Себебі Түркістан қаласы туристік орталыққа айналады. Бұл бағытта Елбасы нақты тапсырмалар бергенінен хабардарсыздар. Демек, сіздер үшін көптеген жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонда өздеріңіздің алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді халықтың игілігі үшін пайдаланыңыздар», – деді ол кісі.

 

Осы сапарында Денсаулық сақтау министрі қалалық емханаға да ат басын бұрды. 2013-жылы пайдалануға берілген емхана 500 орын­ға шақталған. Бүгінде емдеу мекемесіндегі қызмет көрсету процесі 100 пайыз сандық жүйеге көшкен. Е.Біртанов осыны өзге мекемелерге үлгі ету керектігін жеткізді. Яғни келесі жылдан бастап барлық емдеу мекемелерін медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге міндеттеді. «Сонда ғана азаматтардың денсаулық сақтау кітап­шаларын электронды нұсқада жасауға, емдеу мекемелеріндегі ұзын-сонар кезектерді жоюға, бюрократиядан арылуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік туады», – деді Денсаулық сақтау министрі.

 

М. ДАНА. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ