«Сақалды апа» шөбере сүйді

27.09.2018
Қаралды: 184

Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылында тұратын сақалды апа – Мұхтабар Тораеваны «Замананың» көзі қарақты оқырмандары жақсы таныса керек. Осыдан 9 жылдай уақыт бұрын біздің газет тілшілері ең алғашқы болып ол кісі жайлы мақала жазған. Кейіннен қысқа форматты фильм түсіріп, көпшілік назарына ұсынған. Содан кейін ол кісінің танымалдығы артып, бүкіл елге, тіпті алыс-жақын шет елдерге де аты шықты. Еліміздегі көптеген ақпарат құралдары ол кісіні бағдарламаларына шақыра бастады, оны телеарналарда көрсетті.

 

Мұхтабар Тораеваның иегінде қалың сақалы бар. Сонысымен ол кісі ел ішінде «Сақалды апа» атанып кеткен. Сақалына ешқашан ұстара тигізбеген. Бүгінде 70-ке келген апа немере-шө­берелерінің қасында бақуатты өмір сүруде.

 

Таяуда біздің кейіпкеріміз жайсыз жағдайды бастан кешірді. Тарқатып айтар болсақ, Иран мемлекетінен тарайтын «fararu.com», «khabarban.com», «tadbіr24.іr» дейтін сайттар Сирия шекарасында орналасқан Әл-Бумал қаласында орын алған зымыран шабуылы кезінде лаңкестік ұйым басшыларының бірі өлтірілді деп хабарлайды да, тұрбаттық Мұхтабар Тораеваның суретін қоса жариялап жібереді.

 

Аталмыш хабарды естігесін біз Мұх­табар апаның өзімен байланысқа шықтық. Болған жағдай жайлы пікірін сұрадық.

 

«Е, айналайындар, сендердің арқаларыңда кезінде танымал болып едік. Енді,  орыстар айтпақшы, «Проклятая популярность» деп отырған жайым бар, – деп күлді сақалды апа. – Айдаладағы Иранның сайттарында суретім шыққанын мектепте істейтін ұлым мен келі­німнен естідім. Алғашқыда абдырап қалғаным рас. Бұл қалай болды деп уа­йымдадым. Бірақ кейін сабама түстім. Пенде болғасын бір қателік кеткен шығар. Оған бола жау шаптырып нем бар? Менің кім екенімді, қандай адам екенімді бәрі біледі. Құдай алдында арымның таза, жүрегімнің ақ екені өзіме аян. Сондықтан өзгелердің: «Сотқа берсеңіз болады, моральдық шығын талап етіңіз», – дегендерін құлаққа ілмедім. Оларды Құдайдың сотына салдым», – дейді Мұх­табар апа.

 

Осыдан екі жыл бұрын ол кісінің ша­ңырағына арнайы барғанымызда тойдың үстінен түскенбіз. Қолында тұратын ұлы келін алып, ұлан-асыр той істеген еді. Міне, енді сол немереден шөбере сүйіп, тағы да қуанышты жаңалық болып жатыр екен. Біз ол кісіні шөберелі болуымен құттықтап, өзіне зор денсаулық ті­ледік.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ