Аудан әкімінің орынбасарына оқ атылды

26.09.2018
Қаралды: 81

23-қазан күні Түркістан облысындағы Төлеби ауданының орталығы – Ленгір қаласында аудан әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваға белгісіз біреулер тапа-тал түсте оқ атты. Жеңіл жарақат алған әкім орынбасары бүгінде аудандық ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оқ оның басын жанап өткен, бірер күн емделуіне тура келеді.

 

Оқиға Р.Бейсебаева қызметтік көлікпен түскі мезгілде үйіне келгенде орын алған. Ол көліктен шығып үлгермепті, тез арада жетіп келген белгісіз екі адам оған бағыттап оқ атқан. Құдай сақтағанда, әкім орынбасары көлік есігін іштен кілттеп үлгеріпті. Осы кезде айқай-шуды естіген көпшілік жиналып қалып, содан сескенген оқ атушылар оқиға орнынан қашып кеткен.

 

Әзірге бұл оқиғаның не себепті орын алғаны белгісіз. Шұғыл іске кіріскен полиция келесі күні-ақ күдікті екі адамды қолға түсіргенін мәлімдеді. Бүгінде олардан жауап алынып жатыр, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

 

Біз осы оқиға бойынша Төлеби ауданы әкімдігіне хабарлас­қанымызда ондағы азаматтардан жарытымды ештеңе біле алмадық. Тек әкім орынбасарының аман екенін, ауруханада жатқанын, онымен әзірге байланысу мүм­кін болмай тұрғанын естідік.

 

Біз Рабиға Ермекбайқызымен аталған оқиға болардан бірер күн бұрын ғана телефон арқылы тілдескен едік. Газетте жарияланатын материал бо­йынша қажетті адамды іздеп жатқанымызды айтып, өтініш білдіргенімізде ол кісі бізді тез арада  тиісті адамдармен байланыстырған болатын. Сонда қолынан келген көмегін аямайтын жанға іштей риза болып қалып едік. Сондықтан ол кісінің өмірі үшін алаңдағанымыз рас. Әзірге белгілі себептермен өзімен тікелей тілдесе алмадық. Аман-есен отбасына, қызметіне оралуына тілек­тестігімізді білдіреміз.

 

Ал тапа-тал түсте адам өміріне қастандық жасағандар өз істері үшін заң алдында жауап берері сөзсіз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ