Түркістан тауары түкпір-түкпірге тарап жатыр

25.09.2018
Қаралды: 72

Облыс орталығы мәрте­бесін иемденіп отырған Түркістан қаласында алдағы уақытта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп және туризм саласын дамытуға баса мән берілетін болады. Бұл тек қаланың көркеюіне ғана емес, жұмыссыздықтың да азаюына сеп болмақ. 

 

Бүгінде Түркістандағы индустриалды аймақта түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Индустриалды аймақ деп отырғанымыз – мемлекет тарапынан жеке кә­сіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп нысандарын орналастыру және пайдалану үшін берілетін, инфрақұрылыммен, коммуникациялармен жабдықталған арнайы бел­гіленген жер. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінге дейін 40 гектар жерге индустриалды аймақ құрылып, 847 миллион теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айында индустриалды аймақтағы кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі 343,3 млн. теңгені құраған. Болашақта осы аймақта жалпы құны 4346,7 млн. теңгеге 14 жоба орналасып, 866 жұмыс орны құрылады және өз жобасын жұзеге асырамын деушілерге де мүмкіндік бар.  Келешекте өндірісті дамыту бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылмақ, яғни мұндағы индустриалды аймақ аумағы 300 гектарға ұлғайып, онда заман талабына сай кәсіпорындар саны көбейеді, зауыттар мен фабрикалар салынады деп күтілуде. Қазіргі таңда шетелден инвестор тарту жұмыстары да жүйеленіп жатыр.

 

Түркістан қаласында орналасқан «GrandMіks» жиһаз фабрикасы – аталған индустриалды аймақтан орын тепкен үлкен жобалардың бірі. Кезіндегі кішкене ғана кәсіп түрінен үлкен фабрикаға айналып отырған бұл өндіріс орнының тауарлары бүгінде жоғары сұранысқа ие. Мемлекет тарапынан тек жер ғана емес, сонымен қатар, жұмыс бастауға қажетті қаражат та алып, кәсібін жоғары деңгейде дөңгелетіп отырған кәсіпорын басшысы Сабыржан Исхаков мырза санға емес, сапаға жұмыс жасайтындықтарын айтады.

 

«Бұл кәсіпті осыдан жиырма жыл бұрын ініміз екеуміз бастаған болатынбыз. Алғашында жиһаздарды өзіміз үйде тапсырыспен жасап, клиенттерге жіберіп тұрдық. 2015 жылы бізге Түркістан қаласындағы индустриалды аймақтан 1 гектар жер берілді. Сол жылы құрылысты бастап, 2016 жылы құрал-жабдықтар алу мақсатында «Максимум» аймақтық инвестициялық орталықтан 6 пайыз өсіммен 68 млн. теңге несие алдық. Сөйтіп, Қытайдан 12 түрлі станок әкеліп, 52 баланы жұмысқа алдық. Солайша бір өндірістік цехымызды іске қостық. 2017 жылы бізге мемлекет тарапынан тағы да өндірісті үлкейту мақсатында 1,8 га жер берілді. Содан соң, «Халық банктен» 15,5 пайызбен бес жыл­ға 200 млн. теңге несие алып, құрылыс бастадық. Мұндағы 15,5 пайыздық мөл­шерлеменің 7 пайызын мемлекеттен көмек ретінде «Даму» қоры, қалған 8,5 пайызын өзіміз төлейміз. Бұйырса, оны бес жылға жеткізбей жауып тастаймыз деген ойдамыз. Бүгінгі күні фабрика тарапынан жылына 1,5 – 1,7 млрд теңгеге тауар өндіріліп жатыр», – дейді жиырма жыл бойы осы істің негізін қалап, басы-қасында жүрген фабрика директоры Сабыржан Исхаков.

 

Мұндағы пайдаланылатын шикізаттың  80 пайызы Ресейден келеді, ол – ЛДСП тақтайшалары. Ал қалған 17-18 пайызын фурнитура, топса секілді ұсақ-түйектер құрайды, олар Қытай елінен тапсырыспен алдырылады екен. Аздаған бөлігі Шымкент, Алматы қалаларындағы жеке­меншік фирмалардан сатып алынады. 

 

«GrandMіks»-тың тауарлары орта топ­қа арналған, баға көлемі тым қымбат емес. Сапасы жақсы. Содан да болар, сұраныс жоғары. Сұранысқа сай тауар түрі де көп. Мәселен, бір жатын кереуеттің 20-22 түрін шығарамыз. Жалпы, бас-аяғы 100-ден аса жиһаз түрі жасалады.

 

Түркістан қаласы облыс орталығы мәр­тебесіне ие болғандықтан болашақта мектептер, кеңселер, балабақшалар көптеп салынатын болады. Солардың барлығын да жиһазбен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты тағы да басқа өндіріс цехтарын іске қоссақ деп жобалар да­йындап жатырмыз. Қазіргі таңда Түр­кіс­танда  бір фабрика, бес цех, бір дүкеніміз бар. Енді Шымкенттен өз өнімдерімізді сататын тағы бір дүкен ашқалы жатырмыз.

 

Жалпы, алдағы уақытта жасалатын жұмыс та, жоспар да көп. Бірнеше жылдық еңбектің нәтижесінде осындай фабрика дәрежесіне жетіп отырмыз. Бүгінде «GrandMіks» жиһаз фабрикасы ас үйге, балалар және жатын бөлмелеріне, кеңсеге арналған түрлі жиһаз түрлерін шығаруда. Біздің Шымкент, Тараз, Қызылорда, Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында орналасқан дилерлеріміз, қоймаларымыз бар. Сол жерден өнімдеріміз Қазақстанның 14 облысына және Тараздағы дилеріміз арқылы Қырғызстанның Бішкек, Ош қалаларына тарайды. Қазіргі таңда Ресей, Әзірбайжан елдерінен де сұраныстар түсіп жатыр. Дилерлерімізді жылына бір-екі рет жинап, жиналыс жасап отырамыз. Олардың ұсыныстарын тыңдап, соның ішінен ерекше сұранысқа ие жиһаз түрлерін жасап шығарамыз. Қазіргі таңда екі ауысыммен жұмыс жасайтын 130 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар 45 мың теңге мен 250  мың теңге аралығында жалақы алады», – дейді директордың орынбасары Камалжан Юлдашев.

 

«GrandMіks» жиһаз фабрикасының жұмысы күн өткен сайын дамып, заман ағымынан қалыспай келе жатыр. Жұмыс барысында фабрика технологтары мен дизайнерлері тек жаңа үлгідегі технология­ларды ғана емес, сонымен қатар, соңғы үлгідегі сәнді дизайн үлгісін, сапалы материалдарды да қолдануда. Соның нәтижесінде 2017 жылы облыстың ең үздік тауар өндірушілерінің «Оңтүстік өнімдері» көрме-жәрмеңкесінде «Жылдың үздік жиһазы» номинациясы бойынша марапатқа ие болса, «Қазақстанда жасалған» атты ІІІ-ші қазақстандық тауар өндірушілердің көр­месіне белсенді қатысқаны үшін дипломмен, Қазақстан халықаралық көрмесіне қатысып, «Үздік ас үй жиһазы» номинация­сымен, 2016 жылы Түркістан қаласы әкі­мінің алғыс хатымен марапатталған болатын. Осындай қарқынды жұмыстың арқасында аталмыш фабриканың болашақта бұдан да биік белестерді бағындырып, үлкен бренд қалыптастыратынына артар үмітіміз де, сеніміміз де мол.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ