Шаруасы шалқыған өңір

25.09.2018
Қаралды: 62

Кешегі аптада Түркістан облысындағы Созақ ауданының құрылғанына 90 жыл толуы кең көлемде аталып өтті. Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ бұрын Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Досыбай Шерімқұлов, 1994 – 1999-жылдар аралығында аудан әкімі болған Қуаныш Айтаханов, ауданды бұрын-соңды басқарған басқа да азаматтар, осы өңірде туып-өскен, бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде, өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген созақтықтар арнайы келіп қатысты. Аудан халқы мерейлі мерекені екі күн қатарынан тойлады.

 

24 әлеуметтік нысан тарту етілді

 

Мерейтойдың алғашқы күнінде аудан әкімі Салыхан Полатов келген қонақтарды орталық алаңда қарсы алып, өзінің ықыласын білдірді. Ол қонақтар­ға ауданда ашылған бірқатар нысандарды көрсетті.

 

Жалпы, осы күндері Созақ ауданында 24 әлеуметтік нысан ашылып, пайдалануға берілді. Осынша нысан аудандық бюджет есебінен, корпоративтік қорлар мен демеуші кәсіпорындардың қолдауымен салынып отыр. Атап айтар болсақ, олар мыналар:

 

Аудан орталығы – Шолаққорғандағы «Тәуелсіздік» саябағында Созақ ауданынан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері – Жотабай Әділбеков, Бөрғазы Әлібайұлы, Бурхан Әметшаев, Әбілда Жынысбаев, Жұбай Дәуітбаев, Қодас Арқабаев, Үббі Тастанов, Төлепберген Тұяқбаев, Көштен Бөрғазыұлы, шертпе күйдің шеберлері – Сүгір Әліұлы, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, қобызшы Жаппас Қаламбаевтың ескерткіш-бюсттері ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысты. Осында ол аудандық аурухана басшылығына медициналық көліктің кілтін табыс етті.

 

Шолаққорғанда кіші футбол және балалар спорт алаңшасы ашылды. Оның жалпы аумағы 1400 шаршы метрді құрайды, құрылысын «СтронгСервис-2050» серіктестігі жүргізген.

 

Аудан орталығында Жастар ресурс­тық орталығы жанынан стрит-воркаут спорт алаңы да ашылды. Ол аудандық бюджет есебінен салынған.

 

Шолаққорғанда сондай-ақ 50 орындық «Айжан» бөбекжай-балабақшасы ашылды. Онда 17 адам жұмыс істейтін болады.

 

Сол сияқты аудан орталығында жеке кәсіпкер салған «Жібек жолы» тұрмыстық-техникалық және электрондық сауда дүкені пайдалануға берілді.

 

Жартытөбе ауылында «Астанаға – 20 жыл» саябағы ашылды. Оны аудандық бюджет есебінен (20 миллион теңге) «Тұрар» корпоративтік қоры салып отыр.

 

Сондай-ақ осы ауылдан «Катко» бір­лескен кәсіпорнының демеушілігімен спорт алаңшасы салынды.

 

Жартытөбе ауыл округіне қарасты Аққолтық ауылында 75 орындық «Асылжан» бөбекжай-балабақшасы іске қосылды. Онда 20 адам жұмыспен қамтылып отыр.

 

Құмкент ауылында жергілікті бюджет есебінен (153 миллион теңге)  спорт кешені ашылды. Оның құрылысын «Ноу­тилус» серіктестігі жүргізген. Бұл кешенде 19 азамат жұмыс істейтін болады.

 

Балдысу, Раңата, Шаға, Ақсүмбе ауылдарында медициналық бекеттер пайдалануға берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен салынған бұл әлеуметтік нысандардың әрқайсысына 30 миллион теңгеден, 120 миллион теңге қаржы бөлінген.

 

Кеншілер қалашығы – Таукентте кіші футболдан спорт алаңы мен балалар ойын алаңы салынды. Оның құрылысына «Самұрық-Қазына Труст» қоры демеу­шілік еткен.

 

Қарағұр ауылында аудандық бюджет есебінен Жастар саябағы салынды. Оның демеушісі – «ДАМУ-инжиниринг груп» серіктестігі

 

«Самұрық-Қазына Труст» қоры демеу­шілігімен осы ауылда сондай-ақ 2 спорт алаңшасы және 1 балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.

 

Ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Шолаққорған, Жуантөбе, Жартытөбе, Сызған, Қызылкөл ауылдарындағы негізгі көшелер үнемдегіш шамдармен жарықтандырылды. Оларға қа­жетті қаржы аудандық бюджеттен бө­лінген.

 

Көтерілісті де, аштықты да көрген Созақ

 

Созақ елінің ертеден бергі және бүгінгі күндердегі тыныс-тіршілігі жайлы аудан орталығындағы «Мыңжылқы» салтанат сарайында өткен «Созақ – жыр. Созақ – қария. Созақ – өнер» атты ғылыми-теориялық конференцияда жан-жақты айтылды. Онда аудан тарихынан бейнефильм көрсетілді. Конференцияны белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт жүргізіп отырды.

 

Жиында бірқатар жазушылар мен ғалымдар Созақтың арғы-бергі тарихы туралы әңгімелеп берді. Тарихшы Мұхтар Қожа Созақ өңірінде жүргізілген  архе­ологиялық жұмыстар мен онда анықтал­ған жайлар жөнінде айта келіп, аудан әкіміне қазба кезінде табылған, бағзы замандағы сақтар дәуірінен жеткен қанжарды табыс етті.

 

Облыс әкімі Ж.Түймебаев, бұрынғы аупартком хатшысы Д.Шерімқұлов, қиын-қыстау кезеңдерде ауданды басқарған Қ.Айтаханов, тағы басқа да азаматтар сөз сөйледі.

 

...Жалпы, Созақтың тарихы тереңде жатыр. Ол туралы V – VІ ғасырларда-ақ айтыла бастаған екен. Ол «Ұлы Жібек жолының» бойындағы белгілі қалалардың бірі болған, жаугершілікті көп көрген, тарихтың аумалы-төкпелі талай кезеңін басынан өткерген.

 

Міне, осы тарихи өлкеде 1928-жылы Созақ ауданы құрылған. Сол кезде онда 12 мыңдай отбасы тұрған екен. Халықтың қолында 1 миллионнан аса уақ мал, 40 мыңға жуық жылқы, 20 мыңнан аса түйе, 15 мыңдай сиыр болыпты.

 

1928-жылы байларды тәркілеу жүр­гені, Созақ ауданында шолақ бел­сенділердің қысымына қарсы халық көтерілісі болғаны, халық толқуының қатаң түрде басып-жаншылғаны белгілі. Ал арада көп өтпей бүкіл Қазақстанды қамтыған алапат ашаршылық орын алды. Осындай зобалаңдардың салдарынан 1934-жылы ауданда 4 мыңдай ғана отбасы қалыпты. Ал уақ малдан қолда 8 мыңдайы, 15 мыңдай сиыр, 785 жылқы, 415 түйе қалған екен. Ауданнан Ұлы Отан соғысына 6 мыңнан аса азамат алынса, солардан 1 мыңға жетер-жетпес адам аман оралған.

 

Созақ ауданы соғыстан кейін мал шаруашылығымен айналысты, онда мал саны 1 миллионнан асты, ол алып ел – КСРО-ны етпен, сүтпен, жүнмен, терімен қамтамасыз етіп тұрды. Созақта өнді­рілген қаракөл терісі алтынға, валютаға бағаланып, шетелге экспортталып та жатты.

 

Кеңес Одағы ыдырағасын шаруашылығы күйзелген аудан тәуелсіздік жылдарында бойын қайта тіктеді. Бүгінде ол Түркістан облысындағы алдыңғы қатарлы өнеркәсіпті аудан болды. Онда «Қаз­атомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының шетелдік компаниялармен бірлескен бірнеше кәсіпорындары және оларды қажетті бөлшектермен қамтамасыз ететін кәсіпорындар жұмыс істейді.

 

Биылғы жылдың 8 айында ауданға 22 миллиард 506 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың осын­дай кезеңімен салыстырғанда 1 миллиард 593 миллион теңгеге артық.

 

Мерейтойын дүркіретіп өткізді

 

Шаруасы шалқып, өндірісі өркендеген Созақтағы тойдың алғашқы күнінде «Сырлы Созақ» деген атпен ақындар айтысы болып өткенін де айта кетейік. Бұл жыр сайысында бас жүлдеге 1 миллион теңге ақша тігілді. Басқа да жүлделі орынға қол жеткізгендерге қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 

Осы ақындар айтысының бас жүлдесі келестік айтыс ақыны Жарқынбек Нау­шабековке бұйырды. 1-орынды созақтық ақын Қалижан Білдаш (500 мың теңге), 2-орынды павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев (300 мың теңге), 3-орынды шымкенттік Нұрлан Есенқұлов (200 мың теңге) иеленді. Бұдан басқа Астанадан, Қызылорда облысынан, Өзбекстаннан және Бәйдібек ауданынан қатысқан 4 ақын 100 мың теңгеден сыйлық алды.

 

Бұдан бөлек, Шолаққорғандағы орталық атшабарда көкпар, бәйге және басқа да ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Аудандағы кәсіпкер азаматтар Мағауия Тұрысбеков пен Бағлан Сүгір­баевтардың демеушілік етуімен екі ав­токөлік тігілді. Аламан бәйгеде, құнан бәйге мен тай жарыста жүлделі 1-ден 5-орынға дейін иемденгендердің барлығы да 30 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталып жатты.

 

Той соңы аудан орталығындағы «Дос­тық» стадионында ұйымдастырылған гала-концертке ұласты. Онда Созақ ауданының жетістіктері туралы бейнефильм көрсетілді. Осында «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атанған адамдарға төсбелгілер табысталды.

 

Ал гала-концертте аудан, облыс өнерпаздарымен бірге Марат Омаров, Зарина Омарова, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, Сейфуллин Жолбарыс, Мәдина Сәдуақасова сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

 

...Жалпы, Созақ ауданы өзінің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Бір кездері артта қалған, дотациялық өңір есептелген аудан бүгінде Түркістан облысының бюджетке қаржыны молынан құятын алдыңғы қатарлы ауданына айналып отыр.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ