Көлік сүзгісін шығаратын цех ашқан

25.09.2018
Қаралды: 160

Бүгінгі күні кәсіп ашып, еңбек еткісі келетіндерге мемлекетіміз мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, жағдай жасап жатыр. Соның арқасында елімізде кәсіпкерлер саны да артып келеді. Солардың бірі - түркістандық жас кәсіпкер Жандар Исламбек. Ол өз үйінен шағын цех ашып, қазіргі таңда автокөлік сүзгісінің (фильтр) 280 түрін жасап шығаруда. Онда 8 адам жұмыс істейді. Аталған өнімнің күніне 800 – 1000, ал айына кем дегенде 25 мың данасы шығарылып, сатылымға кетеді екен.

 

– Исламбек, кәсіпті қалай бас­тадың?

 

– Бұл істі әу баста әкем қолға алған болатын. Кейін жұмыс біраз уақыт тоқтап қалды. Содан Қытайда оқыған кезімде сол жердегі зауыттарға барып жүріп, осыған қызығушылығым оянып, көп нәрсені үйреніп алдым. Келген соң, 2017-жылы кәсіпкерліктің арнайы курсын оқып, сертификатын алдым. Сол кезде мемлекеттік «Жас кәсіпкер» бағдарламасы туралы, одан грант ұтып алуға болатыны жөнінде естідім. 2018-жылы мамыр айында бағдарлама бойынша қажетті құжаттарды тапсырдым. Екі апта уақыт өткен соң Шымкент қаласына шақырту алып, сонда өз бизнес-жоспарымды қорғадым. Басында, әрине, грант ұтып алатыныма аса сенбеген едім, бірақ үш күннен соң есеп-шотыма 2 миллион теңге қаржы аударылғандығын телефон шалып, хабарлаған кезде қуанышымда шек болмады. Содан Қытайдан жаңа үлгідегі 3 станок пен 700 кило қағаз әкеліп, кәсібімізді ары қарай жалғастырып кеттік. Алғашында тапсырыстарды орындап үлгермей, уа­қытынан кешігетін едік, тіпті 12-16 сағаттап жұмыс істеп кететінбіз. Қазір станоктардың арқасында 8-9 сағат жұмыс істеп,  тапсырысты өз уақытында бітіреміз. Әзірге өнімдеріміз тек Түркістан облысы бойынша тарайды. Соның өзінде сұраныс өте көп. Негізі біз шығаратын әрбір сүзгіге Қазақстан бойынша 500 мың данаға дейін сұраныс бар екен. Сөйте тұра бәсекелестік те төмен.

 

– Шикізатты қайдан аласыңдар?

 

– Негізгі қажетті шикізатын өзіміз шығарамыз, ал қағазын Қытай, Украина, Ресей елдерінен тапсырыспен алдырамыз.

 

– Жұмыс үрдісі қалай жүзеге асады?

 

– Алдымен қағазы преспен тегіс­теледі, содан соң станок арқылы гофра болып шығады, оны әрбір фильтрге туралап, ішіне және сыртына қаңылтыр торын саламыз да, желім құйып, қақпақ жабамыз. Бұл жердегі ең қиыны – желімді жасау. Бұл сүзгілерге кәдуілгі желімдер жарамайды, оған төрт түрлі химикаттан аралас­тырып, арнайы желім жасаймыз. Оның әрбірінің мөлшерін білу керек, химикаттың бір түрі артығырақ қосылып кетсе,  ол автокөліктің моторын бұзады. Сондықтан сол жағында асқан ұқыптылық керек.  

 

– Жалпы, өнімнің сапасы қандай? Бағасымен сай келе ме?

 

– Қазіргі кезде біздің сүзгілер сапа жағынан Германияның, баға жағынан Ресейдің сүзгілерімен тең келеді деп сенімді айта аламын. Елімізге Қытайдан, Ресейден әкелініп жатқан сүзгілер бізге бәсекелес бола алмайды. Себебі біз жаңа үлгідегі станоктарды қолданамыз, сондықтан да тауарымыз сапалы шығады.

 

– Кәсіп жүргізуде бойыңда қорқыныш жоқ па?

 

– Жоқ, өйткені кәсіпті жалғыз жүр­гізіп жатқан жоқпын ғой. Алғашында ағам көмектесті, қазір станоктарды алу, қағаздарды жеткізу жұмыстарында көбіне әкем көмектеседі.

 

– Болашақ жоспарың қандай?

 

– Қазіргі жұмыс істеп жатқан үйім­нің жертөлесі тарлық етіп, құрал-жабдықтарымыз симай жатыр. Ауладағы сарайлардың барлығында да станоктар тұр деп айтсам болады. Соған байланысты болашақта осы Түркістан қа­ласынан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан индустриалды аймақтан жер алып, сонда өндіріс орнын салып, цехымды үлкейтсем деген жоспарым бар.

 

– Әңгімең үшін рахмет, ісің алға  баса беруіне тілектеспіз.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ