60 шақты түйе сүтінен күніне 150 литр шұбат өндіреді

25.09.2018
Қаралды: 240

Күз – қырман басы тазаланып, егіс жиналып, мол өнім алынатын берекелі шақ.  Сондай-ақ той-томалақтар да осы кезде көбейеді. Өйт­кені дастарxанға қойылатын түрлі жеміс-жидек құны да қолжетімді, арзанға түседі. Бұрынғыдай емес, бүгінде дастарxаннан  қымыран, қымызды да жиірек көретін болды. Осы орайда біз таза, табиғи қымыран, шұбат өндіріп, ел алғысына бөленіп жүрген Аxметовтер отбасы туралы айтпақпыз.

 

Жалпы, бұл кісілерге жұрт дән риза. Өйткені оларда шұбаттың 1 литрінің сатылу бағасы – 350 теңге. Кәсіп иелерінің екі ортадағы алыпсатар-делдалдарға қойған талаптары да қатал. Мәселен, сауда-саттыққа адал болу, үлкен бейнетпен әкелінген өнімге су қоспау жағы қатаң ескертіледі. «Арамдық жасайтындарға есігіміз жабық» деген ұстанымдары ел аузында жүр. Сондықтан да бұл отбасының шұбат, қымыраны өзгелерге еш күдік туғызбайды. Сондықтан оларға тапсырыс та көп.

 

...Отырар ауданындағы Бестораңғыл ауылының байырғы тұрғыны Жұмағали ақсақалдың ата-бабалары да түйеші бол­ған екен. Жастайынан осы саланың қызығы мен шыжығына қаныққан Жұмағали Аxметов 2000-жылы «Аxмет» шаруа қожалығын ашқан. Бүгінде 100-ге жуық түйесі бар. Күніне 150 литр шұбат өндіріп-сататын Аxметовтер жанұясы түскен қаражатты мал басын көбейтуге жұмсап отырады.

 

Бүгінде 60 шақты аналық түйе күніне 2 мәрте қолмен сауылады. Бұл жөнінде осы шаруашылыққа жауапты Нұрсейіт Аxметовті сөзге тартқан едік.

 

«Шұбатты аудан орталығына сатуға шығарғанымызға 7 жылдай уақыт болды. Ақылдаса келіп, Шәуілдірден «Қымыран» атты шұбат, қымыз тарату орталығын және «Олжас» дүкенін аштым. Келешекте орталықты кеңейтіп, тек май, құрт, ірімшік, сүт, айран, тағы басқа да сүт өнімдерін сатуды қолға алсам деймін. Ондай дүкен біздің ауданда әлі ашылған жоқ. Оған қоса автоматтандырылған жүйеге көшу де жоспарда тұр», – дейді ол. Айтуынша, қожалық иелігінде түйеден бөлек, мал шаруашылығы, 100 гектар жайылым жерлері де бар екен.

 

Жалпы, түйе бағудың өз қиындығы бар. Оны да балаңдай қарап, мәпелеп бағуың қажет. Салмағы 700-800 келі тартатын жануар шөлге де, қатты аязға да төзімді. Ал жүні биязы, 85 пайызы таза, өте бағалы түбіт.  Сүтінің емдік қасиеті зор. Құрамында ақуыз, май, минералды заттар өте көп.

 

Кейіпкеріміздің айтуынша, түйе – киелі, момын жануар. Өзіне үйренген адамды таниды. Бөтенді жатырқайды. Өте сезімтал. Таңқаларлығы сол, қатты жекіріп не айғайлап ұрыссаң, сүті тартылып қалады екен. Аналықтары 2 жылда бір боталайды. Ботасы нәзік болғандықтан оған ерекше күтім қажет. Ол анасын 18 айдай еміп, жетіледі. Бұл жануар шөп талғамайды.

 

«Кейде түйелер үйірімен айға жуық үйге келмей қояды. Сосын жан-жақтағы таныс­тардан, көрші ауылдардан сұрастырып, іздей бастаймыз.  Кейде өздері келеді. Ұры-қары деген бізде жоқ»; – дейді Нұр­сейіт.

 

Бір кітаптан адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі дегенді оқығанымыз бар еді. Расында Отырар ауданы бұрын Қызылқұм деп аталған. Мидай жазық, құмды дала. Түйе асырауға өте қолайлы аймақ. Шұбат, қымыз, қымыранның табиғи компоненттерге бай екендігі содан да болар бәлкім.

 

...Шұбатты өндіріп, сатумен айналысатын шаңырақтың отанасы Гүлсара Андосова – алты құрсақ көтерген ардақты ана. Қазір сол ұл-қыздардан Жұмағали ақсақал екеуі 21 немере сүйіп отыр. Қолындағы екі келін де ауыл-аймаққа сыйлы ата-енесінің алдын қия басқан емес. Бұл кісілердің тіпті боталардың кейбірін сүйікті немерелерінің атымен атап шақыратын әдеттері де бар.

 

Өмірлері осылайша төрт түлікпен біте қайнасып кеткен бейнеткеш әулет келешекте мемлекеттен субсидия алып, аудандағы мал шаруашылығының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, шаруаларын одан әрі дөңгелетпек ниетте.

 

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ