Ауданда көпсалалы колледж ашылды

23.09.2018
Қаралды: 66

Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлауды басты назарға алып отырған бүгінгі заманда білім ордаларының ашылуы біздер үшін ешқашан көптік етпесі анық. Сонымен қоса, мұндай оқу орындарының тек қалалық жер­лерді ғана қамтымай, аудандарда бой көтеруі, тіпті, қуантарлық іс.

 

 

Осы мақсатта таяуда Түл­кібас ауданы, Тұрар Рыс­құлов ауылында көпсалалы колледж өз жұмысын бастады. Мұнда мектепке дейінгі оқыту мен даярлау, бастауыш сыныптарда информатика және ағылшын тілін оқыту, медицина мамандықтарына даярлаушы факультеттер негізінде қазақ және орыс тілдерінде білім ала алады. Бұл оқу ордасында тоғызыншы сыныпты бітіргендер 4 жыл, он бірінші сыныпты бі­тіргендер 3 жыл оқиды. Оқу орнының басшысы – отыз бес жылдық тәжірибесі бар ұстаз Ләтипа Абраева жоғарыда атал­ған мамандық түрлерінің бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие екендігін айтады.

 

«Кейбір ата-аналардың өз балаларын алыс жерге оқуға жіберуге қалталары көтермейді, материалдық жағдайлары келмей жатады. Балалармен бір­неше жыл қатарынан жұмыс істеген ұстаз ретінде бұл мәсе­лені жақсы білемін. Соны ойлай келе, бар жиған-тергенімді салып, осындай колледж ашуға бел будым. Арасында несие алдым, сөйтіп, өз еңбегіммен осы колледжді салып бітірдім», – дейді ол өз сөзінде.

 

Бұл ғимараттың іргетасы 2014 жылы қаланған болатын, 2017 жылы құрылысы аяқталып, биылғы жылы толық пайдалануға беріліп отыр. Мұнда тек сапалы білімге ғана емес, сонымен қатар, жан-жақты тәр­бие жұмысына да көңіл бөлуді мақсат етіп отыр. Студенттер үшін шығармашылық дамыту жұмыстарын жүргізуді де басты назарға алған.

 

Мұнда кадр мәселесі де жақ­сы жолға қойылған. Бүгінгі күні колледжде он екі ұстаз сабақ береді. Саны аз болса да, сапасы мықты мамандар. Бәрі де білімді, тәжірибелі, ұлағатты ұстаздар деп айтуға әб­ден болады.

 

Колледж өз жұмысын енді ғана бастап келеді. Алдағы уақыттарда бұл білім ордасынан еліміздің өркендеп дамуы­на өз үлесін қосатын мамандар шығатынына сенгіміз ке­леді. 

   

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ