Көшеттеріне Ресейден тапсырыс түсуде

25.09.2018
Қаралды: 132

Қазығұрт ауданында жылыжай шаруашылығы жылдан-жылға қарқынды дамуда. Бұл өңірде өткен жылдың өзінде жылыжай көлемі 29 гектарға артып, жалпы аумағы 101 гектарға жетіпті.

 

«Жердің жайын баптаған білер» деген тәмсіл тұрбаттық шаруалар үшін ұран секілді. Өйткені мұндағы қаз-қатар тізіл­ген жылыжайлар ауылдың көркін келтіріп-ақ тұрғандай.

 

Мемлекеттің қаржылай қолдауымен жұмыс ауқымын арттырғандардың бірі – «Сайдусман ата» шаруа қожалығы. Қожалық 2012-жылы жылыжай ісін қолға ал­ған. Онда көкөніс өнімдерімен қоса көшеттері де өсіріледі. Тапсырыс берсе­ңіз, 30-35 күнде қиярдың, екі айда қызанақтың көшетін алып кете барасыз. Оған ауыл, аудан, облыс, тіпті Астана базарларынан тапсырыс берушілер көптеп келеді екен.

 

Жылыжайда қазіргі таңда 40 адам жұмыспен қамтылып отыр. Оларға кәсіпкер Сайдали Тұрсынов 40-50 мың теңгеден жалақы төлейді.

 

Көшет өсірумен айналысатын «Сайдусман ата» шаруа қожалығы 2,5 гектар жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышы көшеттерін егіп, оны өңір тұрғындарына және Астана, Алматы мен Ресе­й­дің Челябі қалаларына тасымалдайды. Биыл аталған аймақтарға 1,5 миллион түп көшет жіберіпті.

 

«Сайдусман ата» шаруа қожалығы жылыжайда өнім өндірудің қыр-сырын әбден меңгерген. Мұнда алдын-ала тапсырыс берген диқандар көшеттің әр данасын 35-65 теңгеден сатып алады.

 

«Былтыр 700 мың дана  көшет өндіргенбіз. Тапсырыс өте көп. Тіпті көршілес аудандардағы жылыжай егушілер бізден тәжірибе жинақтап кетеді. Тапсырыс берушілердің көпшілігі қияр, қызанақтың түркиялық, изра­ильдік, голландиялық түрлерін сұрап жатады», – дейді Сайдали Тұрсынов.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ